26 Наурыз, 2019

Үкімет пен Ұлттық Банк интернет-займдар бойынша маржаны шектеуді жоспарлайды

722 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Жанат Құрманов 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы Келісімге қол қойылған соң Ұлттық Банкке қандай функциялар жүктелетіні туралы айтып берді.  

Үкімет пен Ұлттық Банк интернет-займдар бойынша маржаны шектеуді жоспарлайды

ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж. Құрманов хабарлағандай, Ұлттық Банк қазақстандық қор биржасында валютаға сұраныс пен ұсыныстың негізінде қалыптасатын еркін айырбас бағамы режимін іске асыруды ұстанатын болады.

«Бұл тұста банктер мен олардың клиенттері тарапынан валютаға сұраныс ұсынысының ашықтығын қамтамасыз ету маңызды, нарық болжамды болуы үшін Ұлттық қор, Ұлттық қордың қаражаты валюта нарығында қалай айырбасталатыны, квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары валюта нарығына қалай шығатыны туралы ақпаратты ашу үшін мемлекеттің белгілі бір шараларды қабылдағаны маңызды», — деді ол.

Ж. Құрманов Ұлттық Банк тарапынан теңге бағамының белгілі бір болжамы болмайтынын атап айтты. Сөз экономикалық қызмет субъектілері тарапынан валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс бойынша ашығырақ ақпаратты қамтамасыз етуі туралы болып отыр.

Ұлттық Банк төрағасы орынбасарының айтуынша, интернет-займдарға қатысты, жоғары пайыздық мөлшерлемемен халыққа займ ұсыну түрінде көрініс беретін тұтынушылық несиелендіру саласындағы тәуекелдерді төмендету мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілетін болады.  

«Біз халықаралық тәжірибеге талдау жасап отырмыз, халықаралық тәжірибені ескерумен банктік емес несие ұйымдарын реттеу периметрін кеңейту үшін белгілі бір ұсыныстарды енгізуді жоспарлаудамыз», — деді Ж. Құрманов.

Сонымен қоса, спикердің түсіндіруінше, Ұлттық Банктен Үкіметке және керісінше реттеу функциясын беру туралы еш әңгіме жоқ. Ұлттық Банк Ұлттық Банк туралы заңға сәйкес өзінің реттеуші функцияларын одан әрі іске асыра беретін болады.

«Біз бұл тұрғыда да қаржы нарығын толық реттеуге тырысатын боламыз, егер Ұлттық Банктің реттелмейтін несие ұйымдарына қатысты функцияларын кеңейту қажет болса, тиісті ұсыныстарды біз әзірлейміз. Ұлттық Банктің негізгі мақсаты бағаны қамтамасыз ету болып табылады, бұл тұрғыда Ұлттық Банк тиісті монетарлық саясатты пайдаланумен ақшалай-несие саясаты аясында тәуелсіз саясатын жалғастыра береді», — деп түсіндірді ол.

Ұлттық Банк төрағасының орынбасары инфляция бойынша мақсатты дәліз 2021 жылды қоса алғанда, оған дейін 4-6% аралығында айқындалғанын жеткізді.

«Біз инфляцияға ықпал ететін тиісті сыртқы және ішкі факторларға талдау жасадық, бұл тұрғыда біз осы факторларды ескерумен 4-6% аралығында сақтау дұрыс болады деп күтіп отырмыз, одан соң инфляция төмендеген жағдайда 3-5% дәлізінде қалатын боламыз. Инфляция мәселесі Ұлттық Банкке ғана қатысты емес, Үкімет тарапына да қатысты мәселелер бар. Осыны ескере отырып, біз Қазақстанда инфляцияны төмендету бойынша шараларды іске асыруда іс-қимылдарымызды үйлестіру үшін келісімге қол қойдық», — деді ол.

Бұдан өзге, Ж. Құрманов Ұлттық банк банктердің несие портфельдерінің сапасын бағалауды көздеп отырғанын айтты.

«Тәуекелге бағдарланған қадағалаудың көптеген мәселелері банк секторына жұмылдырылған және банк секторы бойынша өте сезімтал. Банктер активтердің сапасы, займдар портфельдерінің сапасы бойынша өз мәселелерін қалай шешеді? Осы үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, біз банктердің несие портфельдерінің сапасын бағалауды жоспарлап отырмыз, кейін осы негізде өзімізге тиісті тұжырымдар жасаймыз. Бұның қорытындысы бойынша, несие беру ұйымының тәуекелі қаншалықты жоғары болса, реттеуші тарапынан соншалықты қадағалау жасалатын тиісті тәуекелге бағдарланған қадағалау жұмыстарын қолға аламыз. Аталған қағида сақталады», — деді ол.

Өз кезегінде, Бірінші вице-премьер – қаржы министрі Ә. Смайылов осындай реттелмейтін несие ұйымдары қазақстандықтардың қаржылық сауатсыздықтарын пайдалана отырып, халыққа үлкен пайыздармен займ беретінін атап өтті.   

«Олардың қызметін реттеу керек, азаматтардың мүдделерін қорғау үшін аталған маржаны шектеу қажет. Осындай несиелік ұйымдарды реттеуге, шектеуге, пайда табуға мүмкіндік бермеу үшін Ұлттық банк оларға тиісті уәкілеттіктерді беруді ұсынады, шын мәнісінде, бұл азаматтардың несиелендірудің қаржылық шарттары бойынша сауатсыздықтарына, аз ақпараттануына жасалған айлакерлік схемалары», — деді Ә. Смайылов.