Аймақтар • 19 Сәуір, 2019

Күләш Шәмшидинова Семейдегі №5 мектеп-гимназия жұмысына жоғары баға берді

2392 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова осындағы «Рухани жаңғыру» кабинетінде кездесу өткізді. Гимназия директоры Алма Әубәкірованың айтуынша, бұл алғашқы Алаш мектебі – бүгінде «Шәкәрім» атындағы мектеп-гимназияның 100 жылдық тарихы бар. Іргетасын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар қалаған.

Күләш Шәмшидинова Семейдегі №5 мектеп-гимназия жұмысына жоғары баға берді

Алма Медетқызы  басқарып отырған педагогикалық ұжым 2007 жылдан бері үш тілді білім беру бағытында дарынды балаларға арналған мектеп ретінде нәтижелі жұмыс жасауда. Білім беру саласында Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Кембридж университетімен бірлесе жұмыс істеуде. Мұғалімдердің кәсіби қоғамдастығы аясында өз тәжірибелерін республика көлемінде форумдар мен семинарлар арқылы шеберлік сабақтар үлгісінде өткізуде.

Мектеп ұжымының іс - тәжірибелері  осыған дейін өткізілген «Көптілділік-әлемдік білім кеңістігіне интеграцияланудың негізгі шарты» тақырыбындағы республикалық ғылыми - әдістемелік семинар арқылы таратылды. Соңғы 5 жылда мектепте 60-тан аса әдістемелік әзірлемелер дайындалып, 24 мұғалім педагогикалық идеялар фестивалінің облыстық, республикалық деңгейінде  лауреат атанып, 35 мұғалімнің авторлық жобалары үздік деп танылды. 56 - оқушы халықаралық ғылыми жобалар конкурсында, облыстық деңгейде – 62 оқушы, республикалық деңгейде -34 оқушы жүлдегер атанып, әлемнің 11 мемлекетінде болып, халықаралық деңгейде ғылыми жобаларын қорғаған.

Мектептің «Рухани жаңғыру» кабинетінде ұстаздармен жылы жүздескен Күләш Шәмшидинова былай деді:

-Білім және ғылым министрлігі өз тарапынан химия, физика, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын ұстаздарды дайындауға басты назар аударып отыр. Ұстаздарымызды үш тілде оқытуға дайындаймыз. Ал мектеп те соған сай дайын болуы керек қой. Міне, осы тұста мен  Шәкәрім атындағы гимназиядан үлгі алыңдар дер едім. Бұл мектеп Тәуелсіздік алғаннан бері үш тілде оқытуға бейімделген. Басқа мектептер де үш тілде оқытуға дайын болулары керек.  Дегенмен оқыту барысында қай тілді басымдықпен таңдап аламыз дейді, оны оқушылар, ата-аналар мен мектеп ұжымы өзі шешеді. Біз республикадағы мұғалімдердің «Педагог» статусын көтеріп, еңбекақысын уақтылы алғанды, төмен жалақы алатын мұғалім, кітапханашылардың еңбекақысына заң аясында тиісті қосымша төленулеріне мүмкіндік жасаймыз.

Министр Күләш Шәмшидинова Семейде сондай-ақ №49 мектепте және бірқатар білім мекемелерінде болды.


Раушан НҰҒМАНБЕКОВА                  

«Еgemen Qazaqstan»

СЕМЕЙ