Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

Қазақстанның жаңа тарихын жазды

1145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2019 жылдың 19 наурызында Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев еліміз үшін аса маңызды мәлімдеме жаса­ды. 

Қазақстанның жаңа тарихын жазды

Ол өзінің Президенттік өкі­­­лет­тілігін тоқтату туралы ше­шім қабылдағанын жария­лады. Нұрсұлтан Әбішұлы, соны­мен қатар осы жылдар ішін­де елі­міздің дамуы, оның әлем­дік аре­наға танылуы үшін қолы­нан кел­генінің бәрін жаса­ға­нын, со­ның нәтижесінде меме­лекеті­­міз әлем­дік қауым­дас­тыққа таны­­лып, эко­номикалық, әлеуметтік-саяси, құқықтық тұр­ғыдан бел­гілі даму дең­гейіне жеткендігін де мәлім­деді. Сондай-ақ білім беру, спорт, мәдениет сала­ларын­да айтарлықтай жетістікке жет­кені еліміздің егемендігі­­нің, тәуелсіздігінің жемісі еке­нін, ендеше болашақта да тәуелсіз­дік туын биік ұстау қажетті­гін ескертті. Ол өзінің Қазақ­стан хал­­қын, қазақ ұлтын шын ниетпен құрметтейтінін, зор сүйіс­пеншілікпен қарай­тынын айта келіп, барша қазақ­стан­дықтарға алғысын білдірді. 

Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев туралы ел ішінде, халықаралық деңгейде әртүрлі пікірлер біл­дірілуде. Алайда бір нәрсе анық, ол тек республикамызға, ірге­лес жатқан мемлекеттерге ғана бел­гілі емес, әлемге таны­­мал тұл­ға. Елімізді басқарған 30 жыл­­дай уақыт ішінде біздің айтар­лықтай жетістіктеріміз Мем­лекет басшысы ретінде Н.Назар­баевтың есімімен тіке­лей байланысты. Өйткені пре­зи­денттік басқарудағы респуб­лика болғандықтан бар­л­ық экономикалық, сая­си-әлеу­меттік мәнді істер Прези­денттің ше­шімімен, ұйғары­мы­­мен жү­зеге асырылады. Пре­­зи­дент мемлекетіміздің бар­­лық салалар бойынша ең басты жетекші және жауапты тұлғасы. Сол себепті де қа­лың жұртшылық еліміздегі игі істер­ді де, келеңсіздіктерді де оның есімімен байланыстырып қарайды, бұл қисынсыз да емес. Еліміз барлық саладағы же­тіс­тіктеріне тұрақтылықтың, тұтас­тықтың, ауызбіршіліктің, бірегей­ліктің, бірліктің нәтиже­сінде қол жеткізді. Бұл тұрғы­дан алғанда Нұрсұлтан Назар­баев­тың еңбегі аса зор екенін жоққа шығаруға болмайды. 

Н.Назарбаев Қазақстан хал­қы­на, зиялы қауымына сый­лас­­­тықпен, үлкен сенім­мен қ­арай­­­тындығына, болашақ­та Пре­зи­денттік үлкен лауа­зым­­­­ға келетін адамның жетіс­тік­­терімізді әрі қарай жал­ғас­­ты­ру­ға қызмет ететініне се­нім біл­дірді. Биылғы жылды Жас­тар жылы деп жариялаған ол бола­шақ жастардікі екеніне, алдағы уақытта билік басына, әлеу­меттік-экономикалық сала­­лардың тұтқасын ұстауға сол жас­тардың келетінін ескере отырып, оларға зор табыстар тіле­ді. Өзінің алдағы уақытта да халық­пен бірге болатынын, Қауіпсіздік Кеңесінің және «Нұр Отан» партиясының Төрағасы ретінде мемлекетіміздің саяси өмірінен тыс қалмайтынын мәлімдеді. Ойымызды қорыта айтсақ, Нұрсұлтан Назарбаев билігі тұсында еліміздің жеткен жетістігін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Сондай-ақ оның осы жылдар ішінде әлемге танымал тұлға болғаны және Қазақ­станның жаңа тарихында өзіндік орны бар екені талқыға түспейтіні ақиқат.

Алтай ТАЙЖАНОВ, 

философия ғылымдарының докторы, профессор, Марат Оспанов атын­дағы Батыс Қазақстан Меди­цина университетінің «Қоғам­дық-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі

Соңғы жаңалықтар