Аймақтар • 26 Наурыз, 2019

Академик Асқар Жұмаділдаев жасырған есебін шығарған СДУ студентіне 100 доллар сыйақы берді

4229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің беделді ғалымдарының бірі – ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев кезекті есебіне шешім тапқан СДУ-дің 1 курс студенті Жәния Кеңесоваға 100 АҚШ долларын ұсынды. Академиктің жасырған есебі  – Азайту амалының тепе-теңдік дәрежесін есептеу болса, Жәния сол есептің бесінші дәрежелі тепе-теңдігіне шешім  тапты. Азайту амалының келесі заңдылығын табуға академик 500 АҚШ долларын тігіп отыр.

Академик Асқар Жұмаділдаев жасырған есебін шығарған СДУ студентіне 100 доллар сыйақы берді

Алдымен ғалым Асқар Жұмаділдаев есеп шығару байқауын отандық студент жастарға арнайы дәстүрлі түрде он үш жыл қатарынан өткізіп келе жатқанын айта кеткен жөн.

– Мен жастарға тапсырған есептің бірде біреуінің шешімін білмеймін. Сондықтан оны жастарға жасырамын. Жалпы, есептің шешімін табуға әрқалай уақыт өтеді. Жәния Кеңесова бұл есептің шешімін бір аптаның ішінде тапты. Бірақ мен жеңілдеу болсын деп тапсырманы аса қатты қиындатпадым. Менің мақсатым – балалардың ізденіске деген құштарлығын арттыру, бұл азайту амалының заңдары ғой,  барлығы қосу амалдарын көбірек біледі, азайту амалын ешкім зерттемеген. Соны балаларға әдейі бердім, көрсін деп, үйренсін деген ниетпен. Барлығы  есепті шешуге он шақты бала бақ сынап көрді, ал осы қызымыздың ұсынған шешімі жаңа заңдылық болды, бесінші дәрежелі тепе теңдіктің шешімін тапты, – дейді академик.

Академик соңғы жылдары жастардың математика ғылымына деген ынта-ықыласы азайып, қызығушылығы төмендегеніне ғылым жанашыры   ретінде өте қынжылғанын айтады. Сондықтан жастарды құлшындыру үшін осындай байқау ұйымдастырып, өз есебінен ынталы, талантты  студенттерге арнайы сыйлық тағайындауды жөн көрген.

– Бұл бастама менің 50-жылдық мерейтойымнан басталып кетті, сол кезден бері еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлер бастаманы қолдап, демеушілік білдіруге ниет танытты. Кім жасырған есебімді шығарса 100 доллар алады, бір жылда шықпаса, келесі жылы  сыйақы құны 200 долларға өседі. Жылдан жылға сыйақы  арта береді. Әзірше, менің жасырған үш жылдық есебімді шығарған бір шәкіртім бар, ол 300 долларға ие болды. Ал, 100 доллар ұтқан балалар соңғы он үш жылдың ішінде өте көп. 50 жылдық мерейтойымнан бері, он үш жыл қатарынан  жасырып келе жатқан есебімде бар, оның биыл сыйақы құны 1300 доллар болды. Әзірше ешкім шығарған жоқ. Әр жыл сайын есепке 100 доллардан қосылып отырады. Бұл мен ұсынған ерекше ноу-хау, – дейді Асқар Жұмаділдаев. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар