26 Наурыз, 2019

Бір жылда өнеркәсіп өсімі 4,1% құрады: Үкіметте ИИДМБ іске асыру барысы қаралды

621 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Индустриалдық-инновациялық дамуының 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды.

Бір жылда өнеркәсіп өсімі 4,1% құрады: Үкіметте ИИДМБ іске асыру барысы қаралды

Индустрияландырудың екінші бесжылдығын іске асыру барысы туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр баяндады. ИИДМ мәліметтерінше, жоба іске асырылған 4 жылда (2015 жылдан - 2018 жылға дейін) жалпы сомасы шамамен 4,9 трлн теңге болатын 480 жоба іске қосылып, 44 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

Есепті кезеңде бағдарламаның барлық мақсатты индикаторлары бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді.

«Есепті кезеңде жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 10,1%-тен 11,6%-ке дейін, саладағы жұмыспен қамтылғандар үлесі 6,6%-тен 6,9%-ке дейін өсті. 2018 жылғы қорытынды бойынша өнеркәсіп 4,1%-ке өсті. Бұл өңдеу өнеркәсібінің 4%-ке қарқынды өсуі есебінен іске асырылып отыр», — деді министр Р. Скляр.

Өсімнің негізгі драйверлері машина жасау (+14,1%), химиялық өнеркәсіп (+8,1%), мұнай өңдеу (+8,8%), жеңіл өнеркәсіп (+4,4%) және металлургия (+2,2%) салалары болды.

2018 жылы Индустрияландыру картасының аясында жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуықтайтын 102 жоба іске қосылып, 13,3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды.

Р. Скляр сонымен қатар басшылық ететін салалардағы кәсіпорындарда өндіріс көлемін ұлғайту және жұмыс орындарын сақтау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

«Биыл біз өңдеу өнеркәсібінің өсімін 104%-ке жеткізуіміз керек. Жалпы сомасы 1,1 трлн. теңге болатын 120-ға жуық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Онда 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылады», — деді Р. Скляр.

Металлургия саласында жыл соңына дейін Қарағанды облысында ферросилиция өндіретін зауыт, Алматы қаласында болат спиральды құбыр өндіретін зауыт іске қосылады.

Машина жасауда автокөлік құралдары өндірісін 32 мың бірліктен 60 мың бірлікке дейін арттыру жоспарланған.

Өнеркәсіптік кооперация аясында Hyundai маркалы жеңіл автокөлік өндіретін зауыт құрылысы басталады, «КАМАЗ» көпшілік акционерлік қоғамымен бірлескен өнеркәсіп құрылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының компоненттерін өндіретін технологияларды беретін «Кировец» зауытымен ынтымақтастық орнатылған.

«Қарапайым заттар экономикасының» саласын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына бөлінген 600 млрд. теңге жаңа серпін беруі тиіс, оның 400 млрд теңгесі өнеркәсіптік тауарлар өндірісі мен жекелеген қызмет түрлерін дамытуға бағытталады. Бұл күнделікті қолданылатын 250-ге жуық өнеркәсіптік тауар өндірісін іске қосуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 16 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру, бюджетке түсетін салықты 1,1 трлн теңгеге дейін өсіру, «қарапайым заттар экономикасы» өнімінің импорттың үлесін 59%-тен 37%-ке дейін төмендету мүмкін болады.

Биыл жеңіл өнеркәсіптегі ірі жобалар жаңғыртылады және ауқымы кеңейтілетін болады. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы базасында құрылған жобалық кеңсе бағдарлама аясында қолдау білдіру үшін бизнеске көмек көрсетуге және ақпараттандыруға мүмкіндік береді.

Биыл экспортты ілгерілетуге бөлінген 500 млрд теңге игеріле бастады (2019 жылғы – 187 млрд теңге көзделген). Қаражат жеңілдікпен қаржыландыруға, сақтандыру көлемін ұлғайтуға және экспорттаушылардың көлік шығындарын өтеуге, көрмелер, маркетинг, сату нарықтарына кешенді талдау және сертификаттау шығындарын өтеу үшін кең қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Биыл жыл соңына дейін индустрияландырудың үшінші бесжылдығының Тұжырымдамасы негізінде Мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы әзірленеді. Салалық басмыдықтардан өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларында тиімді өндірушілерді қолдауға көшу іске асырылады. Нақты көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша бизнес міндеттемелерінің орнына тікелей қолдау көрсетіледі (жаңғырту, экспорт өсімі және т.б.). Сонымен қатар, кәсіпорындарды жаңғырту мен технологиялық дамытуға бағытталған қолданыстағы құралдар жетілдіріледі және жаңа құралдар әзірленеді. Жалпы, индустриялық саясат сабақтастықты сақтайды, өңдеу өнеркәсібінің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттігін ынталандырады.

Р. Скляр мұнай-газ саласы үшін жабдықтар мен техника өндірісі машина жасау драйверлерінің бірі бола алатынын атап өтті, себебі, Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз сияқты іріжобаларды іске асыру мұнай-газ жабдықтарына деген сұранысты арттырады. Бүгінде машина жасау секторының үлесі 5% құрайды.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, өз кезегінде, мұнай-газ саласы үшін машина жасауды дамыту туралы баяндады. 2018 жылы мұнай газ саласында жергілікті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу 2,6 трлн тг сомасында 43,3% құрады, жалпы көлемі — 6 трлн тг. Жергілікті тауарларды сатып алу үлесі — 27%. Сонымен қатар, отандық тауарларды өндіру үлесін ұлғайту мақсатында операторлармен тауарларды сатып алуға талдау жүргізу, ҚР әрекет етуші өндірістеріне талдау жасау, ірі мұнай-газ жобаларында жергілікті қамтуды дамыту бойынша жұмыс тобын құру, сондай-ақ, импортты алмастыратын тауарлар тізімін қалыптастыру ұсынылады.

Ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласын дамыту туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады. Оның айтуынша, отандық ауыл шаруашылығы техникасын дамытудың жоғары әлеуеті бар. Көлемдері жылдан жылға өсуде. Отандық машина жасаушыларды қолдау мақсатында бүгінгі таңда отандық техниканы сатып алушыларға тауар сомасының 25% көлемінде мемлекеттен инвестициялық субсидиялар берілуде. Жергілікті әкімдіктерде де жергілікті бюджеттерден 10% инвестициялық субсидиялар беру мүмкіндігі бар. Бұндай жағдайда инвестициялық субсидиялар көлемі 35% құрайды. Бұдан өзге, лизингке алынатын отандық техниканың лизингтің мөлшерлемесі субсидияланады.

Өңірдерде өнеркәсіп саласын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Қостанай және Павлодар облыстарының әкімдері баяндады.

Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек жыл соңына дейін индустрияландыру бағдарламасының барлық индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізілетінін атап өтті. Бұған Елбасының «қарапайым заттар экономикасы» және экспорттаушыларды қолдау бағдарламасы секілді бастамалары ықпал етеді. Жыл қорытындысы бойынша, өңдеу өнеркәсібі кем дегенде 4% өсім беруі тиіс. Биылға басты міндеттердің бірі — индустрияландырудың үшінші бесжылдығын дайындау, оның басты бағыты — еңбек өнімділігінің өсімі арқыллы өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ұлғайту, экспорттаушыларды қолдау, қазақстандық тауарларды сыртқы нарықтарға шығару.