Қоғам • 19 Сәуір, 2019

Талпыныстан – табысқа

1403 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өз өмірі де киноға сұранып тұр­ған танымал актриса, бір­неше бизнесті қатар алып жүр­ген Гүлшарат Жұбаеваны жұрт қазір сегіз қырынан да көріп жүр. Ой-парасатымен, іскерлігімен он жігітті орап ке­тер қасиеті бар қазақ қызы са­уап­ты істерімен де талайдың оң ба­та­сын алып отырған жайы бар.

Талпыныстан –  табысқа

Елден не аламын демей, өз еліме не беремін деген қағидамен өмір сүретін бүгінгі мақтан тұтар марғасқаның келбетін іздейтін болсақ, талайлар Гүл­шараттың тірлігін елестеткен бо­лар еді. Ата-ененің көңілін тауып, күйеудің ырзалығына бөленіп, қазаны асулы, балаларының бағулы, көрпесінің құраулы, бақытының тұрлаулы болуын бір сәт те ұмытпай, үлкен кәсіпті дөңгелету – бұл да Құдай­дың берген бір дарыны болар!

Бір өзі 60 шақты адамға, «Shabyt» шеберханасында 15-ке жу­ық тігін­шіге, «Shabyt» шоу тобында 30 би­шіге, «Шабыт» сұлулық салоны мен дүкенінде талай қыз-келіншекке жұмыс беріп отырған Гүлшарат Жұ­баева ақпан айынан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде шеберлік дәрістерін өткізе бастады. Мақсаты – отандық киім­дерді арзан әрі үйде отырып-ақ тіге ала­тын ісмерлер дайындау.

«Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз»

Үлкен бизнестің барлығы да кішкентай идеялардан бастау алады. Гүлшаратқа кәсіпкерлікке қалай келдіңіз десек, ол Ғ.Мүсірепов атын­дағы балалар мен жасөспірімдер театрының жатақ­ханасында жұ­мыс­тан бос кезде тар жерге тығылып, тігін машинасымен еш­кімге алақан жай­­май, ешкімнен несие алмай, өз киім­дерін тігуден бас­тағанын айтар еді.

– Адам үнемі үйрену, даму үстінде жүреді. Әртүрлі саланы, әртүрлі әдіс­ті қолданып көру, тәуекелге бару ме­нің табиғатымда бар. Осыдан 2 жыл бұрын Corel draw бағдарламасын оқып алдым. Қазір өзім сызған оюлар­дың вектор нұсқасын жасай аламын. Сосын графикалық планшетті шетел­ден алдыртып, меңгеруге тырыстым. Бірақ мен ойлағандай оңай ша­руа емес екен. Ағылшын тілін үйре­нуді бас­тағанмын, шүкір қазір біраз үй­реніп қалдым.

Тігін тігудің тиімді технологияларын үйренемін деп курстарға барып көрдім. Совет технологиясы Season, неміс технологиясы Мюллер, заманауи Любокс – бәрімен таныстым, біл­дім. Нәтижесінде өз жолымды таптым.

Салонымда жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда, Resin art техникасына оқыдым. Ойымдағы картинаны өзім салып, жаным рахаттанып әрі сән салоным жайнап кетті.

Осыдан кейін де ақшасын тө­леп, онлайн курсқа жазылдым. Мақ­сатым 3D Max, VRay, Carona бағдарламаларын үйреніп, визуализация әлемімен танысу болды. Сонда да, білетінім – бір тоғыз, ал білмейтінім – тоқсан тоғыз.


Үй күтушісі болған күндер де артта қалды

Атырауға алғаш келген жылда­ры қа­рашаның суығында сіңлім екеу­міз далада қалдық. Мен дәмханада «бар­менмін», сіңлім кондуктор. Оған дейін дәмхана иесі неміс әйелмен келісіп, сол жерге қонып жүрген едік. Бір күні ол енді бізді тұрғыза алмайтынын айтты. Түн ортасында жамылғымызды кө­теріп, подъезде отырмыз. Кімнің тере­зесінің жарығы жанады, соның есігін қағуға батылымыз бармай, бүрсеңдеп отырамыз. Содан шыдамай түнгі са­ғат төртте бір үйдің есігін қағып, қо­нып шығуды сұрадық. Есік ашқан жасы  35 шамасындағы қазақ жігіті басында бізден қорықса да, ішке кіргізді. Таңертең ол Қарабатанға жұмысқа кетіп бара жатып, екеумізге шәйімізді беріп, екі сағат мызғып алуға мұрсат бергенін ұмытқан емеспін.

Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Мәселенің барлығын тек еңбек шешпейді. Еңбекқор адам көп. Бірақ неге барлығы табысқа жетпейді? Идея қажет.

Әлеуметтік парақшамда бір қыз: «Сіз осы немен айналысасыз?, Кімсіз?» деп сұрақ қойыпты. Орал­ман­мын, ұлтым қазақ! Мектепте 5 сы­ныпқа дейін оқып, 6 сыныптан бастап Нөкістегі музыкалық учи­лищенің хореография бөлімін қызыл дипломмен бітірдім. Ата-анам өнерге жібергісі келмей, Ташкентте заңгерлікке оқыт­ты. Содан кейін Атыраудағы Х.Дос­мұ­хамедов университетінде тағы заң фа­культетінде оқыдым.

Алматыға келген соң Т.Жүр­генов атындағы Ұлт­тық өнер академия­сында ки­­­но продюсері және ТВ ма­ман­ды­ғына түсіп, тұр­мыс­қа шығуыма бай­ланыс­ты, театрдағы жұмы­сымды да, оқуым­­ды да жал­ғас­тыра алма­дым. Кейін Біш­кек­тегі Б.Би­шеналиева атын­дағ­ы өнер инс­титутын сырттай бі­тірдім. Со­нымен 2 орта, 2 жоғары білімім бар болса, оның 4-еуі – 4 елден.

Мектепті қарақалпақ-өзбек ті­лінде латын әліпбиімен оқы­дым. Қазақша қате жібере­тін­дік­тен, намыстанып қазақша сауат­ты жазуды өздігімнен үйрендім.

Ташкентте жүргенде аспаз боламын деп кондитерлік курс бітіргенім де бар. Негізі өзімді мықты биші ретінде көретінмін, бірақ халық мені ак­триса ретінде таныды. Ғ.Мү­сірепов театрын­да хорео­граф болып жүріп, арнайы дәріс­тер алып, сахнаға шыға бастадым. Сәтсіз жобаларым да болған, дейді Гүлшарат Жұбаева.

Осыдан 15 жыл бұрын ғана Құл­сары қаласында үй қызметшісі бол­ғанмын десем сенесіз бе? Жа­лындаған жас шағымда үй­ренбеген өлкеде осындай жұмыс істеу маған оңай болған жоқ. Өйткені мен музыкалық училищедегі күндерімді, спортты, өскен ортамды, анамның 40 қыз жұмыс істейтін тігін цехын, ауылдағы үйімізді, дәмхана-дүкенімізді, бастықтың ерке қызы болып жүрген кездерімді сағынатынмын.

Үй қызметшісі болып жүргенде суды ауладағы бөшкеден шелекпен тасып, қолмен кір жуып, тамақ пісіріп, кейде ақ жаймаларын тігіп, одан қалса сол үйдің балаларына жаттықтырушы болып, күндер өтіп жатты. Сондай күндердің бірінде су тасып жүріп, үйдің алдында құлап қалдым. Сол кезде тізем ауырмаған да болар, бәлкім. Бірақ ызадан, тамаққа тығылып тұрған өксіктен еңіреп жылағаным әлі есімде.

Мұның барлығын айтып отыр­ғаным, Аллаға мың шүкір, алға қой­ған мақсаттарыма біртіндеп жетіп келе­мін. Бүгінде нөлден бастаған «Shabyt» деген өз әлемім бар. Бұл жер­де жолдасың кәсіпкер дегіңіз келсе, ол да мен сияқты пәтерде бірге жүріп бәрін нөлден бастаған азамат!


«Аналар үйіндегі» қарагөздерді кәсіпке баулыды

Өмірдің тезінде жеңімпаз болуды үйренген Гүлшарат алғаш рет «Аналар үйінде» тағдырына мойымай, балаcын тұм­сығымен тістелеп бағып жүрген қыз­дармен білгенімен бөлісіп, тігін өне­рінен тегін шеберлік дәрісін бастайды.

