Қазақстан • 15 Мамыр, 2019

Саяси технология – сайлау құралы

1499 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Саяси технологтар сайлауға түсушінің жеңуіне қажетті қоғамдық пікірді, имиджді қалыптастыруға тиісті стратегия мен тактиканы айқындайды. Халықтың қалауын дәл басқан саяси технологтардың осындай сайлау стратегиялары мен технологиялары кейде ешкім сенуге тиісті емес адам­дар­дың өзін мемлекет басқаруға сайлата алады.

Саяси технология – сайлау құралы

Оған соңғы кездегі әлемдегі оқиғалар куә. АҚШ өкіметінің басына ешқашан мемлекеттік қызметте істеп көрмеген бизнесмен Д.Трамп сайланғанда таңғалып едік, енді Украина президентінің орынтағына актер, комик В.Зеленский сайланғанда не айтарымызды да білмей қалдық. Міне, бұлар саяси технологияның мықтылығының, өтімді­лігінің арқасында жеңіске қол жеткіз­гендер. Әйт­песе осы екеуін саясаткер ретінде бұрын ешкім білмеген.

Саяси технологтарды саяси консультанттар деп атайды. В.Зеленскийдің сондай кеңесшілерінің бірі Дмитрий Разумков сайлауалды науқан енді қыза бастаған бір тұста актердің ешқандай демалыс алмай, өз жұмысын жүргізіп жатқанын, ал бұл кезде оның қарсыластары Петр Порошенко мен Юлия Тимошенко Жоғарғы Раданың мінберін пайдаланып, өздерін жарнамалап кеткенін, алайда олар бұл жарнама үшін ақы төлемейтінін белгілі басылымдардың бірінде айтып қалды.

Елеусіз көрінген осы жайт халықтың қарапайым тобында П.Порошенко мен Ю.Тимошенкоға деген қарсылықты үдете түсті. Өйткені осы екеуін де халық олигарх ретінде таниды, сондықтан олардың Рада мінберін тегін пайдалануына қарсылық оты бұрқ етіп: тым болмаса қазір халықтың қалтасына түспей, сайлау науқанының шығынын өздері төлемей ме деген ой миллиондаған бастарда бір мезетте туған сияқты.

Қазіргі адамдардың санасына үлкен мін­берлерден айтылған жалындаған ұрандар, жалаң насихаттар емес, жанды жеріне тиетін жай ғана айтылған өтімді сөздер әсер етеді. Қызылдар өкімет басына келгенде ең басты тәсіл жалаң ұрандар болған. Қазір халық жалаң ұранға сенбейді, ол көп айтыла берсе, тіпті айналып та кетеді.

Қоғамдағы ең басты кесел қандай болса, соған қарсы жасалған қарсылық қазір халықтың жүрегіне жылдам жетеді. Соның ішінде сыбайлас жемқорлық әбден жайлаған посткеңестік елдерде кандидаттың қолының тазалығы қатты әсер етеді. Егер қолы бұ­рын былғанғаны белгілі адам болса, оны сүрін­діруге болатын жүз түрлі әдісті саяси технологтар ойлап табады. Ал В.Зеленский сайлауалды бағдарламасында «өкімет басына жететін болсам, жемқорды көрсеткен адамға ақшалай сыйлық беремін» деп жариялады. Мұндай көпірме уәделер халықтың жүрегіне оңай жол табады.

Украинадағы В.Зеленский жеңісінің фе­номені қазір әлемнің барлық түкпіріндегі саяси технологтардың зерттеу нысанына айналған. Оның қарсыластарының осал жерін тапқаны ғана емес, заңның да әлсіз жерлерін дөп тауып, тиімді пайдаланып кеткендігі туралы әңгімелер көп айтылуда. Мәселен, 30 наурызда сайлаудың «тыныштық күні» жарияланып, барлық түрдегі насихаттар тоқтатылған. Алайда, осы күні Украинаның көп адам қарайтын, рейтингі жоғары телеарналарының бірі В.Зеленский қатысқан «Кешкі шоуларды» бірінен соң бірін көрсеткен. Тіпті басқа арналар да актердің қатысуындағы басқа жобаларды экраннан түсірмеген. Сарапшылар мұны алаяқтық деп бағалағанымен, сайлау туралы заңның талаптары бұзылмаған соң құқық қорғау органдары еш қарсылық білдіре алмаған. Өйткені телеарналар бұл Зеленскийдің бұрын қатысқан жобалары, ол кезде актер президенттікке кандидат болған емес деп құтылып кеткен...

Міне, бұл саяси технологияның айлалы тәсілдері. Халыққа В.Зеленскийді насихаттау қитұрқы жолмен жасалып жатыр деуге ешкімнің жүрегі дауаламайды. Өйткені бәрі де заңның шеңберінде. Осындай тәсілдерді көп қолданған Зеленскийдің саяси технологтары ақыры саясатқа үш қайнаса сорпасы қосылмаған комик, актер, продюсерді президенттікке жеткізді.

Қазір әлемде саяси технологтардың өз қауымдастықтары да бар. Оларға әрқашан да сұраныстар түсіп тұрады. Мамыр айының екінші жексенбісі саяси технологтар күні деп белгіленген. Өйткені бұл күн Ита­лияның әйгілі ойшылы, философы Николло Ма­киавеллидің туған күні. Ол мемлекеттік билік­ті күшейту үшін кез келген құралды пайдалануға болады деген. Соның ішінде лас құралдар да бар, әрине. Саяси технологтар оны өздерінің ұстазы санайды.

Міне, саяси технология туралы шағын пікіріміз осындай.