Аймақтар • 26 Сәуір, 2019

Алматыдағы Қазақстан ревматологтарының II конгресі басталды

1219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда Қазақстан ревматологтарының II конгресі өз жұмысын бастады. Асқар Шәкенұлы Сейсенбаевтың құрметіне арналған Конгреске Қазақстанның барлық аймақтардан 500-ден аса дәрігер қатысып отыр. Сондай-ақ жиынға Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Украина, Оңтүстік Кореяда мамандары да келді.

Алматыдағы Қазақстан ревматологтарының II конгресі басталды

Бұл форум ревматологтарға ғана емес, сонымен бірге, ішкі органдарды емдейтін терапевттер үшін де аса қызықты. Бірінші кезекте, диагностика сапасы талқыланады, диагностикадан бастап оңалтуға дейінгі кезеңде аурудың әртүрлі сатысында акушер-гинеколог, маммолог және онкологтардың өзара әрекеттесу мәселесі қарастырылады. Остеопороз және D дәруменінің жетіспеушілігі мәселелері көтерілмек. Бұл Конгресс Қазақстанның денсаулық сақтау саласына заманауи диагностика әдістерін ендіруге арналған.

Мінберден сөз алған спикерлер қатарында Қазақ ревматологтар алқасының төрағасы, профессор Ғ.Тоғызбаев, С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетінің ректоры, профессор Т. Нұрғожин, Ресей Ревматологтар қауымдастығының вице-президенті, академик В.Мазуров (Санкт-Петербург), сеулдік жетекші ғалымдар Dohsik Minn (Do-CiC Mihn), Nackmoon Sung пен Min Heesuk бар.

Кореялық дәрігерлер жиында ревматизм аурулары мен жұлын иммунологиясын зертханалық әдіспен бағалау, инновациялық технологиялар көмегімен молекулярлық диагностика жүргізу және аутоиммундық ревматизм кезіндегі жүрек-қантамыр аурулары асқынуының алдын алу мәселелерін көтеріп отыр. Қазақ ревматологтар алқасының төрағасы  Ғ.Тоғызбаев Қазақстан ревматология саласына жаңа технологияларды тартудың келешегі туралы сөз қозғады.

Конгресс бағдарламасы ғылыми сессияларға, пленарлық мәжілістер мен симпозиумдарға толы әрі мазмұнды түрде өтуде. Екі күн бойы қатысушылар ревматологияның өзекті теориялық және клиникалық мәселелерін, ревматизмдік ауруларды (ревматоидты артрит, спондилоартрит, аутоқабынушы аурулар, қызыл жегі, жүйелі склероз, жүйелі васкулит, остеоартроз, остеопороз) диагностикалау және емдеуге арналған заманауи клиникалық ұсынымдарды, ревматология саласындағы түбегейлі жаңа зерттеу бағыттарын, Қазақстанда ревматология қызметін дамыту және жетілдіру келешегін ортаға салмақ.

Қазіргі таңда ревматизм дерті кардиологиялық аурулар мен онкологиядан кейін мүгедектікке шалдықтыру жағына үшінші орында тұр. Ревматизм ауруына шалдыққан науқастардың 72%-ы еңбекке жарамды 18-59 жас аралығындағы азаматтар болып табылады. Ауруға шалдыққандардың 65%-ын әйелдер құрайды.

Конгресті Қазақ ревматологтар алқасы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауына сүйене отырып, «Ұлттық медицина университеті» АҚ бірлесіп ұйымдастырып отыр.



АЛМАТЫ