Қоғам • 18 Сәуір, 2019

Жалдамалы кейіпкер – арзан рейтинг, анайы хабар, төгілген абырой

2490 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әлемді көз алдымызға айнадай тосып отырған телеэкранның алдында кім отырмайды дейсіз. Санасы солқылдақ жас та, салиқалы сөз күткен салмақты тыңдарман да, әрбір айтылған сөздің астарын іздеген кінәратшыл көрермен де, көргенін сол күйінде қабылдайтын аңғал жандар да, майдан қыл суырғандай сұңғылалар да, әр нәрседен пайда іздеген пиғылы бөлек адамдар да отыр.

Жалдамалы кейіпкер – арзан рейтинг, анайы хабар, төгілген абырой

Теледидар пайда болмай тұрып ата-бабаларымыз сөз­дің де кілт секілді кез келген жү­­рек­тің құлпын ашуға немесе кез кел­ген ауызды жабуға болаты­нын парықтап қойған жоқ па еді. Өйт­кені тіл – біреу, құлақ – екеу. 

Ал халықты дұрыс жолға же­­­телеуі тиіс БАҚ-тың сөзі бұ­­зыл­­са, емін кімнен іздемек керек?

Басқасын айтпағанда, тіпті жұрт сенген, ел аузына қарап отырған белгілі тұлғалардың ойланбай айта салған сөздері, парықсыз ойлары өмір бойы жинаған абыройын қашырып, еңбегін еш қылғанын да көз кө­ріп жүр. Мұның барлығы елдің алдындағы жүрген танымал адамдарға сабақ болуы тиіс еді. Керісінше, сөзден кие қашып бара жатқандай көрінетіні несі?

«Көзін шел қаптады», деген осындайда айтылса керек, өкініштісі арзан абырой, баянсыз танымалдылық, пайда қуу, жалған мақтан, қолдан жасалатын рейтингілер осының бәрін жиі ұмыттыратын болды. Мұның шектен шыққан, мысалы, А. есімді қызы­мыздың (баршамыздың қы­зы­мыз деп қарайық) «7 арнадағы» «Өз ойым» ток-шоуына шығып, пәктігін сатамын деп жаһанға жар салуы болса, екіншісі атал­ған телебағдарламаның жасанды кейіпкер болуға шақырғанын айдай әлемге жайғаны болды. Әлеуметтік желілер де мұны іліп әкетіп, талқылаулар әлі толастаған жоқ. Ең сорақысы кейбір дерек көздері қытайлық сайттардың да осы оқиғаны ортаға салғанын дәйектеп отыр. 

Мұндай жағдайда қоғам пікірі міндетті түрде қақ жары­ла­ды. Өмірде осы іспетті жағдай­лардың бар екенін алға тартып, шындықты бүркемелемеу керек деп «шырылдайтындарға» да уәж табылады. Айды аспанға шы­ғармақ болған ток-шоу ар­сыз­дықты жарнамалап отыр деп жаз­ғырып жатқан жұрттың да жанайқайы орынды. Саналы, де­ні дұрыс адам жүз жерден еркін, жүз жерден заманауи болса да көшеге жалаңаш шық­пайтыны аян... 

Қарап отырсақ, келең­сіз­дік­тер қай заманда да некен-саяқ, ілуде біреу болған. Бірақ сыбырлап айтуға да болмайтын сыр­ды ата-бабаларымыз балалатпай, ұрпағының пиғылын таза ұстауға ұмтылған. Осы ұстаным ұлты­мызды талай тепе­ріш пен тауқыметтен алып шық­қан жоқ па? Әйтпесе «пәк­ті­гімді сатамын» дейтіндей ұл-қы­зы­­мыздың басына не күн туып отыр?

Хайпталам деп, айыпталып қалған «қалқа»

Ендеше, осындай жағдайда есті ой таратуға тиісті ресми БАҚ-тың жалған кейіпкер арқылы жалаңаш ойды, тұрлаусыз рейтинг үшін тырдай шешінген арсыз пиғылды дүйім жұрттың алдына шығарып отыруын құптаған адам бар ма? Ақиқат үшін айтайық, бар. Бірақ, сирек. Көп­­ші­ліктің ашу-ызасын басқа арнаға бұр­мақ болып отырған бұл аз топтың көз­дегені басқа. Бұл жерде тәрбие, ұлт бол­мысы, ертеңіміз не болады деген мүд­денің иісі де жоқ.

Оқырманға түсінікті болу үшін осы арада жалған кейіпкер ретінде арын саудалаған А-ға қатысты оқиғаның ұзын-ырғасын қысқаша баян­­дап өтелік. 
Бұл бағдарлама болары болып, бояуы сіңіп болғаннан кейін жайдар­маншы Нұрболхан Шарапов: «...Өз ойым» мен ойлағандай емес екен. Мен жай бергi жағын ғана көрiп жүр екен­­мiн. Айтпағым мынау: кешегi бағ­дарламада кейiпкер болған қыз бағдарламаның арғы жағын айтып бердi» дей келіп қа­зақ қызы қа­­лайша арын аукционға салатындай дәрежеге түскенін білу үшін оны іздестіргенін, тауып сөйлескенін жазды. 

