Сұхбат • 04 Сәуір, 2019

Жастар ғылыммен айналысатынын мақтанышпен айтуы керек

1406 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Жастар ғылыммен айналысатынын мақтанышпен айтуы керек
– Нұрхат, алдымен өзіңіз туралы, ғылымға келу жолыңыз туралы айтып өтсеңіз?

 

– Мен 1983 жылы Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жымпиты ауы­лында дүниеге келдім. Қ.Мырза-Әлі атындағы Жымпиты орта мектебінде білім алдым. 9-сыныптан бастап физика пәні мұғалімі Ким Николаевич Федя­ниннің жетекшілігімен физикадан аудандық, облыстық олимпиадаларға қатыса бастадым, табиғатты тануға, ғылымға деген қызығушылығым сол кезде оянды деп санаймын. Ұлты басқа болғанмен, Ким Николаевич физиканы екі тілде қатар оқытты, түрлі эксперимент жасауға жақсы көңіл бөлетін. Бізді мектеп оқулығымен шектемей, орыс тіліндегі үздік деген есептерді өзі аударып, талдап, түсіндіруге тырысты. 

 

Ол кезде қазіргідей презентация, слайд, бейнеролик, интерактив тақ­та деген жоқ еді. Алайда, А.Эйнш­тейн «Адамның ең маңызды қасиеті – қиялдай алатыны» дегендей, Ким Николаевич бізге ойша эксперимент жасауды, түрлі құбылысты етене түсінуді, өлшем бірліктерді санаға қонымды болатындай сезінуді үйрет­ті. Менің зерттеу тақырыбым вир­туалды эксперименттерді компью­тер­лік модельдеу көмегімен жүргізу болғаны соның нәтижесі шығар. Компью­терлік модельдеу эксперимент қою­шылардың жұмысын болжауға, көрінбейтін (электр өрісін, күш векторлары) құбылыстарды түсіндіруге, тым кішкентай немесе тым үл­кен объектілермен шығынсыз, қауіп­сіз, бірнеше мәрте виртуалды эксперимент жасауға мүмкіндік бере­ді. Компьютерлік модельдеу магистр­лік және докторлық диссертациям­ның негізгі зерттеу тақырыбы болды. Осы тақырыппен Польша, Чехия, Ресей, Германия және Ұлыбритания елдерінде ғылыми тағылымдамадан өттім. 

 

Ғылым жолымда жеткен әрбір жетіс­тігім ұстаздарымның арқасы деп білемін. Осы орайда, өзім білім алған Батыс Қазақстан мемлекеттік универ­си­тетіндегі Рахметолла Құсайын­­ұлы Құ­сайынов, Серік Хамзаұлы Тілеу­ғалиев, Жалел Сырымұлы Сырым, Айсұлу Елтай­қызы Жұмағалиева, Еура­зия ұлттық университетіндегі Садритен Кабды­ғалиұлы Тілеукенов сынды ғалым ұстаз­дарыма шексіз алғыс білдіргім келеді. 

 

– Тұңғыш Президент Қорының грантына қалай ие болдыңыздар? Қандай жоба ұсындыңыздар?

 

– 2015-2018 жылдары Назарбаев Университеттің «National Laboratory Astana» зертханасында әріптестеріммен бірге Қазақстанның энергожүйесінің компьютерлік моделін жасау жобасына атсалыстық. 2016 жылы ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуіне орай зерттеуімізді конкурсқа ұсынуға бел будық. Оны алдымен халыққа түсінікті деңгейге шығару қажет болды. Ол жұртқа қызықты, тартымды, сонымен қатар жүздеген халыққа 1 минутта түсіндіруге ыңғайлы болуға тиіс еді. Жасаған энергожүйенің компьютерлік моделін маркетингтік көзқараспен қайта қарап, толықтыратын тұстарын анықтадық. Идеямызды жоба ретінде Тұңғыш Президент Қорының конкурсына тапсырдық. Біздің жобамыз лайық деп саналып, ЭКСПО-ның Халықаралық комиссиясының іріктеуінен өтіп, үздік жобалар алаңынан орын бөлінді. Нәтижесінде үш ай бойы халықаралық көрме алаңында Назарбаев Университеттің стендінде мыңдаған көрермен Қазақстанның экрандағы интерактивті энергожүйесін басқарып «ойнап» көрді. 

 

Ойын шарты бойынша қатысушы Энергетика министрі ретінде 2030 жылдың энергетикасына дұрыс инвес­тициялық (күн, жел, био, гидро, газ, көмір, атом, желі) шешім қабыл­дап, тиісінше балл жинауы керек еді. Эко­логиялық, экономикалық, энер­гетикалық қамтамасыз ету көрсет­кіштері бойынша оңтайлы шешім қабылдап, жоғары балға ие болған ойыншылар Ерейментаудағы жел электрстансасына экскурсияға жолдама алды. Оңтайлы шешім табамын деп жобамыздың жанында бірнеше сағатын сарп еткендер де болды. Осы арқылы шешім қабылдау құралдарын жетілдірудің маңызын көрсете алдық деп ойлаймын. 

 

– Еліміздің Білім және ғылым ми­нистрлігінің, Ұлыбритания Король­дік инженерлер қауымдасты­ғының, басқа да шетелдік ұйымдардың ғылы­ми гранттарына ие болдыңыз. Грант­тық конкурстарға қатысуға қандай жобаларды ұсындыңыздар?

