Аймақтар • 23 Наурыз, 2019

Қостанайдағы «Бастаңғы»  көп мәселе көтерді

1439 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театры Наурыз күндері қостанайлықтар мен қала қонақтарын «Бастаңғыға» шақырды. Екі күн бойы театр залы толған көрермен «Бастаңғының» қызығына батты.

Қостанайдағы «Бастаңғы»  көп мәселе көтерді

Бірақ бұл қойылым көрермендерге мағынасыз, жыртаң күлкі болған жоқ, «әзілдің түбі – зіл» дегендей, сахнада айтылған әзіл-қалжыңның, сюжеттің астарында бүгінгі күннің әлеуметтік мәселесі де жатыр еді. Сценарий авторы Абылай Маудан мен режиссерлер Әлия Баймахан, Дос Құдаш жеңіл қалжыңдай отырып, бас кейіпкер Наурызбай секілді қырыққа дейін үйленбей жүріп алатын бозбалалардың, үйінде отырып қартаятын кәрі қыздардың мәселесін көтереді. Сахналық қойылым отбасылық құндылықтардың құлдырап бара жатқандығын, сонымен қатар халқымызбен туа бітті жасасып келе жатқан кейбір дәстүрлеріміздің де бояуы көмескіленгенін көтереді. Отбасы институтында жеңгелер ролінің маңызы бәсеңдегеніне де қазақтың бойы үйренгелі қашан?

«Бастаңғыда» отырып қанша күлсем, сонша ойға қалдым. Расында, қазір үйленбейтін, сол жүрісін ұят санамайтын, уайым етпейтін азаматтар жетерлік. Некеге тұрмай, некесін қидырмай азаматтық некемен тұра беретіндер қаншама? Қыздарымыздың қалып қоятыны да азаматтардың осылай арзандауынан ғой, оған қалай қарсы тұруға болады? – дейді көрермен Гүлсім Садақбаева.

Қостанай театрында «Бастаңғы» осымен үшінші жыл қойылып келеді. Алғашқы жылдары мұны тек жастар ғана ұйымдастырып еді. Биыл театрдың Шахарбану Есенғұлова, Қонысбек Бегайдаров секілді аға буын актерлері де қатысыпты. Сүрбойдақ Наурызбайдың ролін Жұматай Ахметхан, жеңгесінің ролін Зәмзәгүл Бегайдарова алып шықты.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай