Аймақтар • 26 Наурыз, 2019

Алматыда алғашқы «Қыз Жібек аруы» байқауы өтті

1184 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қыз Жібек аруы» байқауы өтті. Ұлттық дәстүрді ұлықтаған сұлулар сайысы Жастар жылы қарсаңында арулар ордасында тұңғыш рет ұйымдастырылды.

Алматыда алғашқы «Қыз Жібек аруы» байқауы өтті

Қыздар университетінің Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаменті мұрындық болған байқауға 7 бойжеткен баптары мен бақтарын сынады. Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, сайысқа қатысуға оқу орнының 6 факультетінен барлығы 71 үміткер өтініш білдірген. Алдын-ала іріктеу бойынша жартылай финалға 15 қыз өтсе, ақтық кезеңге қатысуға 7 бойжеткен мүмкіндік алған.

Байқауға дайындық барысында бойжеткендер түрлі мәдени бағдарламаларға қатысып, сән агенттіктерінде өз шеберліктерін арттырған. Сондай-ақ қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі бағытындағы тың деректермен танысып, білімдері мен біліктілігін арттыруға арналған арнайы шараларға атсалысты.

– Сайыста қыздар өздерін таныстырып, өресінің биіктігін танытуға ұмтылды. Артынша шығармашылық шеберліктерін сынатты. Әркімнің қабілеті әртүрлі. Таңдаған салалары да әр алуан. Десе де шама-шарқынша өз өнерлерін паш етті. Жарыста ой ұшқырлығы сыналып, білім деңгейлері тексерілді. Қыздарға қойылған сауалдарға жан-жақты, дәлірек айтқанда сауатты жауап беру талап етілді. Сәнқойлық сынаққа да өріс ашылды. Бұл кезеңде отандық дизайнерлердің қолынан шыққан сәнді көйлек үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Сыртқы сымбат сыналып, сахнадағы жүріс-тұрысқа да мән берілетін тур осы, – дейді Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаментінің директоры Жаңагүл Сұлтанова.

Байқауға қатысушыларға белгілі мәдениет және өнер майталмандары, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің жетекшілері қазылық жасады. Олардың қатарында Қазақстанның Мәдениет қайраткері Бану Тұрғынбаева, театр және кино актрисасы Аида Жантілеуова, «Monro» модельдік агенттігінің директоры Мәди Ерсейіт, әнші, акртиса Ләйлә Темірхан сынды азаматтар бар.

Жинаған ұпай қорытындысы бойынша Өнер және мәдениет факультетінің студенті Мөлдір Қазиева бас жүлдеге ие болды.

Бірінші орынға Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің студенті Лаура Ысқақова лайық деп танылса, екінші орын Жаратылыстану факультетінің студенті Сымбат Абдуғаппар мен Педагогика және психология факультетінің студенті Аяжан Ақтымбайдың қанжығасында кетті. Ал үшінші орын Жаратылыстану факультетінің студенті Әсем Қалмаханға бұйырды.

Сонымен қатар «Алғыр ару» номинациясымен Педагогика және психология факультетінің студенті Ұлжалғас Насир, «Зерделі ару» номинциясымен Өнер және мәдениет факультетінің студенті Ұлмекен Шекербек, «Көрермен көзайымы» номинациясымен Педагогика және психология факультетінің студенті Аяжан Ақтымбай марапатталды.

 – Сұлулар сайысына қатысушылардың барлығы да үлкен дайындықпен келгендігі көрініп тұр. Бәрі де бас жүлдеден үмітті еді. Шетінен сұлу, өнерлі. Қазылар алқасы шын мықтыны анықтау мақсатында әрбір үміткерді жан-жақты талдап барып, нақты шешім қабылдады, – дейді шара ұйымдастырушылары.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