Аймақтар • 19 Наурыз, 2019

Көкшедегі туризмнің жаңа талаптары

875 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалиев өңірдегі туристік саланың бүгінгі жағдайы жөнінде айтып берді.

Көкшедегі туризмнің жаңа талаптары

Мемлекет басшысы ел халқына арнаған өз Жолдауында біздің бай табиғат пен мәдени әлеуетті пайдалану үшін туризмді дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өткен болатын. Туризм Ақмола облысында ерекше орынға ие. Өз кезегінде бұл өңір Қазақстан Республикасындағы туристік аумақ көшбасшыларының бестігіне кіреді.

– Облыстағы туризм саласында 700-ден артық кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы біздің өңірге дем алуға 1,1 миллион адам келді. 2018 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында осы салада қызмет көрсету көлемі 1,6 процентке өсіп, 270 мың адамға жетті. Көрсетілген қызмет көлемі 5,5 миллиард теңгені құрады. Өңірде «Бурабай», «Бұйратау» және «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері мен Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы, 900 мәдени ескерткіш орналасқан. 2017-2020 жылдары Щучинск - Бурабай курортты аймағын дамыту жоспарының ІІІ кезеңі аясында биылғы жылы Бурабай аудандық ПБ ғимаратының, кавалерия взводының нысаны мен полиция қызметкерлерінің 100 пәтерлік тұрғын үйінің құрылысы аяқталады. Визит орталығының базасында тарихи өлкетану музейі мен Ботай мәдениетінің музейі, «Жайлау» этно ауылы мен автокемпингтер ашылды. Стрит-фуд жүйесі ұйымдастырылды. «AsiaWaters» компаниясы емдік қасиеті бар «Qulager Burabay» жаңа асхана суының өнеркәсіптік өндірісін жолға қойды, - деді Марат Иғалиев.

Сондай-ақ, қызмет бағасын төмендету үшін турпакеттер сату және 50 пайыз жеңілдік беретін BurabayCity Pass электрондық жүйелері енгізілді. Курорт қонақ үйлері батыс облыстардың 12 кәсіподақ ұйымымен келісім-шарт жасап, өткен маусымда 1293 еңбеккер демалды. Бурабай кентіндегі жаңа шағын ауданның құрылысы басталысымен бас көше мен орталық алаң абаттандырылды. Бурабай көлі жағалауына екі аллея салынды. Қоқысты іріктеп жинау жобасы жүзеге асырылуда. «love Burabay» жазуы түріндегі шағын сәулеттік мүсіндер мен ақпараттық жол көрсеткіштері орнатылған. Облыстық әкімдік пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы арасындағы қол жеткізілген келісім аясында облыс аумағында халықаралық стандарттарға сәйкес, «KazWay» модульдік сервистерінің 9 павильоны орнатылған. Сервис сапасын жақсарту мақсатында сертификатталған қонақүй саны жеті есе көбейіп, 26 нысанды құрады.

«Hotel Plaza» қонақ үйі кешенінде Қазақстанда тұңғыш рет «Сервис пен туризм академиясы» ашылды. Цифрландыруды енгізу аясында туристік ақпараттық орталық Ақмола облысында туристік әлеует жөнінде үш тілдегі жаңа интернет-ресурс енгізді. «Visit Aqmola» мобильдік ұсынысы құрылды. Оған өңірдің белгілі орындарының QR-коды кіреді. Туристерді тарту мақсатында тұрақты негізде имидж қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның ішінде, өңірдің туризмін еліміз бен шетелде ақпарат құралдарында насихаттау жұмыстары қолға алынуда. Өткен жылы өңірдің туристік әлеуетін насихаттауға бағытталған 27 шара, шетелдік және қазақстандық туроператорлар, инвесторлар мен БАҚ өкілдері үшін 12 ақпараттық-жарнамалық тур өткізілді. 2018 жылдың басында Ақмола облысы 4 халықаралық және 1 республикалық көрме мен форум өткізілді. Бурабай курорты тартымдылығын қамтамасыз ету және жыл бойы бизнесті тарту мақсатында «Four seasons» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Өткен жылы туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 32 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 340 жұмыс орны ашылды.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы