Аймақтар • 25 Наурыз, 2019

Nur-Sultan – жаңа дәуір символы

1123 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы» Жарлығын Қарағанды облысының жұртшылығы зор құрмет, ыстық ықыласпен қабыл алды. Мұның басты себебінің бірі – қарағандылықтар Тұңғыш Президенттің Теміртауда еңбекпен шыңдалып, қазыналы Қарағандыда қайраткер тұлға болып қалыптасқанын орынды мақтан етеді. 

Nur-Sultan – жаңа дәуір символы

Елбасының өзі де Қарағанды топырағын «Еңбек Отаным» деп үлкен тебіреніспен, айрықша құрметпен атайтыны белгілі. Сондықтан да болар, жаңа атауды қолдау жөніндегі жалпыхалықтық сипатқа ие болған акция барысында қарағандылықтардың белсенділігі өте жоғары деңгейде деп айтуға болады.

Кеше кеншілер қаласындағы орталық саябақта Астана қаласының Нұр-Сұлтан болып қайта аталуын қолдауға арналған концерт ұйымдастырылды. Мәдени шарада ел эстрадасының танымал өкілдері мен жергілікті әншілер саябаққа жиылған жұртшылық алдында өнер көрсетті.

Сонымен қатар, Елбасы өзінің еңбек жолын бастап, шарболаттай шыңдалып шыққан бұрынғы Қарағанды металлургиялық комбинатында, қазіргі «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында да аталған өзгерістерді қолдаған арнайы акция ұйымдастырылды.

Жалпы, Астана қаласының Нұр-Сұлтан қаласы болып қайта аталуын алғашқылардың бірі болып Қарағанды облысының спортшылары қолдаған болатын. Олар акция барысында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің елге сіңірген еңбегі зор. Біз, Қарағанды облысының спортшылары Елбасымызға Қазақстан спортына көрсеткен қолдауы, мемлекетімізді нығайту жолындағы еңбегі үшін алғыс айтамыз. Астанамызды Тұңғыш Президент құрметіне атау құптарлық шешім, бұған Елбасымыздың еңбегі сіңді. Қазақстан спортшыларының есімі тарихқа алтын әріптермен жазылды. Егер Нұрсұлтан Әбішұлы қолдау көрсетпегенде, біз мұндай жеңістерге жетпес едік», деген үндеу таратқан болатын.

Бұдан бөлек, өңірдің ұстаздар қауымы мен денсаулық саласының қызметкерлері де өз пікірлерін білдіріп, игі өзгерістерді шын ниетпен қолдайтындықтарын жеткізді. Мұндай бастамаға облыстың қалалары мен аудандарындағы түрлі саланың өкілдері де қызу қолдау білдіріп, үн қосты.

Мұндай игі шарадан аймақтың жастары да шет қалмады. Мысалы, облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері Тұңғыш Президент білім алған Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің алдында «Елбасы, рахмет» флешмобын ұйымдастырды. Студент жастар сап түзу арқылы«Елбасы» деген жазуды құрап, барлығы бірауыздан «Рахмет!» деп ұрандатты.

«Nur-sultan – жаңа дәуір символы болуға әбден лайық қала», дейді болашаққа үмітпен қараған Қарағанды халқы – Елбасының Еңбек Отанының тұрғындары.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