Аймақтар • 11 Сәуір, 2019

Жайықта көктемгі балық аулау маусымы жалғасуда

1296 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Құзырлы органдар тарапынан қанша қатаң қадағалау болса да, заңсыз балық аулаушылар «әдеттерінен» арылар емес. 2017 жылы Атырау облысында браконьерлерден 43 мың тонна балық тәркіленді. 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,6 мың тоннаны көрсетті. Бұл - браконьерлікке қарсы күреспен айналысатын барлық құрылымдардың жедел жұмыстарының нәтижесі.

Жайықта көктемгі балық аулау маусымы жалғасуда

«Бекіре-2019» кең көлемді балық қорғау науқаны биыл да 1 сәуірде басталды. Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетов: «Акция аясында браконьерлік деректері көп байқалатын орындарға инспекция 16 күзет бекетін ұйымдастырды. Теңіз бөлігінде екі жедел топ құрылды. Біріккен күзет бекеттері «Ақжайық» мемлекеттік табиғи қорығы аумағында да бар»,-дейді.

Бағалы балық қорын сақтауға бағытталған ауқымды науқанға ішкі істер органдары да жұмылдырылған. 287 қызметкер, оның ішінде ҚР Ұлттық Гвардиясының 36 әскери қызметшісі жағалауды және стационарлық бекеттерді күзетуге тартылды. Инспекция басшысы нәтиже барын айтады.   

-2016 әскери бөлімшесінің шекара жасағы Исатай ауданында қамыс арасынан екі «байданы» анықтады, «Ямаха-200»
аспалы моторлы су көлігінің борт нөмірі жоқ, теңіз инспекциясы бөліміне жеткізілді. 8 сәуір 2019 жылы Исатай ауданындағы Манаш теңіз учаскесі аумағында шекара жасағы дәл осындай үшінші «байданы» анықтады. Үйлестіру штабының осы бағыттағы шаралары жалғасын табуда, барлық жұмыстар прокуратура органдары мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Комитетінің жіті бақылауында. Айтылған шараларды жүзеге асыру бағалы балық түрлерінің, әсіресе бекіренің уылдырық шашатын жерлерге жетуін, өсіп-өнуін қамтамасыз етеді, -деп атап өтті Д.Баймағамбетов.

Өткен жылдың соңында Жайық өзенінде балық қырылу дерегі тіркелді. Су маржандарының өлексесіне толған өзен жағалауын көрген жұрттың биыл балық болмай қала ма деген күдігі болғаны да рас. Инспекция басшысы өзенде балықтың, соның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың жақсы жүріп жатқанын айтып қуантты. Қазір өңірдегі өндірістік кооперативтер белсенді жұмыс істеп жатыр. Көктемгі балық аулау маусымы табысты өтуде. 10 сәуірдегі ақпарат бойынша, кооперативтер 751 тонна балық аулаған. Өткен жылы осы кезеңде бұл көрсеткіш  132 тоннадан сәл асқан болатын. Өндірістік мақсатта өткен жылы 3 дана бекіре балық ауланса, биыл 35 дана торға түсті.

Жайық-Каспий бассейніндегі балық қорларын заңсыз аулауға қарсы күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тыңдаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өзен жағалауын өлі балықтан тазартуға қатысқан қоғам өкілдеріне, ҮЕҰ жетекшілеріне ризашылығын білдірді.  «Қазір екі қылмыстық іс қозғалып жатыр, солардың қортындылары бойынша барлық сауалдарға жауап алатын боламыз. Тергеуді аяқтауға уақыт керек, құқық қорғау органдарынан жауап күтеміз», -деді аймақ басшысы.

Қазір Жайық-Каспий бассейніндегі өзендердің балық жүретін арналарының түптерін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар