Аймақтар • 16 Мамыр, 2019

1 500 000 сурет – соғыс шежіресі

1183 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тараздағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Ерлік» мемориалдық кешенінің қорытындысы секілді Жеңіс күні оның «Даңқ» залы ашылды. «Даңқ» залының сәні мен сал­­танаты келіскенін, тағы­лымы мол екендігін көрмеге келген әрбір азамат бірден түсінеді.

1 500 000 сурет – соғыс шежіресі

Өткен жылы Жеңіс күні ашылған, жаңарған және жаңғыртылған Бауыржан Момышұлы атындағы сая­бақ қазір шын мәнінде жамбыл­дықтардың ғана емес, бүкіл қазақ­стандықтар ерлігінің айнасы іспеттес. Мұнда даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ес­керт­кіші, Мәңгілік алау, тыл еңбек­кер­леріне, Ауған соғысының арда­гер­леріне арналған ескерткіш-белгі­лер, ядролық қарудан бас тарту монументі асқақтап тұр. Биыл осы «Ерлік» кешенін «Даңқ» залы то­лықтыра түсті. Сәнді де салтанатты әсем ғимараттың аумағы 1500 шаршы метр және екі қабаттан тұрады. 

«Даңқ» залының бірінші қабаты 1418 күнге созылған тарихтағы ең қасіретті де қайғылы екінші дүние­жүзілік соғысқа арналған. Залдың әр қабырғасындағы 1,5 миллионнан астам сурет шын мәнінде екінші дүниежүзілік соғыстың шежіресі іспеттес. Экспозициялардағы кез келген құжаттың арғы жағында адам тағдыры тұрғанын түсініп, түй­сігіңізге түйсеңіз, жүрегіңіз тол­қитыны сөзсіз. Мұнда жамбылдық Кеңес Одағының Батырлары мен майдангерлердің жеке құжаттары, қарулары, соғыста пайдаланған жеке заттары, майдан хаттары, таратылмай қалған қара қағаздар, медальдары мен ордендері, тыл еңбеккерлері туралы мәліметтер және сол кезеңнің құрал-саймандары орын алған. 

Батыр Бауыржанның маузерін қызықтаушылар өте көп болды. Себебі осы «Даңқ» залының екін­ші қабаты толығымен Кеңес Одағының Батыры, халқымыздың қаһар­ман ұлы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ерлігі мен шығар­машылығына арналған. Тап осы жерде «Бауыржантану» зерттеу орталығы тұрақты жұмыс істейтін болады. 

«Даңқ» залына кіргенде сіз ерекше әсерде боласыз. Ұлы Отан соғысы жылдарының әуені жан дүниеңізді билеп алады. Соғыс жылдарының әндерімен бірге атақты диктор Левитанның дауысы үздіксіз естіліп тұрады. Соғыстың шежіресін айғақтайтын суреттер мен тарихи құжаттар «Даңқ» залының қабырғаларында айшықталған. Енді осы қабырғалардағы көріністер мен тарихи құжаттар туралы қысқаша айта кетейік.

Бірінші қабырғада екінші дүние­жүзілік соғыстың басталған сәті мен Мәскеу түбіндегі шайқастар бей­неленген. Неміс фашистері 1941 жылдың 7 қарашасында «КСРО-ның астанасын» басып алып, Қызыл алаңда жеңіс шеруін өткі­зуді жоспарлағаны белгілі. Бұл жос­парларының орындалуына Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы кедергі жасады. Панфиловшылар Волоколам тас жолында ерліктің ерен үлгісін көрсетті. 28 батырдың ерлігі сол жылдары бүкіл әлемді таңдай қақ­қызды. Солардың арасында Қордайдың қос қыраны Николай Белашов пен Николай Москаленко да бар еді. Ал Мәскеуді қорғауда жерлесіміз Бауыржан Момышұлы қолбасшылық еткен батальонның жеңісті жолы әлі күнге дейін әске­рилер арасында аңыздай айтылады.

