Руханият • 18 Сәуір, 2019

Ескерткіштерді қорғау – елдіктің белгісі

29463 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бастап жыл сайын 18 сәуір күні атап өтіледі. Мерекені 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Халықаралық кеңес Ассамблеясы белгілеген. Мерекенің бас­ты мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау және мәдени мұраны қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару.

Ескерткіштерді қорғау – елдіктің белгісі
Ескерткіштер – ел тарихы немесе тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Осы бағыттағы ха­лық­аралық актілердің арасынан 1954 жыл­ғы «Қарулы қақтығыс кезінде мәдени мұра­ларды қорғау туралы», 1972 жылы ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны  қорғау туралы», 1979 жылғы «Мәдени мұраларды заңсыз тасымалдау және оларға деген меншік құқығын беруге тыйым салу шаралары туралы», 1988 жылғы Кеңес Одағының «Дүние­жүзілік мәдени және табиғи мұра­ны қорғау туралы» конвенцияларын атауға болады. 

Тәуелсіздік жылдарынан бастап қоғам мен мемлекеттің тарихи-мәдени мұраға деген көзқарасы өзгеріп, елі­міздің өз заңнамасы қалыптасты, ЮНЕСКО, ICOMOS тәрізді халықаралық ұйым­дармен ескерткіштерді қорғау сала­­сында ынтымақтастық белсенді дамы­­ды. Елімізде мұны қамтамасыз ету бар­лық заңды ұйымдар мен нақты адам­дардың адамгершілік борышы және Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объек­тілерін қорғау және пайдалану тура­лы» Заңымен белгіленетін міндеті болып табылады. Заңнамада археология, ансамбль, қала құрылысы мен сәулет ескерткіштерімен қатар, ғимараттар мен құрылыстардың қасбетіне орналастырылатын, аса көрнекті тұлғалар және айрықша оқиғалар туралы ақпаратты қамтитын мемориалдық тақталар, сондай-ақ, аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументті өнер туындыларына (ескерткіштер, стелалар, бюстер) да ұғым беріліп, заңнамадан туындайтын нормативтік актілермен қағидалары бекітілген.

Жергілікті тұрғындар арасындағы көп кезде­сетін сұрақ болғандықтан мону­ментті өнердің жаңа құрылыстары уәкі­лет­ті органның шешімі негізінде жүзеге асырылатынын атап өткім келеді. Аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату арқылы мәңгі есте қалдыру аса көрнекті тұлғаның қайтыс болған немесе тарихи оқиғаның болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң жүзеге асырылады. Одан әрі монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату тәртібіне сәйкес тиісті жұмыстар жүзеге асырылады.

Археологиялық зерттеулерді заң­сыз жүр­гізу жағ­дайларына келер болсақ, қа­зіргі таң­да далалық жерлерде белгі­сіз кен із­деу­шілер немесе «қара археолог­тар» ме­талл іздегіш радарлармен археологиялық ескерткіштерді қазып, талқан­дап кету жағдайлары көп кездеседі. Олар­дың әрекеті ескерткіштің мәдени қаба­тын жойып, сақталған құрылысын анық­тауға нұқсан келтіреді, құнды жәді­­гер­лердің қайтарымсыз жоғалуына әке­­ліп соғады. Ағымдағы жылдың 13 ақ­па­­нында Парламент Мәжілісінде «Та­ри­хи-мәдени мұра объектілерін қор­ғау және пайдалану туралы» заңының жаңа жобасы қаралып, мақұлданды. Жаңа заң­да уәкілетті органмен археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыс­та­ры­ның жоспары жасақталып бекітіледі. Жоспардан тыс археологиялық қазба жұ­мыс­тары заңсыз болып табылады. Осы орайда, арнайы тексеру рейдтерін жүргізіп, кез келген күдікті деп танылған әрбір әрекет бақылауға алыну керек. Қылмыстық кодекстің 295-бабына сәйкес археологиялық жұмыстарды заңсыз жүр­гізу бойынша тарихи-мәдени мұра объек­тісінде археологиялық жұмыстарды заң­сыз жүргізу – іздестірудің арнайы техни­ка­лық құралдарын (металл іздегіштер, радарлар, магниттік аспаптар, топырақ қабатында археологиялық заттардың болуын айқындауға мүмкіндік беретін басқа да техникалық құралдар) немесе жер қазатын машиналарды пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе он мың, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу­ға не сол мөлшерде түзеу жұмыс­та­ры­на не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы кез келген елдің, халық­тың тарихы мен мәдениетінің күй­ре­уіне, жойылуына алып келетіні белгілі.

Қазіргі таңда, Маңғыстау облысы әкім­ді­гінің «Жергілікті маңызы бар Та­рих және мәдениет ескерткіштерінің мем­­лекеттік тізімін бекіту туралы» қау­лы­­сына өзгерістер енгізіліп, 2018 жылғы 5 қаң­тардағы № 3 қаулысымен 570 ескерткіш мемлекеттiк тізімге енгізілген. Мәдениет және спорт министрінің 2015  жылғы 30 наурызындағы № 119 бұй­ры­ғы­мен бекітілген республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне Маңғыстау облысынан 20 нысан кірген. Облыста бұған қоса 800-ден астам тарихи-мәдени мұра объектілері алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Жаңадан анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері де өздерінің мәр­тебесi туралы түпкiлiктi шешiм қа­был­­данғанға дейiн, заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткiштерiмен бiрдей қорғал­уы тиiс. 

