Қоғам • 07 Мамыр, 2019

Ұлы дала арулары – Отан қорғаушылары

851 реткөрсетілді

Бұған дейін әлем тарихында «жауынгер әйел» деген ұғым тек ерекшелік болатын. Ал XX-XXI ғасырлар тоғысында әскери қызметші әйел немесе жауынгер әйел сияқты мамандықтың болуы ешкімді таңғалдырмайды. Қоғам ежелден бері ерлермен қатар тұратын және Отанына күрделі және қиын уақыттарды жеңуге көмектесетін әйелдерді мадақтаған және мадақтайды. Бұған Қазақстанның мыңдаған әйелдерінің 1941 – 1945 жылдары Ұлы Отан соғысының майдандарындағы ерлік күрестері, тылдағы қайсар еңбегі дәлел.

Аға буынның осындай жақсы дәстүрлері бізде де сақталып қалды және ұрпақтан-ұрпаққа берілуде. Қазіргі заманғы әйелдер анағұр­лым беделді және өздеріне сенімді, олар тең құқылыққа ұмтылады, мемлекеттік биліктің жоғары органдарында басшылық лауазым­дар­ға жиірек тағайындалады, біздің тыныс-тіршілігіміздің әртүрлі салаларында табысты еңбек етеді. Барлық уақытта Ұлы даламызды ерлермен иін тіресе жауынгер және батыр әйелдер күзеткен. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заманғы армиясында нәзік қауым өкілдері қызмет атқарады, ал «армияда қызмет ету – әйелдердің ісі емес» деген таптаурын өткен заманмен кетті.

Бүгін әйелдерге жарқын әскери мансап құруға және Отанымыз­дың толық құқылы қорғаушылары болуға мүмкіндік берілген. Мысалы, Израильдағыдай әскерге шақырылу міндетті болмаса да, қазақстандық қыздар Қарулы Күштер қатарында қызмет етеді. Бүгінгі күні статис­тикалық деректер бойынша, армия­дағы әйелдердің үлесі барлық әс­кери қызметшілердің санының 11 па­йызын құрайды.

Әскери қызметтің күрделі жағ­дайларына және жоғары жауап­кершілікке қарамастан, әйелдер еліміздің Қарулы Күштерінде ерлермен бірге мансаптық сатымен ілгерілейді және Қорғаныс ми­нистрінің кеңесшісі, өңірлік қолбас­шылық әскерлері қолбасшысының орынбасары, департамент бастығы және басқа да жоғары басшылық лауазымдарды атқарады.

Әйелдер қауымы өкілдерін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің барлық түрлері мен тектерінде кездестіруге болады. Қазақстанның армиясында қыздар тек медбикелермен, байланысшылармен және іс жүргізушілермен кауымдасудан әлдеқашан қалған. Бүгін Отанымызды қорғау ісінде ұшқыш, мерген, барлаушы және басқа да қыздар жүр.

Қарулы Күштерде алғашқы рет аға ұшқыш – авиациялық эскадрилья авиациялық буынының нұсқаушысы лауазымына әйел лейтенант Ардана Әміржанқызы Ботай тағайындалды, ол жауынгерлік ұшақты кәсіби түрде басқарады.

«Шығыс» өңірлік қолбас­шы­лы­ғының 44736 әскери бөлімін­де аға барлаушы-маман лауазымында сержант Әсем Сіләмқызы Жәкенова қызмет өткереді. Үз­дік жауынгерлік және арнайы даяр­лығы үшін мемлекеттік награда – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі­мен наградталды.

Әскери-теңіз күштерінде ерлермен қатар әскери корабль экипа­жы­ның құрамында міндет­терді орындайтын қыздар қызмет етеді.

Әскери қызметші әйелдердің әлемдік деңгейде Қазақстанның имиджі мен беделін нығайтуға қосқан үлестерін атап өткен жөн. Жыл сайын біздің армиямыздың нәзік өкілдері ерлермен қатар әртүрлі халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығуларға белсенді түрде қатысады. Лейтенант Зәмзәгүл Файзоллақызы Файзолланова дзюдо және қазақша күрестен Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы. Майор Ольга Рыпакова – еліміздің және Қарулы Күштердің мақтанышы. Жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы, үш орденнің иегері.

