20 Наурыз, 2019

Ұлт өнерін ұлықтады

990 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ұлт өнерін ұлықтады

Елбасының бүгінгі жариялаған шеші­мін тікелей эфирден тыңдап, тарихи оқиғаның куәгері болғанымызға тол­қып отырған жайым бар. Иә, біз өмірі­міздің жарқын сәттерін Нұрсұлтан Назар­­баев уығын шаншып, шаңырағын көтер­ген ортақ Қазақстанның бейбітшіл, еңбек­сүйгіш тұрғыны болып өткердік. Отаны­мыз­ды әлем танып, қазақтың мәдениетін, өнерін мойындады. Осы өткен 30 жыл ішінде ұлттық өнер дүние өрке­ниеті­не сеніммен, өзіндік бет-бейнесімен қосылды деп айтуға толық хақымыз бар. 

Елімізде өнерді қолдауға үлкен маңыз берілгеніне өзім куәмін. Біздің Алматы облысында жас таланттарды, өнерпаздарды жұмыспен қамтуға, баспаналы болуына үнемі жағдай жасалып келеді. Осының арқасында қазақ өнерін, әнін болашаққа жалғайтын жаңа буын өсіп, жетілді. Мұның бәрі еліміздегі тұрақтылықтың арқасы деп білемін. Өнер өресі жоғары тыңдарманымен, көрерменімен өседі. Ал ол үшін руханиятқа жағдай жасалуы керек. Мемлекетіміздің қалыптасу жолында кездескен қиындықтарды еңсеру кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы мәдениет саласына көңіл бөлуді ешқашан екінші орынға қойған емес. Ұлт өнерін ұлықтады. Біз, өнер қайраткерлері Елбасына осы үшін қарыздармыз. 

Бүгінгі шешім – тарихи сәт. Бұл – ел өмірінің алтын дәуіріне берілген баға. Байсалды шешімді тыңдап тұрып, кемел келешектің бейнесін көргендеймін. Ұзағынан болсын!

Әли АЛПЫСБАЕВ,

Қазақстанның мәдениет қайраткері, дирижер, композитор