«Сондағы бар шындық видеода. Қаршадай қыздың аңғалдығын пайдаланып, Ләйлә Сұлтанқызының атын араға салып, қызыл-жасыл дү­ниеге қызықтырып, «осы рөлдi ойнап берсең, қызық қылып, өз-өзiңдi бұ­зық қылып, жұрт қарайды көздерiн сү­зiп тұрып, подписчик көбейедi деп құ­нықтырып», басқа да уәделердi тiзiп тұрып алдап соққан ғой шiркiндi, асылында. Осы жағдайдан кейiн «Өз ойым» бағдарламасын «MARVEL» ком­паниясына ұқсаттым. «MARVEL» қоғамға Халк, Тор, Өрмекшi адам, Темiр адам, Супермэн сияқты кейіп­кер­лерді қолдан жасап берсе, «Өз Ойым» бағдарламасы да трансвестит, гей, жезөкше, арын сатқыш сынды кейіпкерлерді қолдан жасап, экраннан жариялап отыр. «Өз ойымның» кейiп­керлерi өз ойын айта алмайды екен. «Өз ойым» – сөз ойыны екен» деген оның айтуынша, қызды оқуынан шығарып жiберiптi. Бұл ретте Н.Шарапов туыстары қызға кешiрiм­мен қараса, ал оқу орнының бас­шылығы А-ның балалығын, шалалығын кешiрiп, оқуын әрі қарай жал­ғастыруына мүмкіндік берсе дей­ді.

Жалған кейіпкердің айтуынша,­ бағдарлама редакторлары оны Instagram желісі арқылы шақырған. Алғаш­қыда қыздық перде жайлы пікір білдіру үшін дегенімен, кейіннен бас­қаша ұсыныс тастады, дейді А. Алматыда оқып жүрген ол шын мә­нінде абыройынан айырған шоу-бағ­дар­ламаға түсу үшін елордаға ба­ра­ды. 
Жер өртеп болса да танымал болу­ға ұмтылған қыз: «Келістім. Бірақ мы­надай рөл аламын деп ойлаған жоқ­пын. Келесі күні хабарласып: «Сіз қыз­дығымды сатамын деп шығасыз», – деді. – Ондай да бар ма? – деп күлдім. – Иә, халықты шулату керек қой. Осы­лай айтсаңыз, ел дүрлігеді деді», дей­ді А. әлеуметтік желілерде жария­ланған бейнебаянда. 

Қысқасы, осыдан кейін ол әлеу­меттік желідегі парақшасында хабар­ландыру қалдырған көрінеді. Ба­рынша шынайы етіп көрсету үшін жекесіне келген хаттардың да кө­шір­месін редакторларға жібереді. «Бағ­дарламаға барған кезде «осылай ай­тасың» деп үйретті. Соңына дейін «са­тамын» деп отырасың, «сатпаймын деп шықпа» деді. Маған негізі мұның бәрін айтпасын, ешкім білмесін деген. Ен­ді маған бірдеңе бола ма деп қорқып тұр­мын. Олар заң жүзінде қудалаймыз деген. «Өз ойым» бағдарламасының өті­рік екенін айтпауың керек деді. Бірақ менің сабағыма, өміріме кесірі тиіп отыр», дейді А.  
Осы бағдарламадан кейін қыздың оқу­дан шығып қалғандығы белгілі бол­ды. Әрине, бұдан кейін жоғары педагогикалық білім алып, келешекте өзі шәкірт тәрбиелеуге тиісті студент қыз­дың сөзін кім сөйлеуі тиіс?.. 

Телебағдарламалардың да мінез-құлқы бар

Егер аталған шоу-бағдарлама қан­дай жолмен болса да рейтинг жасап, танымалдылығын арттыра түсемін де­се, онда ол көздеген мақ­сатына жетті. 
Бірақ теледидар саласында­ тәжі­­­рибесі бар танымал теле­жүр­гі­зу­ші­леріміздің бірі Ләйла Сұлтанқы­зының абыройы артты ма? Тырнақтап жүріп жинаған беделі өсті ме? Сөздің бәрі эфир­дің сыртында жұмыс істейтін толайым бір командаға түгел тимей жатқаны да белгілі. Біріншіден, қос бірдей жүргізушісі бар ток-шоуда таяқтың бәрін жеп жатқан Ләйлә – тісқаққан тележүргізуші, медиа тұлға, екіншіден мұндай тақырыпқа тоқтау айтуға құзіреті жететін еді. 

Осы арада Ләйладан танымалды­лығы бір мысқал да кем емес әріптесі Дана Нұржігіттің Instagramда: «Нұр­болхан Шараповтың парақшасы­нан А-ның әңгімесін тың­­дадым.

