Аймақтар • 15 Сәуір, 2019

Балаларды боксқа баулиды

1074 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда бокстан әлемдік дәрежеде танылған спортшы неге жоқ? Ересектер арасында соңғы ел чемпионатында да атыраулық бокс­шылар жақсы нәтиже көрсете алмады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы «SULEIMEN Promotions» компаниясымен келісімшартқа отырды.

Балаларды боксқа баулиды
Отандық спортшыларға қолдау көрсетіп, әлемге танытуды мақсат еткен бұл промоутерлік компания өткен жылы құрылған. Аз уақыттың ішінде АҚШ-тың ірі промоутерлік компанияларымен іскерлік байланыс орнатқан «SULEIMEN Promotions» құрамында Айдос Ербосынұлы, Нұрсұлтан Жаңабаев секілді шаршы алаңның шеберлері бар. Жақында Алматыда кәсіби бокс кешін жоғары дәрежеде ұйымдастырған ұжым бұл бастаманы Атырауда жалғастыруды жоспарлап отыр.
– Жастар арасында кәсіби бокс­ты дамытып, насихаттау бағы­тын­да промоутерлік компаниямен келісімшартқа отырдық, – дейді облыс­тық дене шынықтыру және спорт бас­қар­масының басшысы Ринат Ибра­гимов. – Болашағынан үміт күттіре­тін жастар бар. Енді талапты спортшы­лар­ға шетелге барып, промоутерлермен байланыс орнатудың қажеті болмайды, осы келісімшарт арқылы балалар кәсіби боксшылардан тікелей тәлім алады.
Компания құрамындағы былғары қолғап шеберлері Айдос Ербосынұлы мен Нұрсұлтан Жаңабаев атыраулық жас спортшыларға шеберлік сағат­­тарын өткізіп, жаттығуларына қаты­сады. Алғашқы кездесу Махам­бет ауданындағы балалар мен жас­өспі­рімдер спорт мектебінде өтті. «Мен алғаш бокс үйірмесіне 15 жасым­да келдім. Қазір бүкіләлемдік бокс қауым­дастығы (WBA) рейтингінде 10-орында тұрмын. Бар білгенімді үйрету – борышым. Балалардың спортқа деген қызығушылықтарын көріп, қуанып тұрмын. Біздің қолымыздан келеді», дейді Нұрсұлтан Жаңабаев. 
Шеберлік сағаттары облыс орта­лығындағы мамандандырылған бокс клубында өтеді.

АТЫРАУ