29 Наурыз, 2019

Алматыдағы Орталық музейде А. Затаевич мұраларына арналған көрме ашылды

1209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік Орталық музейінде Польшаның Алматыдағы Бас консульдығымен бірлесіп, музыкатанушы-этнограф, композитор, Қазақстанның халық әртісі Александр Затаевичтің туғанына 150 жыл толуына арналған «Дала әуенінің ізімен» көрмесін ашты.

Алматыдағы Орталық музейде А. Затаевич мұраларына арналған көрме ашылды

Дала әуендерінің тербеген ізі...  Жарықтық поляк халқының біртуар ұлы  А. В. Затаевичті Қазақстанда «қазақ әнінің әкесі,  дәстүрлі  музыкасын жазу ісінің пионері» деп атайды. А. В. Затаевичтің  еңбегі арқасында қазақ халқының  әндері мен аспаптық музыкалық мұрасы қағазға түсірілді. Сол заманда естіген дауысын қағазға белгі ретінде  түсіретін, содан соң оны айнытпай орындап шығатын адам туралы аңыз халық арасында  кең таралған еді.  Ол Ертіс пен Орал, Қарқаралы мен Қызылорда, Бөкей даласын, Орынбор мен Жетісу бөктерлерін аралап, ән-күйлерді нотаға түсірді.

Бүгінгі ашылған Мемлекеттік Орталық музейдегі «Дала әуенінің ізімен» көрмесіндегі қала тұрғындары мен қонақтарының назарына музыкант-этнографтың жеке кешенінде сақталған фотоматериалдар, мақалалар, жинақтар мен кітаптар, түсініктемелер мен дала әуендерінің ноталық жазбалары ұсынылды. Олардың қатарында 1925 жылы Әліби Жангелдинге берген  қолтаңбасы, «Қазақ халқының 1000 әні» ( әндер мен әуендер), «Қазақтың 500 әні мен күйі» (әндер мен аспаптық пьесалар) жинағы, фотосуреттерді ерекше атап өтуге тұрарлық.Сонымен қатар сазгердің қызы Ольга Затаевичтің Ахмет Жұбановқа жазған хатын және 1950 жылы академик Ахмет Жұбанов жариялаған «А. В. Затаевич – қазақ халқының ән-күйінің бірінші жинаушысы» мақаласымен танысуға болады.

Бұл көрменің керемет нәрсесі деп, рухани жаңғыру мен қоғамдық санаға түбірі мол мәліметтер сыйлай алатынына кәміл сенетініңіз,  «Болашаққа бағдар» беретіні анық, А. В. Затаевичтің шығармашылық және музыкалық мұрасын, сондай-ақ қазақ халқы үшін еткен еңбегін, оның тарихи-мәдени мұрасының рөлін таныту болып табылса керек-ті.

Сағыныш тербеген әсем  әуездер өн бойыңды  толқытады... Сағыныш саздары болып әлдилейді... Беу дүние... дала әуендерінің ізі...

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Eqemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