«Өз ойымда» «пәктігін сау­даға салған» кейіпкер. Арзан атақ іздеген қызды хабар авторлары ша­қы­рып, аузына сөз салып берсе, сонысын мойындап бағдарламаның «ішкі кухнясын» ашу керек. Өйткені, бұл бір адамның тағдыры. Мұндай тех­нологияларды білмейді емес, бі­леміз. Мәселе, соған бару немесе бар­мауда. Арды аттамауда. Ал мына жағ­дайда хабар авторлары қыздың пәк­тігін таптап, ертеңіне тастап ке­­тетін жігітсымақтардан қай жері ар­тық?! Бұл қыздың тағдыры ғана емес, сүйекке таңба! Ұлтқа сын», деген сөзін келтірсек те жеткілікті.

«Сонда деймін де, ақша беріп «мынаны айтасың» десе, айта беретін сон­шалықты іші қуыс, ойсыз жастар бар ма? Қазіргі жастар алғыр, сауатты, ақылды деп ойлаушы ем. Оның үс­тіне анау-мынау сөз емес, анадай «бомба» болса. Әй, ол ертең жұрт көре­тінін ойламай ма? Енді кеп еңіреп отыр. Анасына обал. Олай тәрбие бер­меген шығар? Негізі осының бәрі қай­дан шығады екен? Тәрбиеден бе, әлде тарыққаннан ба? Әлде білім-ғы­лымға ұмтылмай, жеңіл-желпілікке ұрын­ғаннан ба?», деп қарсы сұрақ қояды «Айтуға оңай», «Қарекет», «Беу» теле­бағ­дар­ламаларының продюсері Әлия Құдайбергенова. 

Бұл сөздің де жаны бар. Өз қылығын ата-анасына хайп деп түсіндірген, халыққа алданып қалдым деп ақталып отырған қыз баланың бағдарлама барысында мүлде именбеуі, ұялмауы ой­лантпай қоймайды. 

Қарап отырсақ, әр телебағдарлама­ның болмысы, өз пиғылы бар. Ешқа­шан рейтингі төмен болып көрмеген «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай» рейтинг үшін мұндай қадамдарға бармағаны көрерменіне аян. Әйтпесе, форматы бірдей емес пе?!

Мәселен, «КТК» телеарнасының жүргізушісі, журналист Дина Төлеп­бер­ген­нің де: «Айжан Бай­зақова, Шырын Нарчаева сынды «Астарлы ақиқаттың» қонақтарынан кейін мені сынап, тіпті жек көріп кеткені туралы жазып жатқандар аз емес. Олардың арасында әріптестерім де бар...» деп ағынан ақтарылғаны кеше ғана. 

Әріптесіміз мұны қаншама тү­сін­­­діруге талпынса да  «Хайп үшін бәріне барамын десейші», «Қол­­дарыңызды ауыр­тып, несіне ақталып отырсыз», «Бір сөзбен рейтинг үшін дей салмайсыз ба? «Барынша ұят, лас тір­лік болды». «Қасықтап жинаған абы­ройыңыз бір эфирден кейін быт-шыты шықты ғой. Намыс жетіспейді-ау, деймін», «Нә­пақа үшін неге де барасыз», «Он­дайларға мән бермеу керек еді» деген сарындағы пікірлерден көз сүрінеді. 

Қысқасы, омырауын жалаңаштаған қыздардың «шындығы» мен насихатын ешкімнің де түсінгісі келмейтіні айдан анық болды. Сол сияқты «Қа­лаулым» бағдарламасында да бет­­­ке шауып, төске өрлеген «тым өт­кір» қыздардың, бақытын шоудан із­деген жігіттердің өз рөлдерін мін­сіз ат­қарып жүргеніне күмән келтір­мей-ақ қоя­лық. Болмысымызда жоқ нәрсе, эфирдегі жасандылық сезілмей қой­майды.

Мәселен, көрші Ресейде рейтингі жо­ғары реалити-шоулардың шын­ мә­нінде қалай түсірілетіні әш­ке­­ре болғаны қашан. Арзан бедел үшін еш­­теңеден тайынбайтын теле­бағ­дарламалардың беті әбден ашылды. Мәселен, «Давай поженимся», «Битва экстрасенсов», «Тачка на про­­качку», «Модный приговор», «Хо­лостяк», «Кто хочет стать мил­лио­нером» сияқ­ты реалити-шоулард­ың атын айт­сақ та жеткілікті. Бұл бағдар­ла­ма­лар­дың да атышулы «құрбан­дары» бар.

Ақиқатын айтқанда, осы материал­ды жазу үстінде елімізде А.  сияқты қолдан жасалған кейіпкерлердің мысалын іздегенбіз. Қуанышымызға қа­рай, бастан кешкені мен берілген рөл­ді перденің ар жағында, бетперде киіп, бүркеншік атпен эфир этикасын сақтаған бірен-саран мысалы табылды. Ал жүзін жасырмай, айды аспанға шығаратын кейіпкерлердің беті аулақ. 

Өйткені өресі биік көрерменге керегі басқа. Тыңдарман да оқырман да терең зерттеулерге, танымдық дү­ние­лерге, жұртты тәнті етіп, жүрек­ті тебіренткен адами оқиғаларға зәру еке­ні күн өткен сайын көрініп отыр.

АЛМАТЫ