Қазіргі таңда, 39 тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймақтарының жоба­лары жасақталып, облыс әкім­ді­гі­нің қаулысымен және мәслихат шешім­­дерімен бекітілген. Оның ішінде, рес­пуб­ликалық маңызы бар 14 ескерткіш: «Ескі Бейнеу қорымы және Бекет ата жерасты мешіті», «Оғыланды жеріндегі Бекет ата жерасты мешіті», «Сисем ата қорымы», «Шақпақ ата қорымы және жерасты мешіті», «Масат ата қорымы және жерасты мешіті», «Қараман ата қорымы және жерасты мешіті», «Ақүйік», «Бекі», «Уәлі», «Бесінбай», «Қарамола (Шытша, Төбеқұдық)», «Қызылсу»  қорымдары, «Омар-Тұр күмбезтамы», сондай-ақ 25 жергілікті маңызы бар «Оғыланды қорымы», «Сұлтан-үпі жерасты мешіті, қорымы және сайы», «Қарағашты әулие», «Кенті баба», «Сағындық», «Үштам», «Қалипан», «Нұрмағанбет», «Жамбауыл» қорымдары, «Адай ата – Отпан тау тарихи-мәдени кешені», «Асау», «Барақ», «Құсшы ата», «Ешкі­қырған», «Бегеш», «Белторан», «Айым­бет», «Ақшора», «Жылқыбай», «Қалың-арбат», «Қошқар ата», «Мая», «Шат», «Қатем» қорымдары, «Қызылқала қала­шы­ғы, Ақмыш сайы» ескерткіштері. Қор­ғау аймағының аумағында тарихи-мәдени мұра объектісінің сақталуына, оның тарихи-мәдени қабылдануына теріс әсе­рін тигізетін жұмыстар жүргізілмейді (жаңа қабірлер орнатуға, құрылыстар салуға, т.б.). 

Сонымен қатар тарихи-мәдени мұра объектiлерi мен ландшафтарды сақтау жөнiн­дегi талаптар «Сәулет, қала құры­лы­сы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 10-бабында да қарастырылған. Тарих және мәдениет ескерткiштерi мен қорғалатын ландшафтық объектiлер деп танылған аумақтар мен объектiлердiң сақталу талаптарына негiзделуге тиiс. Тарих және мәдениет ескерткiштерi, қорға­латын табиғат объектiлерi бар аумақ­тарда ерекше реттелетiн шекара белгiленедi, оның шегiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүргiзуге тыйым салынады немесе шек қойылады. 

Маңғыстау өңірінде бағзы замандар­дан бері ата-бабалар аруағын құрмет тұ­ту, рулық қорымдардағы халық ба­тыр­­лары, билері, ақындары, қоғам қай­рат­­керлерінің қабірлеріне зиярат ету, марқұм болған тумаластарын киелі орын­дарға жерлеу дәстүрлері сақ­тал­ған. Еліміздің өзге аймақтарымен салыс­тырғанда, біздің өңірімізде ата-баба­ла­ры­ның бастарына күмбездер мен кереге тамдар көтеру, ескерткіш-белгілерін салу қарқынды дамыған. Сонымен қатар кейбіреулер ежелгі сәулет пішіндерін ата-бабамның қабірі деп өз бетімен құлаған күмбездерді қайта қалап, заңға қайшы әрекет етеді. Мемлекет қорғауындағы қорымдардағы ежелгі қабірүсті құрылыстарына қандай да бір нұқсан келтіру заңбұзушылық әрекет болып табылады. Тарих және мә­де­ниет ескерткіштеріне ғылыми-рес­тав­­рациялау жұмыстарын жүргізуде ли­цен­зиясы бар ұйымдарды тарту арқылы ең алдымен ғылыми-жобалау құжаттамасын дайындау жұмыстары жүзеге асырылады. Қазақстан Респуб­ли­касының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы Заңы­ның 145-бабы бойынша Қазақстан Рес­публикасының тарихи-мәдени мұра объек­тілерін қорғау және пайдалану сала­сындағы заңнамасын бұзу бойын­ша жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқта­та тұрып, жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, орта кәсіпкерлік субъек­тілеріне – жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз елу айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Қылмыстық кодексiнің 203-бабы бойынша ерекше құндылығы бар заттарды қасақана бүлдіру – үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңға сәйкес аудандардың жергiлiктi атқа­ру­шы органдары өз аумағында тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша, тарих және мәдениет ескерт­кiш­терiне қауiп төндiретiн құрылыс және өзге де жұмыстарды тоқтата тұру, сондай-ақ оларға тыйым салу туралы мәселенi шешедi. Алайда, аудан аумақ­тарында жергілікті тұрғындар үшін жерлеу тәртібін ұйымдастыру, жаңа қойы­лымдарға арналған арна­йы жер телімін бөлу, оны белгілі бір ұйым­ға заңдастырып рәсімдеу жұмыс­та­ры іс жүзінде орындалмай келеді. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақ­тап қалудағы негізгі шаралардың бірі – аумақтарды игеру кезінде жер учас­келері бөліп берілгенге дейін та­ри­хи-мәдени мұра объектілерін анық­тау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргі­з­ілуге тиіс. Тарихи-мәдени мұра объек­ті­лерінің сақталып тұруына қатер төн­дір­уі мүмкін жұмыстардың барлық түр­лерін жүргізуге тыйым салынады. Қа­зақ­стан Республикасының 2003 жыл­ғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 127-бабы бойынша тарихи-мәдени мақ­саттағы жер тарихи-мәдени мұра объек­тілері, оның ішінде тарих және мәде­ниет ескерткіштері орналасқан жер учаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылады.
Біздің алдымызда тұрған басты мін­дет­­­тердің бірі – барша қоғам болып Ұлы дала халқының ұлттық құнды­лық­та­рын сақтау және болашақ ұрпақ­қа аманат ету болып табылады. 

Нұрсәуле ДАУЫМШАРОВА,

Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының маманы