Қоғам • 19 Мамыр, 2019

Отбасы дəрігерлері тегін қызмет көрсетті

1293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда Дүниежүзілік отбасы күніне орай арнайы шара өтті. Қаладағы №9 емхана базасында елорда тұрғындары тегін медициналық тексерумен қатар, дәрігерлердің кеңесін алу мүмкіндігіне ие болды.

Отбасы дəрігерлері тегін қызмет көрсетті

Ұйымдастырушылардың айтуынша шара мақсаты – еліміздегі отбасы дәрігерлерінің қызметі туралы тұрғындардың хабардар болуын арттыру.

– Бүкіл әлем халықаралық отбасы дәрігері күнін атап өтеді. Отбасы дәрігері бір отбасының мүшелерінің денсаулығын қадағалайтын маман. Оның негізгі қызметі профилактикалық қызмет болып табылады. Біздің емхана Назарбаев университеті медицина мектебінің клиникалық базасы болғандықтан бүгінгі акция сол оқу орны студенттерінің қатысуымен ұйымдастырылып отыр. Олар болашақ отбасы дәрігер болғандықтан осы күннен бастап біздің емханада тәжірибеден өтеді. Біздің дәрігерлер мен студенттер емханаға келген пациенттерге отбасы дәрігерінің қызметі мен маңызы туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын өткізуде, - деді қалалық №9 емхананың бас дәрігері Сәуле Смағұлова.

Сонымен қатар, акция барысында қала тұрғындары скринингке тексерілуге және ол туралы білуге, иммунизация жайлы сауаттылығын арттыруға және де жүрек-қан тамырлары ауруларына экспресс диагностика өткізуге жағдай         жасалды.

– Сол сияқты шара барысында пациенттер арасында сауалнама жүргізу арқылы түрлі аурулардың алдын алуды қарастырудамыз. Қазақстанда өлімге апаратын негізгі 6 ауру түрі бар, соларға қарсы тексерістен өтіп, оны болдырмауға тырысу керек. Біз осы секілді халыққа арналған медициналық шараларды өте жиі өткіземіз. Акция болатын кезде әлеуметтік желілер арқылы және қалалық денсаулық сақтау басқармасы арқылы алдын ала ақпарат жіберіп отырамыз. Яғни елордалықтар білсін, келіп тексерілсін деген мақсатпен. Бүгіндікке таңертеңнен бері 50 шақты адам келіп тексерілді, - деді ол Сәуле Смағұлова.

Айта кетейік, аталған медициналық акция Назарбаев университетінің медицина мектебімен бірлесіп жүзеге асырылуда.