Аймақтар • 23 Наурыз, 2019

Меморгандардың жаңа кәсіпорындар құруына мораторий жарияланады

946 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда шенеуніктерге өз мекемелері жанынан кәсіпорындар, ұйымдар, орталықтар құруға қатаң 2020 жылға дейін күшіне енбек. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова өткен аптада  бұл шара бизнесті қолдау мақсатында жасалып жатқанын айтты.

Меморгандардың жаңа кәсіпорындар құруына мораторий жарияланады

Білім және ғылым министрлігіне мектептер мен мемқызметшілерге арналған балабақшалар, денсаулық сақтау министрлігіне – аурухана, емхана, ғылыми-зерттеу орталықтары және басқа да объектілер ашуына рұқсат етіліп, оларға қосымша жеңілдіктер қарастырылады. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, яғни мысалға, министрліктер жанындағы кәсіпорындар, орталықтар, институттардың әкімшілік шығындары да қайта қарауға ұшырайтыны да сол жиында белгілі болды.  

Айгүл Шайымова ведомстволық ұйымдарды оңтайландыру жүретінін,   әлеуметтік сипаты жоқ жаңа кәсіпорындар құруға мораторий жарияланатынын қадап тұрып хабарлады,

Науқан аясында сондай-ақ мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының ақпараттық жүйелерінің саны да азайтылып, олар бір-біріне кіріктірілмек. Мысалы,  қазір жалғыз денсаулық сақтау министрлігінің қоластында әртүрлі платформаларда құрылған 21 ақпараттық жүйе бар екен.   Сарапшылар басшылықта ауыс-түйіс болған сайын, жаңа келетін бастықтар өз жандарына жақын тұғырнамаларына басымдық беретінін көптеп айтып жүр, Нәтижесінде  бірі беретін анықтаманы екіншісі қайталай ұсынады.  

Мораторий жақын арада үкіметтің қаулысы түрінде рәсімделеді деп күтілуде. Құжаттың жобасы мүдделі ведомстволар арасында кесімінен өткен екен. Айтқандай, қаулы жобасы үкімет басында Бақытжан Сағынтаев тұрғанда дайындалған.

Меморгандар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында ұлттық экономика министрлігі 2019 жылы барлық министрліктер мен меммекемелердің бағынысты ұйымдарын түгендеп, олардың жұмысына кең ауқымды функционалдық талдау жүргізуді аяқтамақ. Бірін-бірі қайталайтын, басы артық барлық функциялар әшкереленуге тиіс.

Мемлекеттік мүлікті есепке алу саласында бірыңғай оператор болып табылатын «Ақпараттық-есептеу орталығы» акционерлік қоғамының дерегінше, мемлекеттің бизнеске араласу үлесі қарқынды азайып келеді. Бұл орталық 100 пайыз мемлекеттің меншігінде.  Экономикадағы мемлекеттің үлесі 2015 жылдың қорытындысы бойынша 19,1%-ды құраған. 2016 жылы бұл көрсеткіш – 18,6%, ал 2017 жыл қорытындысында – 17,3% болды.

1990 -  2010 жылға дейінгі аралықта мемлекетке қарасты 43 мың нысан – зауыт-фабрика, ұйымдар, инфрақұрылым нысандары және басқалары жекенің қолына беріліп, одан 360 миллиард теңгеден астам қаржы түсіпті. Мемлекетке тиесілі 35 мың мүліктік кешендер мен жылжымайтын мүлік объектілері сатылған. Жеке секторға шамамен 3 мыңдай мемлекеттік қызмет тапсырылған. Бір жарым мыңдай өнеркәсіптік объект, 2,5 мың ауыл шаруашылығы нысандары, 750 көлік саласындағы кәсіпорын, коммуналдық шаруашылықтың 350 ұйымы бизнеске берілген.

Енді қазіргі екінші толқындағы жекешелендіруден үміт етіліп отыр. 2014 жылдан бері 740 мемлекеттік мүлік, соның ішінде мемлекеттік кәсіпорындар да бәсекелестік ортаға берілген. Одан бюджетке 540 миллиард теңге түсіпті. Жекешелендіру негізінен биыл аяқталады.

Шенеуніктер өз ведомстволары жанынан қайтадан кәсіпорындарды самсатып құрып алмауы үшін үкімет мораторий жариялауға баруға мәжбүр болып отырғаны белгілі. Мемлекеттік мүлік тізілімінің деректері, 2019 жылдың 1 қаңтарындағы ресми статистика мәліметтері бойынша Қазақстанда  23 мың 34 мемлекеттік заңды тұлға бар. Оның ішінде 2 832-сі мемлекеттік мекеме, 6 500-і – мемлекеттік орган, 8 807-сі – мемлекеттік емес ұйым, 3 624-і – жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын, 1 263-сі – шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын, 8-і – еншілес мемлекеттік кәсіпорын, 1 917-сі – мемлекеттік заңдық тұлғалардың өкілдіктері мен филиалдары саналады.

Гүлбаршын САБАЕВА,

 «Еqemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