Экономика • 19 Наурыз, 2019

Көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына өңірлерге 50 млрд теңге бөлінеді

1167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Үкімет отырысында айтты.

Көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына өңірлерге 50 млрд теңге бөлінеді

«Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы үшін өңірлерге республикалық бюджеттен 32,8 млрд теңге қарастырылған. Шамамен 4,5 мың пәтердің құрылысы жоспарлануда», деді Роман Скляр.

Сонымен қатар Министр Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру үшін 2019 жылға бюджетті айқындау аясында көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңге бөлінетінін айтты.

«Жалпы аталған іс-шараға 7 жыл ішінде 350 млрд теңге қарастырылған. Бұл жыл сайын 6 мың көп балалы отбасыны пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, 7 жылда 40 мыңнан астам пәтер беріледі деген сөз. Бұл үшін бүгін 25 млрд. теңгенің құрылыс жобалар тізімі жасалды. Дайын пәтерлерді сатып алу үшін 25 млрд. теңге қарастырылған. Бұл көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешуді тездетуге ықпал етеді. Лимит сомасы өңірлердегі əкімдіктерде кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың санына негізделеді», деді ол.

Айта кетейік, республика бойынша 280 мыңға жуық әлеуметтік әлсіз отбасы кезекте тұр. Олардың ішінде 61 мың жетім, 104,2 мың толық емес және 28,1 мың көп балалы отбасы бар.

Сондай-ақ Министр «Түркістан облысында 4 832 көпбалалы отбасы кезекте тұр. Осыған байланысты өңірге пропорционалды 8,6 млрд теңге бөлінуде. Бұл қаражаттан 4,3 млрд теңге құрылысқа, қалған 4,3 млрд теңге дайын пәтер сатып алуға беріледі. Солтүстік Қазақстан облысындағы 342 отбасыға берілетін лимит 700 миллион теңгені құрайды» деп атап өтті.