19 Наурыз, 2019

Қайырымдылықтың үлкені – кәсіпке баулу

1157 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау кәсіпкерлері жетпесті жалғап жіберу, сүрінгенді демеп жіберу сынды ізгілікті істердің қасынан табылады. Ізгі ниет, қайырымды пейілдерінен жаңылмаған олар биыл мейірімге толы шаруаны тағы қолға алды. Енді кәсіпкер құрылысшылар өңірдегі әлеуметтік ахуалы мәз емес 300 отбасыны өз қамқорлықтарына алып, оларға бір жыл бойы тұрақты көмек көрсетуге бел буды. Бұл үшін арнайы «Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан» атты акцияны қолға алып, Амал мерекесі қарсаңында өз жұмыстарын Жаңаөзен қаласынан бастады.

Қайырымдылықтың үлкені – кәсіпке баулу

Өңірдегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қамқорлық таныту, қолынан іс келетін, жеке кәсібін ашуға ниетті, бірақ мүмкіндігі жоқ жандарға қолдау көрсету мақсатындағы акция аясында әр кәсіпкер бір жыл бойы 10 отбасына шама-шарқынша көмек қолын созбақ. Сөйтіп әл-ауқаты төмен отбасыларының жақсы өмір сүруіне талпынысын оятып, аяққа тұрып кеткен­ше көмектеседі. Тек бір жолғы қаржы беріп немесе азық-түлік алып беру емес, олар­дың күн­кө­рісін жақсартуға бағыт­­талған нақты шаралар ұйым­­дастыру бағытындағы кәсіп­кер­лер­дің әлеу­меттік көмек беруі түрлі ба­ғыт­та жүзеге асады. 

– Акцияның «Жақсылық жа­са, қайырымы қайтар Алла­дан» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Қайы­­рым­дылық қаны­мыз­да бар қа­си­ет болғандықтан, өңірдің кәсіп­кер­лері бірігіп, ізгі шараны қол­ға алып отырмыз. Мақсат – осы шараны басынан аяғына дейін жеткізу. Кәсіпкер ретінде тал­пын­ған, кәсіппен айналысамын деген отбасыларға көмектескіміз келеді. Батылдығы, жігері мол адамдар көп, тек істің басын қал­ай бастарын білмей жүр. «Бұ­лақ көрсең – көзін аш» дегендей, олар алғашында сәл демеп жіберуді, бағыт көрсетуді қажет етеді, – дейді жобаға атсалы­су­шы­лардың бірі, кәсіпкер Иса Бимырзаев.

Шара барысында акцияға қа­ты­су үшін мешіттен, жұмыспен қамту орталықтарынан сұрату арқы­лы тұрмыстық жағдайы, күн­көріс деңгейі төмен, тіпті ертеңгі ас-суын қалай табар­ын білмей отырған, көмекке зәру 300 отбасы іріктеліп алынды, олардың 90-ға жуығы Жаңаөзен қаласында тұрады. Бүгінде Жаңаөзен қаласындағы бірнеше отба­сына пәтер сыйға тартылып, бір­неше үйде жөндеу жұмыс­та­ры басталды. Жеке бизне­сін ашқысы келетін «Рахат» ауылы­ның тұрғыны Наурыз Алда­бергеновке кәсіпкер Самат Мұса­баев жылыжай салуға көмек­­­тесетін болды. Сондай-ақ акцияға бюджет қаржысы жұм­сал­май­ды, кәсіпкерлердің жеке қара­жатынан көмек көрсетіледі. 

Кәсіп ашу үшін жоба жаса­ға­нымен, оны жүзеге асы­ру­ға қаржысы болмаған отба­сы­лар­дың басым бөлігі мал шаруа­шы­лы­ғымен, құс өсірумен, тігін­мен айналысуға ниет білдірді. Ал акцияны қолға алған кәсіпкерлер тұрғындарға қажетті құралдарды, шаруашылық жүргізу үшін мал, құс сатып алып береді, қора мен жылыжай да салып береді. Қайырымдылық жасауда мүжәлсіз отбасыларға бір реттік көмек көрсетумен, яғни азық-түлік таратумен шектелетін ізгілік ісінің ауқы­мын ұлғайтып, нақты іске негіз­дел­ген акция «балықшыға балық берме, қармақ бер» деген ұстанымға арқа сүйейді. Акция­­ны республика деңгейінде жүзе­ге асыруды көздеп отырған ұйым­­дастырушылар алдымен Маң­ғыстау облысының барлық аудан­­дарын, шалғай ауылдарын ара­ламақ.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы