«Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес» деді Назарбаев сейсенбі күні халыққа Үндеуінде. Н.Назарбаев 2020 жылғы сайлауға дейін Президенттік өкілеттіктің Сенат төрағасы қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелетінін мәлімдеді. Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңестің Төрағасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы және Конституциялық кеңестің мүшесі лауазымында қала беретінін айтты. «Өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді», деді Н.Назарбаев» дейді Bloomberg.
Бұдан кейін Bloomberg сайты бірқатар сарапшылардың елдегі биліктің ауысуы туралы пікірін келтірген.
«Тоқаев қазіргі ел тізгінін ұстағандар арасындағы ықпалды тұлға, сондықтан билікте қалуы мүмкін», дейді Орталық Азия жөніндегі сарапшы Даниил Кислов. Ол осы оқиғаны 1999 жылы Ресейдегі биліктің ауысуын, яғни Борис Ельцинді Путиннің алмастыруымен салыстырып, «ешқандай дағдарыс болмайды» деп есептейді.
«Президенттің қызметінен бас тартуы жаңа кезеңнің келгенін көрсетеді. Назарбаев әлі де саяси, экономикалық ықпалын сақтап, шешім қабылдауға әсер ете бермек», дейді Prism компаниясының саяси риск-менеджмент жөніндегі сарапшы Кейт Маллинсон.
Ал Standard Life Investment Ltd қорының қазақстандық еурооблигацияны басқарушы Киран Кертис «Н.Назарбаев мұны әлдеқашан жоспарлап қойғаны белгілі. Бірақ күтпеген жерден мәлімдеме жасады», деп есептейді.
«Назарбаев әрдайым Орталық Азия көшбасшыларынан шоқтығы биік тұрған-ды. Елдегі мұнай қорының арқасында ол халықаралық аренада Қазақстан атын таныта білді. Назарбаев сауда-экономикалық байланысы бар елдермен жақсы қарым-қатынас сақтап қалды. Әрі ақсақал мемлекеттік қайраткер ретінде құрметке лайық», деп түйінделген Bloomberg-тегі мақала.