Аймақтар • 15 Мамыр, 2019

Құрамажем – мал бордақылаудың алғышарты

1040 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сапарға шыққанда трасса ма­ңын­­дағы ауылдардан өтуге тура келеді. Таңертеңгілік мал өріске айдалады, кешқұрым қайтады. Мүйіз­ді ірі қара күйісін қайырған күйі басқа жол таппағандай автомагистраль дәлізінде тұрып алады. Мың айдағанға былқ етпейтін сиыр малы өрістен келе жатса да тірсегіне іліккен сүйегін зорға сүйреп келе жатқанын көресің. Себеп көп қой. Баяғы айдындар тартылған, жайылымдық жерлер азайған. Күніге тар жерді шиыр­лап жайылған мал қалай ет қос­сын...

Құрамажем – мал бордақылаудың алғышарты

Қызылордаға қоңсы қонған Түр­кістан облысының Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылын мұқым жұрт біледі. Респуб­ликамыздың төрт облысына мал бордақылап, ет сатады. Ала­қан­дай ғана ауыл. Қарасуды жаға­лап қонған ауылдың жайылымы жоқ­қа тән. Бордақыға байланған мүйізді ірі қаралар өріске шығып, аяғымен жайылу дегенді білмей-ақ кетеді. Корегі – құрамажем. Қо­ңына қарасаң өріске жайыл­ған өгізге қарағанда сауырынан маса тайып жығылады. Таразы­ға салсаң өрістегі екі сиырдың сал­мағын басады. Яғни, мал баға­тын ағайынның пайдаға шық­қысы келсе құрамажемсіз күні жоқ.

Қызылорда облысының кәсіп­керлері бұл салаға қатты көңіл бө­ліп жатыр. Іскер азаматтар бел­ шешіп кірісіп кетті. Соның бірі – Қармақшы ауданының тұрғы­ны Людмила Альмеренова. Ол үйі­нің жанынан құрамажем дайындайтын шағын цех ашып алды.

Төрт түлігінен әркім-ақ пайда көр­гісі келеді. Ет, сүт бағасы жыл санап өсіп барады. Семіз малдың құны жоғары. Осының бәрін ой­ елегінен өткізген Людмила мем­лекеттік қолдау аясында ашыл­ған арнайы курста дәріс алады. Мамандығы технолог келіншек отағасымен бірлесе отырып, құ­­ра­ма жем дайындауға қажет нұс­қау­лық оқулықтарды оқиды. Осы­лайша құрама жем дайындайтын цех қондырғысын Ресейден сатып алып, жұмысын бастап кетті.

Шағын цехтың әзірге айы­на­ 1 мың 500 келі құрама жем­ да­йындауға мүмкіндігі жете­ді. Бойында мал семіртуге қа­жет­ дәруменге бай азықты са­тып алғысы келетіндер көп бол­ғандықтан кәсіпкер мемлекеттік қол­дау арқылы жеңіл несие ал­мақ. Осылайша кәсібінің аясын кеңейтпек.

Бидай ұнтағы, күнжара, жо­ңышқа мен кальций фосфаты қосылған құрамажем сауын сиыр мен бордақыдағы өгіз үшін құ­нарлы тағам. Сондықтан да сұ­раныс көп. Осындайда еске тү­седі. Дүние жүзіне экспортқа мрамор етін дайындап беріп отыр­ған Оңтүстік Кореядағы мал бордақылау концернінің бас­шылары құрамажем дайын­дайтын шөп, дақылдарды Аме­рика, Канада сияқты мемлекет­терден сатып алады екен. Өйт­кені, өздерінде бос жер жоқ. Әр аймақта құрама жем дайындайтын орталықтар бар, олар мал бор­дақылайтын алып фермаларды дәрумендермен қамтамасыз етіп отырады. Қазақстан сырттан жем-шөп сатып алатын жағдайда емес. Мал бордақылау ісін жолға қойып алса, тасы өрге домалайды. Қызылордалық кәсіпкерлер мұның бағамын жақсы біліп отыр.

 

Қызылорда облысы