Аймақтар • 22 Наурыз, 2019

Павлодарлық жұмысшылар Елбасыны қолдайтындарын айтты

886 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жүздеген павлодарлық Елбасының жолын жалғастыруға бел буып отырғанын білдірді. Өнеркәсіптік өңірдің барлық кәсіпорындарының жұмысшылары Тұңғыш Президентке үндеу жолдады.

Павлодарлық жұмысшылар Елбасыны қолдайтындарын айтты

Металлургтар мен шахтерлар, энергетиктер мен машинажасаушылар бір ауыздан «Біз Ұлт лидерінің игі бастамаларын жалғастырамыз» деді. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ вице-президенті Бауыржан Смайылов Тұңғыш Президенттің лауазымынан кететіні жайлы хабарды естігенде ауыр күрсінгенін айтты. «Нұрсұлтан Назарбаев та біз секілді металлург. Ол біздің жұмысымыздың қаншалықты ауыр екенін жақсы біледі әрі үнемі жұмысшы атаулыны қолдап келді. Елбасы біздің зауыттың ашылуына қатысты, біздің оған деген құрметіміз шексіз. Лауазымынан кетерде ол еліміз тұрғындарынан Қазақстанды одан әрі жақсартуды сұрады. Біз бұған әзірміз. Еңбегімізбен, отансүйгіштігімізбен Елбасының тапсырмасын міндетті түрде орындаймыз», - дейді Бауыржан Смайылов.

Жастар да қарап қалған жоқ. Солардың белсенділігімен Павлодар алаңында алып «Елбасы» жазуы пайда болды. Жүздеген жас жұмысшылар бүкіл қазақстандықтарға туысындай болған сөзді құрады. «Елбасы қашанда Қазақстан жастарын қолдап келді, олардың аса маңызды әрі жауапты жобаларды іске асыруына сенім білдірді. Біз оған алғыс айтамыз. Ол болашақ жастар қолында екенін жақсы түсінеді, сондықтан елде жастардың дамуына барынша жағдай жасап келді. Бүгінде әрбіріміз кәсіпкерлікпен, қоғамдық жұмыстармен, спортпен айналыса аламыз», - дейді Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Төлеген Айтбаев.

Елбасын қолдаған флешмобтан кейін Павлодар жастары тағы бір акцияны ойластырды. Кеше мәслихат шешімімен қала көшелерінің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген болатын. Жігіт-қыздар коммуналдық қызметтерге Тұңғыш Президенттің есімі жазылған тақталарды үйлерге іліп шығуына көмектесуге бел буған.