Аймақтар • 25 Наурыз, 2019

Атырауда «Елордамыз – Нұр-Сұлтан» атты мерекелік концерт өтті

843 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қазақстан астанасына жаңа ат берілуін қолдауға ниет білдірген үш мыңға жуық адам жиналды, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырауда «Елордамыз – Нұр-Сұлтан» атты мерекелік концерт өтті

«Елордамыз – Нұр-Сұлтан» мерекелік  концертінде жұртшылық  Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мемлекет құрудағы рөлі туралы пікірлерін білдірді. 

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тарихи еңбегінің арқасында бүгінгі Қазақстан әлем таныған,  қарқынды дамып келе жатқан ірі экономикалық, өнеркәсіптік, ғылыми,  мәдени әлеуеті, жаңа инновациялық технологиялары бар мемлекетке айналды.

«Ұлт көшбасшысы Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде беделді мемлекет қайраткері ретінде тарихқа енді»-дейді мерекелік концертке қатысқандар.

- Халық тарихи маңызы бар бұл оқиғаға оң көзқарас білдіруде. Астана атын Елбасы құрметіне ауыстыру – тарихи әділеттілік. Нұрсұлтан Әбішұлы өз абыройы арқылы Ұлы Дала елін ә лемдегі табысты дамып келе жатқан мемлекеттер қатарына қосты. Оның саяси, әлеуметтік-экономикалық салаларда атқарған қызметі мен жетістіктері халықтың болашағына арналды»-деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев.

Атыраулық жастар тәуелсіз еліміздің астанасын Нұр-Сұлтан деп атау туралы идеяны қуаттайды. Бірлік пен келісімнің символына айналған Қазақстан астанасы Елбасы есімімен тығыз байланысты.

– Елімізде болып жатқан тарихи оқиғалар жастарды сырт айналып өтпейді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімі астанаға берілуге әбден лайықты. Мемлекетіміздің барлық табыстары Тұңғыш Президенттің есімімен байланысты. Оның бастамасымен әлем картасында Қазақстанның  жаңа астанасы пайда болды. Елордаға Нұр-Сұлтан есімінің берілуі – халықтың махаббаты мен алғысы, - дейді Каспий өңірі қазіргі заманғы колледжінің 3 курс студенті Айнұр Зинетуллина.

Бақытгүл БАБАШ,

«Egemen Qazaqstan»

Атырау