– Бұдан бес-алты жыл бұрын Алматыда екі-ақ «Аналар үйі» болса, қазір республикада олардың саны 24-ке жеткен. Әрқайсысында 10-20 шақты жас ана тұрады. Арасында 30-35 жастағы ақыл тоқтатқан келін­шектер де, 15-16 жастағы бойжеткендер де бар. Жуырда жұмысқа «Аналар үйіндегі» 17 жастағы екі жасар баласы бар ананы алдым. Ол 14 жасында алданып, жүкті болып қалған. Ол жерге барып жүрген бес-алты жылда байқағаным, онда кілең еліміздің түкпір-түкпірінен келген ауылдың қыздары. Оларға тегін кәсіп үйретіп, қабілетті дегендерін жұмысқа бедел жинау үшін алып жатқаным жоқ. Сүрініп жүрген бір адамның болсын қолтығынан демеп, еңсесін көтеруіне көмектессем деймін.

«Аналар үйіне» барып тегін сабақ өткізетінімді, қоластымдағы қызмет­керлерге арнап үй салып жатқанымды жария ете бермеймін. Себебі жазбамды көрген соң, қолұшын созуымды өтініп, хат жазатын адамдар саны толас­тамай кетеді. Біріншіден, мен олар­дың бәрін жұмыспен қамти алмай­мын. Екіншіден, баласымен келген келін­шектердің жауапкершілігі көп. Кіш­кентай сәбиімен келген соң, жылы үй, ай сайын тұрақты жалақы беруім керек.


Жалғызбасты аналарға жатақхана салды

Жұбаева жалғызбасты аналар мен қоластындағы қызметкерлерге арналған тегін жатақхана құрылысын өткен жылы қолға алған болатын. Амандық болса, қоныстой жасайтын күндер де алыс емес.

Қазір қыз-келіншектерге арналған тренингтер, ақыл айтатын психологтар көп қой. Табысқа жеткен атақты психолог, кәсіпкерлердің кітаптарын оқып, сөз сапырып шығу бір бөлек. Ал өз басыңнан бәрін өткізіп, қай жер­де құладың, неге құладың, қандай қиын­дықтар кездеседі деген сынды сұрақ­тарға жауап бере отырып, өмір­лік тәжірибеңмен бөлісу – ол бас­қа дүние. Оның үстіне өзің­нің де, өзгенің де уақытын алып, сабақ өткен соң: «Мынау былай тігі­леді, мынау былай қиылады» деп қайтарып жібермей, мотивация беру, сенімділік ұялату керек. Ешқандай Бәке-көкесіз қалталы күйеусіз кәсіп ашу қолымнан келді. «Сенің де қолыңнан келеді» дегенді саналарына сіңіргім келеді.

Республика бойынша курстар легін бастадық. Курста негізінен киім­­ді қалай пішіп, оңай жолмен тігу әдіс­терін үйретемін. Көп нәрсені қиындатудың қажеті жоқ. Бүгінде алты айлық баладан бастап, стандартты емес өлшемге арналған киімдердің түр-түрінің үлгісі интернетте толып тұр. Ниет болса, бәрін үйреніп алуға болады. Бастысы мидағы кедергілерді жою керек. Біз бүгін киімді де, басқаны да шетелден сатып алып жатырмыз. Біздің елде икемді, ісмер қыз-келіншектер жетеді. Ақылы курс ашу негізі ойымда болмаған. «Аналар үйінде» өткізіп жүрген шеберлік сабақтарын тікелей эфирден көргендер «бізге де үйретіңізші» деп хаттар жаза бастады. Сонымен аяқ астынан шеберлік курсын бас­тап кеттім. Елімізде кәсіп бастаймын, жұмыс жасаймын деген жанға мүмкіндік көп. Курста «несие алсам» дейтін келіншектер жиі кездеседі. Негізі несиесіз-ақ кәсіп бастауға болады, бірақ тәжірбиесі бар адаммен ақылдасып, жүйелі жоспар құрып барып кірісу керек, – дейді Гүлшарат.

 

АЛМАТЫ