Қазақстан • 21 Наурыз, 2019

«Астана Опера» Наурызды жаңа форматта атап өтті

985 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін «Астана Опера» ашық театр алаңы жаңа да жарқын көктем бояуларымен жандана түсті. Бұл жерде керемет жиһаздармен жабдықталып, мол дастархан жайылған киіз үйлерден Этноауыл жайғасты. Дегенмен, елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған негізгі мереке театр қабырғасында өтті. Керемет музыка, өткізілген ұлттық әдет-ғұрыптар мен көктемгі жаңарудың тамаша дәстүрі – бәйшешек отырғызу – осының барлығынан да ұлттық нақыш сезіліп тұрды. Көктемнің алғашқы гүлін мерекенің ең жас қатысушылары – Астана қаласының балалар үйі тәрбиеленушілерінің отырғызуы ерекше мәнді болды. Осылайша өскелең ұрпақ ғасырдан ғасырға мұра ретінде берілетін дәстүрлерге өз үлестерін қосты.

«Астана Опера» Наурызды жаңа форматта атап өтті

Думанды мейрамға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.

Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» ұлттық опера жауһарынан Шегенің шумақтары Театр алаңына айрықша көңіл-күй сыйлады. Күймеге жегілген аттармен мерекелік думанға Қыдыр ата келіп, балаларға сыйлық таратты.

Осылайша, байыппен, мереке театр ғимаратына ауысты: ұлттық стильде безендірілген Мәрмәр залы сән-салтанаты келіскен киіз үйге айналған, ішінде мерекелік дастархан жайылған. Мейрам қатысушыларына терме, салт-дәстүрлер, халық әндері, домбырашылардың өнерінен тұрған мазмұнды бағдарлама ұсынылды және тұсау кесу салт-дәстүрі көрсетілді. Оған «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино (Италия) және ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты. Сонымен бірге, министрлік басшысы сұлу аруларға көктемнің символы – бәйшешектерді сыйға тартты.

- Барлық қазақстандықтарды көктемнің жаңғыру белгісі – Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Біз, оның негізінен балаларға арналғанын қалаймыз. Еліміздің театрлары мен бүкіл мәдени мекемелері осы күні қайырымдылық концерттер өткізуде. Оған балалар үйінің тәрбиеленушілерін, жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан балалар шақырып, шығармашылық тартуларымен қоса ұлттық тағамдардан тұратын тәтті сыйлықтар сыйлауда. Біз барлығын бүлдіршіндерімізге арнаймыз, себебі – өміріміздің басты мәні соларда, - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Мерекелік думан соңында барлығы Үлкен залға шақырылды, бұл жерде ұжым «Қыз Жібек» ұлттық спектаклінен көріністі сахналады.

Наурызды жаңа форматта мерекелеу эстафетасын «Астана Опера» театрынан Қазақстанның өзге де шығармашылық ұжымдары қабыл алды.

Еске салар болсақ, Қазақстанда Наурыз мейрамын жаңа форматта тойлауды ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұсынған еді. Ведомство басшысы Наурыз форматының ерекше маңыздылығын атап өтті, яғни оның негізгі идеясы – Қазақстан халқының ұлттық сана-сезімін асқақтататын жастарды тәрбиелеу. Министр отандастарымызды ежелден мерекеге тән жалпы адамзаттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, аясы тар фольклорлық-этнографиялық шегінен шығуға және жалпы ұлттық мереке деңгейіне дейін көтеруге шақырды.