Одан басқа, Қарулы Күштерде әскери білім және ғылым саласында өздерінің мансаптарын жалғастырған әйелдер әскери қызмет өтейді, олар әскери ғылымды дамыту мәселелерімен тікелей айналысады және олардың ғылы­ми дәрежелері бар. Олар – эко­номика ғылымдарының докторы А.Н.Төлембаева, тарих ғылым­дарының кандидаттары, майор Н.С.Ысқақова және А.Қ.Төгісова.

Әлемдегі бейбітшілік пен қауіп­сіздікті қолдау үшін БҰҰ ай­қын­даған талаптарға сәйкес Қазақ­стан Республикасының Қор­ғаныс министрлігі Қазақстан Респуб­ликасының Парламенті бекіткен БҰҰ-ның миссияларына әскери байқаушылар және штабтық офицерлер ретінде қатысуы үшін әскери қызметшілерді жіберу жөнінде жұмыс жүргізеді.

Бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы әйелдердің рөлі өте маңызды және ерекше орын алады, себебі әйелдер бүкіләлемдік сана деңгейінде отбасының ұйытқысы, бейбітшіліктің, қауіпсіздік пен тыныштықтың кепілі. 

Қарулы қақтығыстарда әйелдер мен балалар көптеген қылмыстың объек­тісі, соның салдарынан олар дене жара­қатын ғана емес, психо­логия­­лық «жарақаттар» да алады.

Әйел­д­ер мен балалардың қылмыстық бұзушылық зардаптарын жеңуде оларға психологиялық жәрдем­ді бірінші болып бітімгерші әйел­д­ер көрсетеді. Осылайша әскери қызметші әйелдердің әскери компонент құрамында болуы бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті нығай­туда маңызды рөл атқарады. 

2018 жылы төрт әскери қызмет­ші әйел іріктелді және тиісті бітім­гершілік даярлықтан өтті.

Қазақстан Республикасы­ның бітімгершілік қызметі саласын­дағы әйелдер рөлін дамытудың жаңа парағын бірінші офицер әйел болып Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Кадрлар және әскери білім департаменті бөлімінің офицері, майор Шолпан Тауышова ашты, ол 2018 жылы желтоқсанда әскери байқаушы ретінде Батыс Сахараға Референ­дум өткізу жөніндегі БҰҰ-ның миссиясына жіберілді. Биылғы ақпанда Батыс Сахараға екінші әскери қызметші әйел болып капитан Айжан Жасұзақова аттанды.

Қарулы Күштерде мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту ісінде сіңірген еңбегі үшін әскери қыз­метші әйелдер жыл сайын мем­лекеттік наградалармен марапатталады. 2000 жылдан бері 34 әйел наградталды, оның ішінде 2017 жылы – 9 әйел, 2018 жылы – 5 әйел.

Әскери атақ беру әскери қыз­метшілердің мансаптық өсуінің бас­ты аспектісі және жеке басының ынтасы болып табылады. Кезекті әскери атақтарды мерзімінен бұрын беру ерекше рөл атқарады. Әскери борышын үлгілі орындағаны үшін барлығы 33 әскери қызметші әйелге әскери атақтар мерзімінен бұрын берілді.

Қорытындылай келе, бүгін­де қазіргі заманғы армияны әйел­дерсіз елестету қиын екенін атап өткім келеді. Кейбір міндет­терді өздерінің ерекшелік­теріне қарай олар ерлерге қарағанда анағұр­­лым жауапты және тиімді орын­дайды. Әйелдер қауымы өкіл­деріне армияда орын бар ма деген сұрақ өзекті емес деп санау­ға болады. Армиядағы әйел – аналық қамқор­лық пен жоғары жауапкер­шіліктің бейнесі символы.


Мүсілім АЛТЫНБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Әлкей Марғұлан мұралары

Қазақстан • Кеше

Түлен түрткен түс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар