Аймақтар • 14 Маусым, 2019

«Баладан асқан бақыт жоқ» – дейді балалар дәрігері Әлия Гайнутдинова

713 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жоғары сыныптарда оқып жүргенде анасы экономист­­ бол­ған соң өзінің де осы маман­дық­қа аңсары ауатын. Болашақты бол­жаған бір сырласуда өмірлік тәжі­рибесіне сүйеніп, абзал ана ақыл қосқан.

«Баладан  асқан бақыт жоқ» – дейді балалар дәрігері Әлия Гайнутдинова

– Қызым, – деген ол,– ең абзалы дәрігер болу. Қаншама адамға қуаныш сыйлайсың. Ал балалар дәрігері болсаң, тіпті жақсы. Бала­дан асқан бақыт жоқ қой.

Ана сөзі аманат іспетті. 1986 жылы Казгородок орта мектебін бітіргеннен кейін Целиноград мемлекеттік медицина институтында білім алды. Облыстық балалар ауруханасында табан аудармастан 18 жыл қызмет еткеннен кейін еңбек жолы қалалық емханада жалғасты. Осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтады, бі­лімін байытты.

Сол тәжірибесіне сүйенген балалар дәрігері Әлия Гайнут­динованың айтуына қарағанда, балалар бойындағы дерт жыл маусымына байланысты бірде азайып, бірде көбейіп тұрады екен. Мәселен, тыныс алу органдары, өкпенің қабынуы қақаған қыс айларында жиі кездеседі. Көктемнің де өз ерекшелігі бар. Кей жылдары белгіленген тәртіп бо­йынша жылу беру маусы­мы аяқ­тал­ғанымен, жадыра­ған жаз­дың шуағын төгуі кешеуіл­дейді. Бұл енді солтүстік өңір­ге тән жайт. Қала пәтерлері қо­ңыр­жай салқын болған соң балалар ауруға жиі шал­дығады. Ендігі бір мәселе осы жұқпалы дерт бой көте­ріп, ауру белең алған тұста, оны­мен күресудегі қиындық. Маманның айтуына қарағанда, балалар дәрігері жетіспейді. Әр­қай­сы­сының жүктемесі екі-үш еседен келеді. Кадр тапшылығына негіз­гі себеп, жалақының жары­тым­сыз­дығы, баспананың жоқ­ты­ғы, әлеу­меттік-тұрмыстық жағ­дай­дың нашарлығы.

Қазір балалар арасында ең жиі кездесетін ауру түрі – тыныс органдары екен. Күні-түні көк тү­тіннен арылмайтын қаланың ауасы да кесірін тигізіп жатқаны анық. Бір-біріне сабақтасып жат­қан қиындық атаулыны кешенді түр­де шеше алсақ, келер ұрпақ дерт­­тен ада, тәні сау болып қалып­таса­ды.

– Балғындар – ел болашағы, бола­шағымыз мықты болуы үшін де осы бастан ұзақ жыл бойы қордаланып қал­ған мәселелерді көп болып бір­лесіп шешу керек,–дейді Әлия Гайнутдинова,–қазір мем­лекет тарапынан жақсы қам­қор­лық жасалып отыр. Біз­дің ем­хананың жанында күндізгі стационар бар. Емделуі, дәрі-дәрмегі тегін. Ай сайын ондаған бала ем­­деліп, құлан-таза жазылып шы­­ғады. Рас, кадр жетпеген соң уақытпен санаспай  жұмыс іс­­теуге тура келеді. Біз оған еш ренжімейміз. Өйткені баладан асқан бақыт жоқ қой.

 

Ақмола облысы