Руханият • 04 Сәуір, 2019

Автопортрет

1494 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Живопись – занятие для слепцов Пабло Пикассо

Автопортрет
Суретші бүгін өз автопор­третін салмақшы болды. Тақтасын дайындап, суырмалардың бірінен «Buck Nobleman» ұштағышын ал­ды. Студент кезден келе жат­­қан ескі бұйымның жүзі қайт­қан ба, әлде шеберлігі сыр бере бас­таған ба, қарындаштың гри­фелі қайта-қайта сына берді. Ұш­тағышты орындықтың қол қоятын қос жақтауына кезек жанып, ұштады-ау, әйтеуір. Ол сурет салуды бастамас бұрын әдеттегідей тулақтай полотноны көз мөлшерімен ұзындығын үшке, енін екіге бөлді. Сосын өзінің дәл қазіргі кескін-кейпі қандай екеніне ой жүгіртіп, қа­рындашымен басын қасыды. Сосын «келбетім келісіп тұрған жоқ шығар, сірә...», деді өзімен-өзі сөйлесіп.


Пәтерде айна деген атымен жоқ еді. Суретші оң қолындағы тыртықтың тегіс терісін сұқ сау­­са­ғымен сипап өтті, – үш ай бұ­рын, әйелімен ажырасып келген күні, жуынатын бөлмедегі ай­наны ұрамын деп жаралап алған естелік тыртығы. Қабағы қату­лы, көзі үңірейген, қанын ішіне тартқан адамның айнадан қарап тұрғаны ызасына тиген еді. Өз келбетіне не үшін ашу­ланғанын да білмейді. «Сен бөтен адамсың! Танымаймын сені! Не қарайсың, әкеңнің ауызы!..», деп жұдырығымен айнаны ұрып қал­ған. Қолы қатты жараланды. Үш ай дегенде әзер жазылды-ау. Айнадағы өз бейнесін бөтен адам қып көргенін жүйкесінің жұқарғанына теліп, көңіліне алмаған. Өткен күндері айнамен бірге сынып, зор жүктен арыл­ғандай жаны жадырап, келеңсіз оқиға тез ұмыт болған еді. 


Мейлі, ол өзінің суретін айна­ға қарамай-ақ салады!.. Ол үшін су­рет­ші тәнінен ажырап өз-өзіне қарау керек.


Міне, мынау – сан алуан бояу­мен жұмыс жасайтын сурет­шінің түссіз, сұрғылт бөл­месі. Өзі дәл ортасындағы ескі орын­дықта арқасын тік ұстап, кер­без отыр. Шашы өскен, сақал-мұр­тын алмағалы алты айдың жүзі өткендей, жабағылана ұйы­сып, бет-пішініне салқындық ұя­латқан. Тік мұрынды, бет сүйегі сәл шығыңқылау. Салпиған ерні ұй­паланған сақал-мұртының арасына біткен бөтен дене сынды. Жанары сынық, оң жақ кө­зі сол жағына қарағанда сәл қы­сық; бірақ екеуін бірдей қып са­лу керек. Бала кезінен сағат атау­лыны тақпаса да қолында сағат бар сияқты көрінді, – кіш­­кентай жүрек тық-тық етіп тұр­ғандай. Солғын түсті киімі­нің әр жеріне жұққан бояулар су­рет­шінің өзін де суретке айналдырып жібергендей әсер қал­дырады. Еденде шашылған бос қал­бырлар және бояулардың көз жасын сүртіп кірленген бір­неше шүберек қалдықтары жатыр; ол суретшіге әйелін еске сал­ды, соның қалған-құтқан көй­лектерінің бірі болуы мүмкін, әл­де шеберханаға айналған пәтер­дің пердесі ме? Олай болса оны да кезінде әйелі сатып алған болу керек. Терезенің оң жақ қабыр­ғасындағы үш қабатты сөренің үстіңгі екеуі ұсақ-түйек заттарға лық толы, астыңғы сөреде бір-екі аяқталмаған туындысы жансыз заттай қан-сөлсіз сұрғылт тартып, бір-біріне сүйенген. 


Кенет суретшінің қарындашы қар­лығаш қанаты ұшындай қи­­­мыл­дап, ақ полотно бетін ши­май­­­лай бастады. Пәтер іші кем­пірқосақтай сан алуан бояуларға толып, дүние шыр көбелек айналып жатқандай болды. Мұндай шабыт келмегелі қашан?! 


– Автопортретімді өзіме қара­май-ақ саламын! – дейді тісінің ара­сынан ысқырып: – мен керемет суретші емеспін бе?!


Ол сиқырлы сыры бар ғажап туын­дысын таң ата толық аяқтап, қал­жыраған күйі төсегіне келіп құлады. Санасын торлап алған өрмекші-мұң сетінеп, бойы же­ңіл­­­деп сала бергендей. Өмірі сал­­маған суретін кескіндеп, сол су­ретке өзінің жанын қоса салып жіберді ме дерсің! Жастыққа басы тиген сәтте ұйқы періштесі сурет­шіні қанатына іліп, түстер әлеміне алып кетті.


Түсінде аппақ әлемде жүр екен. Аспан мен жер, қаңырап бос тұрған қала үйлері, жолдар, баға­налар, тіпті үстіндегі киімі де ақ түсті. Үп еткен жел жоқ, ме­ңіреу тыныштық. Айналасына таңыр­қай көз тастайды. Жап-жарық болса да көлеңкесі көрінбейді. Ен­ді бір қараса ол осынау аппақ әлемге қара бояумен сурет салып жүр екен... Көлеңке іздегені болар.


Түс ауа біреу түрткендей селк етіп оянып кетті. Күн сәулесі пер­десі ысырылған терезеден төгі­ліп, бөлме ортасындағы түн­де салған суретке түсіп, «кел, кө­рейік» деп шақырып тұрған сияқ­ты. Суретші автопортретіне барды да полотноның бетіне үңілді.


Мүмкін емес... 

Мүмкін емес.... 


Суретші көз алдында бірінен соң бірі өте бастаған бала күн­гі оқи­ғалар тізбегін көріп, әбжы­лан­ға арбалып қалғандай қоз­ғалыссыз тұр.

Мүмкін емес...


«Мұғалім ауырып қалды, үй­леріңе қайтыңдар...» деген қуа­нышты хабар, ауыз үйдегі бөтен аяқ киім және түкпір бөлмеде мы­на автопортреттегі адаммен айма­ласып жатқан анасы. Арғы жағы тұманды, еміс-еміс елес­тер: анасы адам баласына тіс жарма деп ұрсып жатыр; мына суреттегі адам қалтасынан әдемі сағат алып шығып, «ешкімге айтпа, мен саған мынаны берем» деген сәт; «сағаттың иесін» әкесіне айтқаны; сотта әкесін таңдауы, қалаға көшіп келгендері. 


Иә, дәл өзі! Мұрыны, кө­зі, бетінің пошымы да айна-қате­сіз! Өзі сол адамға ұқсайтын бол­­­­­ғаны ма, әлде миының терең қат­­­парында жатқан бейнені санасыз әрекетпен салып тастаған ба? Бейсана әлеміндегі адам өзі­нің автопортреті болып алдында тұр. Иә, мұрным да, көзім де осындай болуы керек, кішкене әжім түскен шығар деп мына сызықтарды жібергем, шашымды қалыңдаттым... Тіпті қолына тағып қойған сағат та сол...


Суретші санасындағы сансыз ойлардың ішінде адасып, айнаға қарауға деген қорқыныштың пайда болғанын жан-жүрегімен сезді.


Алмаз МЫРЗАХМЕТ,


жазушы