 

– Ұлыбритания Корольдігінің инженерлер қауымдастығы дамушы ел­дерде өндірісті ғылыми тұрғыдан оңтай­ландыру конкурсын жариялаған болатын. Біз Қарағанды жылу электр стансасының тиімділігін арттыратын компьютерлік бағдарлама жасауды ұсындық. Онлайн тіркелдік, жобаны тапсыру, оны саралау, бәрі электронды форматта өтті. Еш жерге мөр басып, тігіп, конвертке салып машақаттанбадық. Тек сканерленген құ­жаттар тапсырылды. Конкурс әділ де транс­парентті өтті. Негізі, біздің осы мә­се­леде 10 жылдай артта қалғанымыз рас.

 

Энергетика саласында модельдеу дұрыс шешім қабылдау құралы болып табылады. Әр ел өз энергожүйесінің компьютерлік бағдарламасын өз күшімен жасауға тырысады. Қазақстан болса қазір шетелдік өнімдерді сатып алуда (RastrWin – Ресей, DIgSILENT – АҚШ, Plexos – Аустралия). Жалпы, энер­гетикадағы киберқауіпсіздік өте маңызды мәселе, болашақта энерго­жүйемізді бізге өнім сатқан елдер ин­тер­­нет арқылы басқарып отырса таң­ғалмауға болады. Энергетикада тұрақ­сыз күн мен жел энергиясының үлесін арттырғымыз келсе, ақылды ІТ технологияларды қазірден бас­тап меңгеруіміз керек, өз кадрларымызды дайындай бастауымыз қажет.

 

– Бүгінгі таңда Қазақстанда жас­тардың ғылыммен айналысуына қан­шалықты жағдай жасалған? Олардың қаржылай гранттарға ие болуына мүмкіндік бар ма? Ол үшін қандай кеңес берер едіңіз?

 

– Жастардың қаржылай гранттарға ие болуына мүмкіндік бар. Бірақ оларды ғылыми немесе коммерциялық (иннова­циялық) деп ажыратып айтқан жөн. 

Ғылыми зерттеуге түрлі Қорлар ар­қылы (Тұңғыш Президент Қоры, Есе­нов қоры, Дүниежүзілік, Ислам, Азия, Еуропа, т.б. даму банктерінен) грант алу­­ға болады. Ал еліміздегі «Ғылым қо­ры» мен Ғылым комитетінің ғылымға қар­­жы бөлу барысы сын көтермейді. Зия­­лы қауым әдетте сабыр сақтауға тыры­­сады, төзімділік танытады. Бірақ соңғы жылдары заң бұзушылықтарға жол берілгендігі ғалымдарды бірігіп Президентке, Парламентке, Nur Otan партиясына ашық хат жазуға мәжбүр етті. Нәтижесінде келесі конкурста ес­керілуі мүмкін деген үміт қана бар. 

 

Елімізде ІЖӨ-нің 0,17 пайызы ғы­лымға бөлінеді, бұл тым аз. Жастар ғы­лыми зерттеумен айналысатынын мақ­танышпен айта алатындай заман болуы керек деп ойлаймын. Адами ресурстар, ұлт­тың интеллектуалды капиталы – ұзақ мер­зімді инвестиция екенін, бұл ұлттық мүд­деміз екенін естен шығармағанымыз жөн. Жас ғалымдарға кеңесім, шетелдік ғалымдармен байланыс орнатып, олармен біріге отырып шетелдік гранттардың конкурсына да қатысу керек. Ол үшін ағылшын тілін жетік меңгерген жөн.

 

– Биыл елімізде Жастар жылы өтіп жатыр? Сіздіңше Жастар жылында қандай жұмыстар атқарылуы тиіс?

 

– Жастар жылы деп ерекшелеудің өзі жақсы іс болды. Жыл басынан бері әрбір салада өткізіліп жатқан шаралар жастарды бәсекелестікке жетелеуге, өзінің замандасының жетістіктерін көре отырып, мотивация алуына ықпал етіп жатыр деп айта аламын. Дегенмен Тұңғыш Президентіміз қатысқан Жас­тар жылының ашылу салтанатын­да, сол форумда көтерілген мәселелер аяқ­сыз қалмаса, тезірек шешімін тапса деймін. Мәселен, баспанамен қамту, жас ғалымдарды, үкіметтік емес ұйымдарды, жастар бизнесін қолдау бағытындағы жұмыстар өте маңызды. Сондай-ақ осындай шаралар биыл ғана өткізіліп қоймай, алдағы жылдарда жалғасын табады деген үміт бар. 

 

– Қазіргі таңда қандай жұмыстар­мен шұғылданып жатырсыз? Алға қандай жоспар, мақсат қойып отырсыз? 

 

– Қазіргі таңда физикалық құбы­лыстарды компьютерлік модельдеу бойынша білігімді әрі қарай жетіл­діру­демін, жаңа әдістер мен жаңа бағ­дар­ламаларды меңгеріп жатырмын. Зерттеу жұмыстарының нәтижелерін талдау, ғылыми мақалалар жазу сияқты жұмыстарым өз кезегімен жүріп жатыр. Жақында АҚШ-та өткен үлкен конференцияда акустикалық толқын мен су тамшысының әрекеттесуі туралы баяндама жасадым. Осы жылдың 27-29 нау­рызында Кореяда өткен конференцияда жоғары кернеулі сым желісінде болатын короналық разрядты азайту жолындағы компьютерлік модельдеу нәтижелерін көрсеттім. Осы салада зерттеу жүргізіп жүрген бірнеше шетелдік ғалымдармен кездесуіме мүмкіндік туды. 

 

Биыл «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының лауреаты болғандықтан БАҚ өкілдерімен, оқушылармен, студенттермен кездесу шаралары көп­теп жоспарлануда, оларды да абы­роймен өткізуім керек деп есептей­мін. Академиялық салада қауымдастырылған профессор атағын алуға тырысып жатырмын, бұл үшін әлі көп еңбектену керек.