Екінші қабырғада 1941 жылдың 8 қыркүйегінен басталып, 872 күнге созылған Ленинград блокадасының шежіресі бейнеленген. Қоршауда қалған 2 миллионнан астам баланың арасында енді ғана тәй-тәй басқан 400 мыңдай өскін бар еді. Азық-түліктің, жанар-жағармайдың жетімсіздігінің зардабын тартқан ленинградтықтар қырылып жатты. Ересектер күніне 30 грамм, балалар 50 грамм нанды карточкамен алды. 

Осындай бір ауыр кезеңде ұлы ақын Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты тарихи толғауы қасі­реттің зардабын тартып жат­қан ленинградтықтарға рухани азық­тың таусылмас қоры болып құйылды. Сонымен бірге Ле­нин­градты қоршаудан босатуда кеңес әскерлерінің құрамындағы қазақ­стандықтар, оның ішінде жам­былдықтар жаумен арыстанша арпалысты. Қаһармандық пен ерік-жігердің, жанқиярлықтың өшпес өне­гесін көрсетті. Қабырғалардағы суреттер сол бір сәттердің қайғылы, қ­асіретті көріністерін көз алдыңызға әкеледі. 

Үшінші қабырғада кеңес жауын­герлерінің Сталинград шайқа­сындағы, Курск доғасындағы ерлік­тері, Алматыда жасақталған 100-дербес ұлттық атқыштар бригадасының құрамында шайқасқан мерген Ыбырайым Сүлейменовтің, қазақтың батыр қызы, пулеметші Мәншүк Мәметованың, тағы да басқалардың ерліктеріне қанығасыз. Енді бір сәтте Жамбыл облысының Меркі ауданындағы Аспара ауылының маңындағы Қызылсайды аралап, майданнан жақсылық хабар күтіп жүрген «Қара кемпірді» көресіз. 

Жерлесіміз, ақын Жақсылық Сәтібековтің бұл дастанындағы оқиға кімді де болса бейжай қалдыр­майды. Ал театр ардагері, драматург Әлібек Әмзеұлының «Қара кемпір» пьесасы он жыл бойы үзі­ліс­сіз Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылғаны белгілі. 9 мамыр күні осы спектакльді қазақстандықтар «Ел арна» телеарнасы арқылы тағы да тамашалады. Бір сөзбен айтқанда, майданға ең жақынын аттандырған ананың, әкенің, бауырдың, жардың ортақ келбетін кескіндейтін «Қара кемпір» бейнесі әрдайым есте қалатыны анық.

1944-1945 жылдарға арналған қабырғада Рейхстагқа ту тігу ба­рельефіне орын берілген. Құзғындар ұясының биі­гіне ең алғаш ту тіккендер қазақ­стандықтар екені тарихтан белгілі. Ал солар­дың арасында Рақымжан Қошқар­баевпен бірге қанаттас шайқасқан, олардың жолын аршуда ерен ерлік­тің үлгісін көрсеткен Жамбыл ауда­нындағы Қаракемер ауылының тұр­ғыны Әсет Кемпіреков те болға­нын екінің бірі біле бермейді. Ол кісінің медальдары тағылған пиджагі осы «Даңқ» залының төрінен орын алған. 

Жаңадан ұлық мереке күні есігін айқара ашқан «Даңқ» залы кімді де болса тебірентпей, толғандырмай қоймайды. Осыдан сексен жылға жуық уақыт бұрын болған қасірет пен қайғыны айғақтайтын тарихи құжаттардың құны өте жоғары. Сондықтан да облыс әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқар­масының көп ізденісінің нәтижесіндегі экспозициялардың дәйек­тілігі мен тартымдылығы ерекше. Залды тамашалаған кез келген адам осылай деп тебірене, толғана ой қорытқанын көзіміз көрді. Ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін тағы­лымды іс-шаралар әрқашанда қым­бат. «Ерлік» мемориалдық кешенін салуда, жаңғыртып, толық­­тыруда облыс әкімі Асқар Мырзах­метов осы мәселені алға мақсат еткені көрініп тұр. Кешегі тарихсыз болашақ бұлыңғыр болатынын еске алатын болсақ, екінші дүниежүзілік соғыс­тың тағылымды тұстары – біз үшін жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуде ортаймас қазына. 

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы


Жамбыл облысы