Қоғам • 04 Сәуір, 2019

Бір отбасын қуанышқа бөледі

522 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бір отбасын  қуанышқа бөледі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің басты басымдығымыз – азамат­тарымыздың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыт­та­ғы мемлекет ретінде дамыту. Біз қиын кезеңдердің өзінде әлеуметтік міндеттемелерімізді орындадық», – деген еді Nur Otan партиясының XVIII съезінде. 


Жыл басынан бері Ақтөбе облысында демеушілердің көмегі­мен 782 отбасыға жалпы мөлшері 44,7 миллион теңгеге түрлі көмек көрсетіліпті. «Ақтөбе қаласында «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қорына хабарласқан кәсіп­кер­лер 6 көп балалы, әлеу­мет­тік жағынан аз қорғалған жандарға пәтер алып берді», – деп хабарлайды Ақтөбе қаласы әкім­дігі баспасөз қызме­тінің жетек­ші­сі Гүлшат Сералы.


Демеушілердің осындай шарапатын сезінгендердің бірі – 8 баланың анасы Салтанат Сәдуова. Жақында Салта­нат­қа ақтөбелік кәсіпкер, «Ақтөбе­СтройЭксперт» ЖШС директоры Жас­та­­л­ап Жанбауов «Нұр Ақтөбе» шағын ауда­нында бір бөлмелі пәтердің кілтін табыс­тады. 


Бұған дейін Ақтөбе қаласын­да­ғы Құлымбетов көше­сі бойын­да­ғы зәулім үй­дің аула­сын­дағы аядай ға­на бөлме­­ле­рі бар уақытша бас­па­нада күнел­тіп отырған Сәдуов­тер отбасы күтпе­ген жерден қуаныш­қа тап болды. Сегіз бала­ны өмірге әкелген Салтанат Сәдуова – бүгінде үш мүгедек жанды бағып отырған ана. Басында баспанасы жоқ ана осыдан төрт жыл бұрын Әйтеке би ауданының Сарат ауылынан қоныс аударған. Ондағы мақсаты – отбасындағы мүмкіндігі шектеулі жандарды қаладағы медициналық оңалту орталықтарына жиі-жиі апарып, балаларын арнайы мектепте оқыту. 


Салтанаттың баспана кезегінде тұрға­нына 4 жыл болып­ты. 


– Жасым – 47-де. Бір отбасында 3 мүмкіндігі шектеулі жан баққан адамның қасіретін ешбір адамның басына бермесін. Сегіз балам бар. Жолдасым екінші топ мүгедегі, жұмысқа жарамсыз. Екі балам да – мүгедек, арнайы мектепте оқиды. Мен үшін басты проблема – бас­­пана болатын. Осы мәселемен талай жерге бардым, Астанаға да хат жолдаған едім. Енді отбасыммен жаңа баспанада тұрып жатқан жайым бар, – деді «Алтын алқа» иегері. 


Жаңа пәтерлі болған Салтанат қуаныш­­­тан көз жасына ерік беріп, қиын жағ­­дай­да отбасына көмек қолын созған кә­сіп­керге алғысын жаудырды. 


– Бұл отбасының тұрмыстық жағ­дайының ауыр екенін түсініп, өз тара­пы­мыз­дан қолдау көрсе­туге тырыс­тық. Өзім де көп бала­ның әкесімін, оның үсті­не көп балалы отбасынан шық­қан­мын. Ата-бабамыз тарихта қуғын­­ға ұшыраған өзге ұлт өкіл­де­рін де өз бауырына тартып, аш отырса да, бір тілім нанын үзіп берген емес пе?! Бүгінгідей ел аман, жұрт тыныш заманда өзіміз сияқты кәсіпкерлер, ер-азаматтары осындай мұқтаж жандарға неге көмектеспеске?! Мұны өзімді жар­на­ма ретінде емес, қалыптасқан жағдай­ға байланысты іскер азаматтарға ой салу ретінде жасалып отырған шара деп түсініңіздер, – деді Жасталап Жан­бау­ов. 


Арайлым НҰРБАЕВА

АҚТӨБЕ