Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

​Лондонда Наурыз мерекесі аталып өтті

599 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ мәдениеті мен өнерінің алуан түрлілігі Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен Лондонның университеттік колледжінде «Central Asian Spring Festival» (CASF, «Орталық Азия көктем фестивалі») студенттік қауымдастығы ұйымдастырған Наурыз мерекесінде көрсетілді. Шараға Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан өкілдері қатысты. Мерекелік шараға британ астанасының мыңдаған тұрғыны мен қонақтары қатысты.

​Лондонда Наурыз мерекесі аталып өтті

Қонақтар алдында сөз сөйлеген ҚР Елшісі Ерлан Ыдырысов Наурыз мерекесінің жаңару мен жаңа өмірдің символы ретіндегі ерекшелігін, сондай-ақ фестивальдің халықтар мен мәдениеттердің бірігу тұрғысындағы маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ол мұндай іс-шаралар Қазақстан-Британ қарым-қатынастарын дамытуға, сондай-ақ қазақ мәдениетін Ұлыбританияда танымал етуге қомақты үлес қосатынын атап өтті.

Мереке қонақтары үшін ұйымдастырылған концерт аясында Атыраудан Лондонға арнайы келген «Мұрагер» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Ансамбль Ұлы даланың фольклорлық әуендерін – «Қаражорға» халық күйін, «Әридай» халық әнін, Қ.Жұмағалидің «Көктем сазы», С.Тұрысбектің «Ақ жауын» және т.б. туындыларды орындады.

Концертте Ұлыбританияның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер де өнер көрсетті. «Қос Арна» атты этнофольклорлық дуэті ерекше көзге түсті. Дуэт мүшелері – мультиқұралшылар Аида мен Азамат Жаханбековтер қобыз, жетіген, домбыра, сыбызғы және шаңқобыз ұлттық аспаптарда ойнап, А.Құнанбаевтың «Айттым сәлем, Қаламқас», Н.Тілендиевтің «Аққу» атты шығармаларын, сондай-ақ «Шаттық сазы» атты өзінің авторлық туындысын орындады. Аида қазіргі уақытта Шеффилд университетінде оқиды, ал оның інісі Азамат – К.Ж.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының оқушысы.

Концерттен басқа қонақтар назарына Атырау облысының Тарихи-өлкетану мұражайы әкелген тарихи экспонаттар мен қазақстандық қолөнершілердің жұмыстары ұсынылды. Музейдің 50-ге жуық экспонаты – зергерлік бұйымдар, ұлттық киім және тұрмыстық заттар – фестивальдің нағыз көркі болды. Сонымен қатар мерекеде қазақстандық сән дизайнерлердің жұмыстары ұсынылды. Ал стендтегі кітап өнімдер Қазақстанға, оның тарихына, мәдениетіне және туристік мүмкіндіктеріне арналды.

Фестивальдің басты назар аударарлық орындарының бірі ұлттық тұрмыс заттары мен дәстүрлі музыкалық аспаптармен безендірілген қазақ киіз үйі болды. Қонақтар дала қазақтардың үйіне қонаққа келіп, көшпенділердің аты аңызға айналған баспанасында суретке түсуге мүмкіндікке ие болды.

Наурыз мейрамының шарықтау шегі қазақтың «тұсау кесер» салты болды. Қазақ дәстүрі бойынша мұндай жауапты іс отбасындағы ең құрметті адамға – сол адамның қадамын бассын деп тапсырылады. Баланың ата-анасының сұрауымен ҚР Елшісі Ерлан Ыдырысов қонақтардың алдында бүлдіршіннің тұсауын кесіп, онымен бірге төселген ақ жол үстімен бірнеше символдық қадам жасады.