Руханият • 15 Мамыр, 2019

Әбіш әлемінен – әдебиет әлеміне

1261 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапхана мен Кітапха­на­шылар ассоциациясының көтерген бастамасын Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, еліміздің кітапханаларында 2007 жылдан бері «Бір ел – бір кітап» акциясы өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – ғаламтор заманында кітап оқу арқылы оқырманның назарын рухани құндылық әлеміне аудару. Осыған орай, «Зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада» Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы бойынша дөңгелек үстел өткізілді.

Әбіш әлемінен –  әдебиет әлеміне

Дөңгелек үстелге орыс тілді оқырмандар да атсалысты. Роман тақырыбын игерген оқырмандар кезегі келгенде әрқайсысы өзі жетік меңгерген тілде өз ойларын ортаға салып отырды. Дегенмен, шара барысында ана тілге деген құрмет айрықша аңғарылып тұрды. Роман – Ақсақ Темірдің болмысын ашуға арналғандықтан, өткен тарихымыз Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының тақырыбымен де үйлесім тапты.

Шара бастамасында магистрант Гүлвира Мұқан­бае­ва «Бір ел – бір кітап» акциясының тарихына жалпы шолу жасады. Бұл жобаның АҚШ-та кезін­де өте танымал болғандығы, бір кітапты жалпы­ қа­ла болып оқу идеясы АҚШ-тың солтүстік-баты­сында, Вашингтон штатына қарасты – Сиэтл көп­ші­лік кітапханасының кітап орталығы тарапынан ұсы­нылғандығы жөнінде айтып берді. Одан әрі «Ме­нің жолым» атты сөйлейтін газет пен «РБНСГ –­ ВЕСТИ» журналының редакторы, ақын Нұрлан Әбдібеков іс-шараның мақсаты мен жазушының қайталанбас өзіндік ерекшеліктері туралы кіріспе сөзбен бастап, одан әрі дөңгелек үстелді жүр­гізуді өз қолына алды. Ол жазушының романды жазудағы стильдік ерекшеліктеріне тоқталды. Алды­мен романның тарихилығы мәселесі қозғалды. Ро­манды талдай отырып Әміршінің тарихи тұлға ретінде нақты деректерді мысалға келтіре, оның нақты өмір­бая­ны сөз болды. Бұл ақпарат көркем шығарма кейіп­кері мен өмірде болып өткен тұлғаның арасын­да­ғы байланыстар туралы оқырмандарға жан-жақты түсі­нік берді. Сонымен қатар Әбіштің образдарды ашу­дағы философиялық ой толғамдары да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, терең психологиялық тебіреністерге құрылған кейіпкерлер бейнесін сомдау­да­ғы жазушы шеберлігі де кітаптан мысал келтіріле отырылып талданды.

Шарада белгілі ақын Зейнолла Тілеужанұлы, Қыздар ұлттық педагогика университетінің музыка пәнінің оқытушысы, зағип азамат, профессор Меделхан Қонысбаев, зағип ақын Әбетхан Тоқтағандар жазушы туралы естеліктер айтып, іс-шараға келген қонақ­тардың соншалықты бір жылы қабылдауына себепші болып отырды. Олар да жазушының өмірі мен шығар­ма­шылығына кеңінен тоқталды. Басты кейіпкер Әміршінің кіші ханымына ғашық болған ортөбелік шебердің сезімі мен махаббаты өзі соққан мұнарада бейнеленеді. Махаббат мұнарасы жорықтан қайтқан Әміршінің көзіне оттай басылады. Шебер ханымға өзінің сезімін мұнара арқылы білдіргені үшін ауыр жазаланады.

Сонымен қатар жазушы Ә.Кекілбаевтың өзге де кітаптары жөнінде және теңдессіз шығармашылық жұмысына тәнті болған кітапхананың зағип оқыр­ман­да­ры В.В. Ивановский, И.М. Рзахуновна өз ойларын ортаға салып, сөз сөйледі.

Шара соңында кітапхана директоры А.Байұзақов «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында қазақ әдебиетіндегі құнды туындыларды насихаттау, жастарға рухани-патриоттық тәрбие беру, оқыр­ман­дар­ды кітапханаға тарту және көркем әдебиет оқуға баулу мақсатында әртүрлі жұмыс түрлерін қолдану керек екендігін атап өтті.


Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Еgemen Qazaqstan» 

АЛМАТЫ