Руханият • 22 Сәуір, 2019

Өнерлі студенттер – Өскеменде

798 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Жастар жылы аясында «Ұлы өнер – ұлт жаңғыруы» тақырыбымен республикалық студенттік театрлар фестивалі өтті.

Өнерлі студенттер – Өскеменде

Екі күнге созылған өнер мерекесіне еліміздің 8 қаласындағы 10 жоғары оқу ор­нынан 12 студенттік театр қатыс­ты. Фестиваль қорытындысында «Сә­кен» пьесасын сахналаған Нұр-Сұл­тан қаласындағы С.Сейфуллин атын­да­ғы Қазақ агротехникалық универси­тетінің «Ақ желкен» театры бас жүлдеге (200 мың теңге) лайық деп танылды. Бі­рінші орынды Талдықорған қала­сының І.Жансүгіров атындағы Жеті­су мемлекеттік университетінің «Жас түлек» (жетекшісі – Ғалия Темір­баева, «Жан дауа» спектаклі) театры иеленді. Екі 2-орынды Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің «Шаңырақ» (жетекшісі – Жан­серік Садықов, «Бір түп алма ағашы» спектаклі), Тараз мемлекеттік педаго­ги­калық университетінің «Жанса­рай» (жетекшісі – Майра Әлімбекова, И.Са­парбайдың «Ауылдан келген ару» спектаклі), үш 3-орынды Алма­ты­дағы Тұран университетінің «TeArt Turan» (жетекшісі – Жәмила Қайып­берді, «Қай заман» қойылымы), Тараз ин­новациялық-гуманитарлық университетінің «ТИГУ Жастар театры» (жетекшісі – Әбиірбек Тінәлі, «Те­мір қатын»), Шәкәрім атындағы Се­мей мем­лекеттік университетінің «Қа­рагөз» (же­текшісі – Айман Ақтанова, «Кеу­деңде соқ­қан жүрегім») театрлары өзара бөлісті. 

Жүлде алып, жүздері бал-бұл жан­ған өнерлі студенттерді Сәрсен Аман­жолов атындағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік университетінің ректоры Мұхтар Төлеген құттықтады. «Жас­тар жылы аясында талантты жастар­ды қолдау, қанаттандыру әрі әр өңір­дің студенттерінің достық қарым-қатынастарын нығайту мақсатында осы шараны ұйымдастырдық. Сіздердің тек білім-ғылыммен шектелмей, мәдениетті көтеруге үлес қосып жатқандарыңыз қуантады. ШҚМУ – Шығыстағы 65 жылдық тарихы бар іргелі университет. Біз өнерлі, талантты, талапты жастарды әр кез қолдауға дайынбыз», деді ол. 

Студенттердің өнеріне баға берген қазылар алқасының төрағасы, Өске­мендегі облыстық драма театр­дың көркемдік жетекшісі Сахан Әке­леев фестивальдың жоғары деңгей­де өткендігін айтады. «Театр студент­терінің таңдаған тақырыбы, актерлік ше­берліктері, режиссерлік шешімдері жо­ғары деңгейде болғандықтан бас жүлдені бірауыздан «Сәкен» қойылымына бер­дік. «Қай заман» қойылымы креа­тивті көрінгенімен, уақыты тым қыс­қа әрі аяқ жағы түсініксіз болды. Талды­қор­ғандық студенттер қойған «Жан дауа» қойылымында бүгінгі күн­нің өзекті мәселелерінің бірі – наша­қорлық тақырыбы қаузалыпты. «Шатыр астындағы мен» қойылымы да қазіргі кезеңнің түйткілді мәселелерін көтерумен ерекшеленді. Өскемендік «Ша­быт» театры да фестивальға айрық­ша дайындықпен келіпті. «Махаб­бат мұңы» қойылымының режис­серлік шешімі өзгеше болды. Сах­на­дағы қолшатырдың ойнап кетуі, орын­дықтардың бірнеше реңкке енуі, бөлмеге, кеңсеге, есіктің босағасына айналуы, адамның жан дүниесін шатырларды айналдыру арқылы беруі өте әсерлі шықты. Актерлік ансамбль бар. Бір сөзбен айтқанда, кәсіби театрлармен терезесі тең болмаса да олармен таласқа түсетіндей қарым-қабілетке ие, өзіндік бет-бейнесі бар өнер шаңырақтарының қалыптасып келе жатқанын көрдік», дейді С.Әкелеев.

ӨСКЕМЕН