Аймақтар • 19 Сәуір, 2019

Жоғалған Солтүстік Қазақстан тұрғыны Мәскеуден табылды

890 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мамлют ауданында тұратын әйел бірнеше ай бойы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып, шарқ ұрған.

Жоғалған Солтүстік Қазақстан тұрғыны Мәскеуден табылды

Сөйтсе, ұлы отбасылық жанжалдан кейін үйінен белгісіз жаққа кетіп қалған. Содан бері ешқандай хабар болмаған. Ақыры аудандық полиция бөліміне жүгінуіне тура келген. Тәртіп сақшылары оның өтінішін қабылдап, жедел- іздестіру шараларын ұйымдастырған. 30 жастағы  жігітке қатысты мәліметтер барлық аумақтық бөлімдерге жіберілген. Алайда, ол туыстарымен ешқандай байланысқа шықпаған. Ресейге дейін сұрау салынған.

Оның Мәскеу қаласында жүргені анықталып, жедел уәкілдер дереу  сол жаққа аттанған. Сөйтсе, бейбақ ананың ұлы мұнда тіркеуге тұрып, жұмысқа орналасқан. Бірақ жақындарына хабар беруге асықпаған.

«Жерлес полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз.  Балам бір нәрсеге ұрынып қалды ма деп қатты уайымдадым.  Телефоннан қашан даусын естігенше тыныш жата алмадым», дейді Галина  Болоташвили.

Жыл басынан солтүстікқазақстандық полицейлер үйлерінен кетіп қалған 26 адамның жүрген жерлерін анықтады. Араларында кәмелетке толмағандар да бар.