17 Наурыз, 2010

ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ

2624 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бюджеттен тыс қаражат көздерін іздестіріп тауып, оны өңірде іске асырып жатқан әлеуметтік жобалар қатарын то­лықтыруға жұмсауға ықпал жасай білген басшының мерейі қашанда үстем. Айталық, соңғы үш жылда Қара­шы­ғанақ ке­нішіндегі шетелдік ком­паниялардың өңірдегі әлеуметтік жо­ба­ларға бөлетін қаражатының көлемі төрт есеге ұлға­йып­ты. Мұны әрине, “батпан құй­рық, ай­далада жатқан құйрық” деу­ге еш бол­майды. Оны Батыс Қазақстан облы­сының әкімі, КПО б.v ком­па­ния­сын­дағы біріккен басқару комитетінің (ББК) мүшесі Бақтықожа Ізмұ­хам­бе­товтің елге деген жанашырлық көз­қарасымен байланыстыра қарауға әбден болады. Бұлай болатын себебі – шетелдіктер басы артық қаражатты тек­тен-тек бере салмайды. Оны алу үшін де ыжда­ғат­тылық, табандылық керек. Таяуда Лондонда өткізілген ББК-нің кезекті мәжілісінен оралған Б.Із­мұхамбетов журналистерге арналған бри­фингте осы мәселе жөнінде баян­дап берді. Оның мәлімдеуіне қарағанда, әлеуметтік жобалар үшін қарасты­рыл­ған 20 миллион АҚШ доллары кө­ле­міндегі қаражатты тағы да еке есеге дейін ұл­ғай­туға қол жеткізілген. Бұл қандай мақ­сат­тарға пайдаланылмақ? Бұл сауалға жауап бермес бұрын облыс басшысы өткен жылы КПО б.v ком­па­ния­сынан әлеу­мет­тік жобаларға бө­лінген қаражаттың қайда жұмсалғаны, қалай игерілгені туралы айтып өтті. Ол кеншілер қаласы Ақсайды абаттан­ды­ру­ға, Қарашығанақ кеніші аумағында орналасқан Бөрлі ауда­нын­дағы Ақсай-Ақбұлақ газ құбыры желісін жүргізуге жұмсалған. Соның өзінде де бұл қара­жат жыл аяғына дейін толық игеріліп үл­гермепті. “Осы үрдіс биыл одан әрі жал­ғасады. Осынау әлеуметтік жоба шең­берінде Орал қаласының іргесінде газ-турбиналы электр стансасы са­лы­нып, жылу жүйесінің құрылысы бас­талмақ. Әрі бұл жобалар жыл аяғына дейін аяқ­талмақ”, – деді Бақтықожа Салахат­динұлы. Облыс басшысының мәлімде­ме­сі­нен белгілі болған тағы бір жәйт – аталған әлеуметтік жобалар қатарында облыс орталығында әлемдік стан­дарт­тарға жауап бере алатын зәулім сал­танат са­ра­йы бой көтермек. Онда неке рә­сім­дерінен тыс республикалық және ха­лық­аралық деңгейдегі жиындарды өткізуге бо­лады. Батыс Қазақстан Ресейдің бес бірдей облысымен қойын­да­са-қолтықтаса орналасқан. Болашақ бой көтеретін нысанда осынау ше­ка­ра­лық облыстар өкілдерінің басқосулары мен жиындарын өткізуге де мүм­кін­діктер туғызылмақ. Сондай-ақ, шетелдік компаниядан биыл қосымша бөлінген 20 мил­лион АҚШ доллары Орал қаласының ескі әуе­жай деп аталатын ауданында 1200 оқу­шыға арналған мектеп, со­нымен бірге, 320 балаға арналған ба­лабақша ғимарат­тарын тұрғызуға және жабық теннис кортын салуға жұм­сал­мақ. Алғашқы екі нысанның жобасы қазірдің өзінде әзір. Аталған мектеп пен бала­бақ­ша ғима­раттары жөніндегі жобалар рес­пуб­лика Үкіметінің на­зарына ұсынылды. Үкімет оны тұрғызу жө­нінде қаулы қабылдаған соң, іле-шала тиісті құрылыс жұмыстары да бас­талып кететін болады, – деп түйін жасады брифингте Б.Ізмұхамбетов. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.