Аймақтар • 26 Наурыз, 2019

Өңірдің өндірістік әлеуеті қандай?

803 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген вице-премьер Жеңіс Қасымбек өңірде «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асуын тексеріп, кәсіпкерлермен жүздесті.

Өңірдің өндірістік әлеуеті қандай?

Еліміздегі тұрғын үй құрылысын үйлестіретін «Нұрлы жер» және инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы жол» бағдарламалары – бір-бірімен тығыз байланысты мемлекеттік бағыттардың бірі. Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының басшысы А.Қайсағалиевтің айтуынша, 2019 жылы өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көп қабатты 20 үйдің құрылысы жүзеге асып, 2704 пәтер тапсырылмақ. Бұдан бөлек ауыл-селоларда 439 пәтерді құрайтын 70 үй салынады. «Біз биыл жалпы көлемі 450 мың шаршыметр тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз» дейді Алтынбек Қайсағалиев.

Аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытында елімізде жалға берілетін үйлер нарығы да дамып келеді. Батыс Қазақстан облысында осындай топтар үшін 833 пәтер құрылысы жүруде. Ол үшін Орал қаласында көпқабатты 2 үй, Ақсайда 1 үй, ал басқа аудандарда 50 үй салынуда. Бұған қоса Орал қаласында көп балалы отбасыларға арналған тағы екі биік үй құрылысы басталады.

Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарға 1881 жер телімі берілетіні хабарланды.

Вице-премьер Орал қаласында қолға алынғалы отырған айтулы құрылыс – 700 га жерге жайғасқан жаңа «Ақжайық» шағынауданының жоспарымен де танысты.

Өңірдегі автомобиль жолдары және жолаушы тасымалы басқармасының басшысы М.Шақаев 2019 жылы облыста «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 155 шақырым республикалық маңызы бар жолдар жөнделетінін айтады. Жергілікті халық әсіресе «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы», «Өнеге-Бисен-Сайхын» автожолына жасалатын күрделі жөндеуді асыға күтеді. Батыс Қазақстан облысының ең алыс Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарын Орал қаласымен жалғайтын бұл жолдың құрылысы Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған болатын.

- 2019 жылғы жұмыстардың нәтижесінде өңірдің облыстық және аудандық дәрежедегі жолдары 30%-ға жақсарады деп жоспарлап отырмыз, - дейді М.Шақаев.

Жеңіс Қасымбек мемлекеттік бағдарламалардың өңірде жүзеге асырылуына оң баға берді. «Қазақстанның батыс қақпасы» атанған облыстың стратегиялық мүмкіндігін тиімді пайдалануды тапсырды.

Сапар барысында өңірдің аграрлық және өндірістік кәсіпорындарын аралап көрген вице-премьер кәсіпкерлерге Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылған тапсырмаларды еске салып, «халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарға көмектесу қажеттігін» айтты.

- Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін көтеріп қана қоймайды, ішкі нарықты жергілікті тауарлармен толтыруға сеп болады. Бұл бағдарлама жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған, сондықтан халық тұтынатын тауарлар өндірісін өркендетіп, нарықты сапасыз импорттан қорғау қажет» деді Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы Алтай Көлгінов мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жергілікті өңдеуші кәсіпорындар жедел дамып келе жатқанын айтады. Осылайша жаңа жұмыс орындары көбейген. Инвестициялық ахуал жақсы. Өнім өндіру көлемі артып, оралдық кәсіпорындар ішкі және сыртқы нарықта нық тұр.

Кездесу барысында Жеңіс Қасымбек кәсіпкерлердің жекелеген сауалдарына жауап берді. Ал сараптаманы қажет ететін күрделі мәселелерге қатысты сұрақтарға тиісті орындар аз уақыт ішінде толыққанды мәлімет беретін болды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Суретті түсірген Александр Куприенко

Батыс Қазақстан