Руханият • 16 Мамыр, 2019

Эфирде – қамқорлық жобасы

968 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде көп балалы отба­сы­ларға көмек көрсетуге арналған «Анашым, біз үйдеміз» атты әлеуметтік жобаның тұсаукесері өтті. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «31 арна» арқылы жүзеге асатын тележобада көп балалы 24 шаңырақтың үйі түбегейлі жөндеуден өтеді.

Эфирде – қамқорлық жобасы

Қолы қысқа көп балалы отбасылар үшін баспанасын жөндеу оңай шаруа емес. Көрпесіне қарай көсілуді жөн санайтын осы отбасыларды қуанту мақсатында жүзеге асқалы отырған жобаға мемлекеттен 130 млн теңге қаржы бөлінген. Бұған «31 арнаның» да қосар үлесі бар. 

«Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды демеу – елдегі басты бағыттардың бірі. Мәселен, жыл сайын көп балалы отбасы­ларды қолдау мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар жү­зеге асырылады. Биыл атаулы әлеуметтік көмекпен қатар, 40 мың жалдамалы пәтер құры­лы­сына қатысты жаңа іс-шаралар қолға алынды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де көп балалы отбасыларға байланысты бастамаларды қолдауға әрдайым дайын. Жаңа жоба аясында көп балалы отбасылардың пәтерлері мен үйлері толық жаңартылады. Жобада барлық өңір қам­ты­лады. Логистика сияқты қиын­дық­тарға қарамаймыз. Ең басты мақ­сатымыз – мұқтаж отбасыларға көмектесу. Баспананы жөндеу кезінде пәтер жалданып, отбасы сонда уақытша тұрады. Телевизиялық жоба болған соң ұзақ түсірілуі мүмкін. Жоба басында үй қандай болды, соңында қандай болады деген сұрақ көрерменге қызық болуы тиіс», деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

Жобаға көлемі 55 шаршы метр шамасындағы жеке тұрғын үйлері бар көп балалы отбасылар ғана қатыса алады. Бұл үшін сауалнама парағын толтырып, тұрғын үйдің фотосуреттерін ұсыну қажет. Өтініштер 15 мамырдан бастап [email protected] электронды поштасы арқылы қабылданады. «31 арнаның» комиссия мүшелері өтініш білдірген отбасылардың әлеуметтік жағдайымен танысып, толық мағлұмат алған соң ғана көмек көрсетуге шешім шығарады. Телебағдарлама 11 тамыздан бастап көрерменге жол тартпақ. 

«Көп балалы отбасының күнделікті тұрмысында өзекті мәселелер жетерлік. Олардың көбі баспана мәселесіне қатысты. Бұл жоба олардың үйлеріндегі интерьерді жаңартып қана қоймай, шаңырақтарына шаттық сыйлайды деп сенеміз. Әрбір серия – жеке шығарылым, онда бүтін бір отбасының жеке тарихы қамтылады. Жыл соңына дейін жобаға 24 отбасы қатысады. Қайырымды бағдарламаның жалғасатынына сенемін», деді «31 арнаның» бас директоры Юрий Бродский.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар