19 Наурыз, 2019

«Астана Опера» Камералық залы сахнасында «Шағын театр» атты жаңа жоба ұсынылады

941 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана Опера» Камералық залы сахнасында «Piccolo Театры» немесе «Шағын театр» атты жаңа жоба ұсынылмақ. Оның шымылдығы 6 және 7 сәуір күндері Дж.Россинидің «Жібек саты» бір актілі опера-фарсының премьерасымен түріліп, Жастар жылы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтпек.

 «Астана Опера» Камералық залы сахнасында «Шағын театр» атты жаңа жоба ұсынылады

Оқиға ХVIII ғасырда өтіп, өзінің сүйіктісі Дорвильге жасырын тұрмысқа шыққан Джулияның төңірегінде өрбиді. Ол өзінің заңды күйеуіне терезеден жібек сатыны түсіріп, сол арқылы жігіт сүйіктісіне көтеріледі. Джулияның некелескенінен бейхабар оның қамқоршысы қарт Дормонт қызды Бланзакқа тұрмысқа беруге тырысады. Бірінен кейін бірі орын алған түсініспеушіліктердің мән-жайы анықталып, соңы бақытты аяқталады.

- Біз Венециядағы карнавалды көрсетеміз. Неаполь мен Венеция – бұл күлдіргі операның карнавалдық және халықтық кейіпкерлері дүниеге келген жерлер, олардың әрқайсыларының өз қалыптары, тұлғасы мен қызметі болды. Дәл осы белгілерді сценограф костюмдерді жасау кезінде пайдаланған. Кейіпкерлердің бейнесі бетперделермен толықтырылады, себебі Венеция мен карнавалды бетпердесіз елестету мүмкін емес. Бұл толыққанды бір актілі спектакль, мұнда кейіпкерлер қызықты оқиғаларға тап бола отырып, өздерінің әрекеттерімен бәрін еліктіреді. Осының барлығынан махаббат салтанат құратын қызықты оқиғалар желісі туындайды. Бұл операның міндеті – көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, алайда сахнада әзілді көрсету өте қиын, сондықтан әртістердің актерлік білім-дағдысы болуы тиіс. Күлдіргі операда солистер көрермендерге қуаныш пен шаттықты жеткізіп, әзіл-сықақты түсіне білуі керек, себебі итальян тілін білмейтін тыңдарман сахнада не болып жатқанын вокалистер арасындағы іс-қимыл, ым-ишара, қозғалыс пен қарым-қатынас арқылы түсінуі қажет, - деп түсіндірді қоюшы режиссер Алла Симонишвили (Италия).

Онымен бірге спектакль жұмысына қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, сценограф және костюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа (Италия), жобаның техникалық директоры – Виктор Караре, жоба үйлестірушісі – Маржан Жәкенова, костюмдер бойынша суретшінің ассистенттері – Жанар Момынова, Айжан Хамзина қатысып, еңбек етуде.

- «Жібек саты» операсының кейбір орындаушылық күрделілігіне қарамастан, көрермен қауыммен жеңіл қабылданады. Бұл жас әншілер үшін керемет мектеп болмақ. Әрине, «Астана Опера» театры «ауқымды репертуар» үшін жұмыс жасайды, туындылар гранд опера дәуірінен қойылады. Жаңа жобаны жүзеге асыру – керемет идея деп санаймын, себебі көлемді спектакльдер бар кезде комедияны жақсы көретін әрі басқа бір дүниені тамашалауды қалайтын көрермен үшін балама қойылымдар болуы қажет. Камералық залда актерлердің жұмысын жақынырақ көріп, тіпті қойылым барысына қатысуға да болады. Бүгінде біз виртуалды нәрсеге үйреніп кеттік, кез келген сәтте қалағанымызды ала аламыз, ал операны жазба күйінде тыңдау – «жансыз» музыканы тыңдаумен бірдей. Театр – бұл, ең алдымен, күш-қуат береді, бұл өте маңызды, - деп қорытындылады Алла Симонишвили.

Еске салар болсақ, 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланған еді, және «Piccolo Театры» жаңа жобасы жас дарындарды қолдауға бағытталған, «Астана Опера» солистері, сондай-ақ жаңадан бастап келе жатқан қазақстандық вокалистердің өздерін бар қырынан көрсете алатын шығармашылық зертханасы іспетті. «Жібек саты» операсының премьерасы жас өнерпаздардың, сондай-ақ тәжірибелі әртістердің қатысуымен өтеді. Әр күндері басты партияларды орындайтындар: Дормонт – Рамзат Балакишиев пен Руслан Совет, Джулия – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова мен «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Капонова. Лючилла – Салтанат Мұратбекова, Малика Минизини. Дорвиль – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Дамир Сәдуақасов. Джермано – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байғожин мен Азамат Жылтыркөзов, Бланзак – Евгений Чайников пен Ержан Саипов.