Қоғам • 13 Мамыр, 2019

Ұрлық та, ұлылық та – тәрбиеден

3581 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ атамыз біреудің ақ-адал малын ұрлап, жеке мүлкін рұқсатсыз жымқырған ұры-қарыны, баукеспе-қарақшыны қатты жазалап, қоғам дертін тамырымен жоюға тырысып отырған.

Ұрлық та, ұлылық та –  тәрбиеден

Ұрлықтың қай заманда болсын қоғамға әлеуметтік әсерінен бөлек, саяси салқыны, мәдени зардабы да орасан. Жалпы, қазақтың көшпелі ғұмыр-салтында үйдің есігін бекітетін құлып деген бұйым болмаған. Оның орнына киіз үйдің екіге айқара ашылатын ағаш есігін баумен байлап кете беретін болған. Есік баумен байланып тұрса, иесіз үйге ешкім кірмеу керек деген бұлжымас заң жүрген. Кейде ұрыны баукеспе деп атайтынымыз сол, әлгі есіктің аузындағы бауды кесіп, үйдегі қымбат бұйымды, бағалы мүлікті ұрлап кеткендерді баукеспе дейді. Баланың тұсауын кескенде де аяғына ала жіп байлап, біреудің ала жібін аттама деп ырымдап, балағындағы бауды өткір кездікпен жолы жақсы, жасы үлкен адамға кестіруінің мәні де осы тәрбиеге саяды.

Ал әлгі баукеспені одан әрі елдің алдына шығарып, масқаралап, қазанның түбіндегі қап-қара майлы күйені бетіне жағып, елден шығарып жіберген. Ең қиыны, қап-қара майлы күйе жұққан адамның беті қанша жуса да ағармайды екен. Қайда барса да қарабет атанып, оны көрген ел «жүзі қара» деп анадайдан әлгі адамның ұры екенін бірден білетін болған.

Қазақтың Жеті жарғы заңы негізінен жаугершілік заманда жазылғаны белгілі. Жылқы ұрлайтындарды барымташы деп атап, ұрланған малдың құнын билер кесіп отырған. Айып төлеуші алған мүлікті артығымен қайтарып, жазаланған. Тіпті атты тұсайтын тұсамыс пен шідерді ұрлағандарды ауыр қылмыскер деп таныған. Ескіден қалған аңыз бойынша, шідер мен тұсамыс ұрлаған ұрыға өлім жазасы кесілген. Себебі ереулі ат – батырдың ең сенімді серігі. Оны тұсап не шідерлеп қоймаса, тұтқиылдан жау шапқанда кім ат іздеп жүреді? Көшпелі дала заңы осындай нәзік мәселеге дейін терең зерделеп, дұрыс шешім шығарып, бұлжымас заң ғып бекітіп отырған.

Қазірде ұрлықтың мәні де, мағынасы да, формасы да өзгерген. Халықтың қазынасын сүлікше сорып жатқан жемқорлар – бүгінгі ұрлықшылардың бір түрі. Алайда, оларды жазалайтын дала заңы далада қалды деуге болады. Ардан аттау, аярлықты жақтау әдетке айналып барады. Ең қиыны, ұрлық, барымташылық сүтпен дарып, сүйекке сіңетін мінез екенін ескеріп жатқан жоқпыз. Ұрының баласы да ертең осынау жаман әдетке үйір болмасына кім кепіл? Заманында бір ұрлықшы өзінің малын сайда ұрлап со­йып, үйіне тығып әкеліп жепті деген әпенділеу әңгіме бар. Ол – шын мәнінде күлетін нәрсе емес. Ұрлық – әдетке, әдет әдепті бұзатын ауыр күнәға апарады. 

Тағы да ескі әңгімеден естіген тәмсіл бар. Баяғыда кедей тұратын, бірақ та бала тәрбиесіне, әдет-ғұрыпқа үлкен мән беретін үйдің аяғы ауыр жас келіні қымызға жерік болса керек. Үйінде сауып ішетін биесі жоқ, көрші үйге қымыз ішкісі келіп бара қалса, есік ашық, үйде ешкім жоқ екен. Ілулі тұрған торсықтағы қымызға көзі түседі. Алып ішейін десе, бойы жетпейді, торсықтың бүйірін тесіп, түтік шимен бірер жұтып, тесікті қайта бекітіп шығып кетеді. 

Қаншама жылдар өткенде сол келіншектің баласы тура сол көрші үйдің балаларымен ойнап жүріп, әлдебір затты ұрлап кеткені белгілі болады. Баяғыда қымызды тесіп, ұрлап ішкені болмаса, ол келіншек баласын тағылымды тәрбиемен өсірген, қай жерден қателескенін есіне түсіре алмайды. Сонда баяғы көрші үйдің бәйбішесі келіншекті ұлымен бірге үйіне шақырып, алдымен екеуінен кешірім сұрайды. 

– Неге кешірім сұрайсыз, біз сіздің үйдің мүлкін ұрлап, кірерге тесік таппай тұрмыз емес пе? – депті әлгі жас келіншек. Сонда бәйбіше бір шындықтың бетін ашады. 

– Осы балаға аяғың ауыр кезде қымызға жерік болып, біздің үйге қымыз ішкің келіп кірген болатынсың. Мен сыртта жүр едім, сен үйде біз жоқ болсақ та, жерік асың ұятқа жеңістік бермей торсықтағы қымызды түтікпен бірер ұрттадың. Соны мен сыртта жүріп көріп қалдым, бірақ қылмысқа баламап едім, ұялып қалар деп өтірік көрмегенсіген болдым. Сонда өзім шақырып алып, жерік асыңды сұратпай, ұрлатпай ұсынуым керек еді, кішкентай түтікпен жұтқан бір жұтым қымызың мына баланың болмашы қылығы болып шығып тұрғанын қарасайшы!..», деп жымиыпты. 

Міне, ұрлық та, ұлылық та – тәрбиеден. Түйені түгімен, биені бүгімен жұтып жүрген көмейі құдық кейбіреулер ұрлық жайлы қандай түсінікте екен? Ойланатын нәрсе.