Руханият • 18 Маусым, 2019

Сахнаның сәні – «SAMGAU»

544 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бас шаһар жұртшылығы жыл сайын асыға күтетін «SAMGAU» халық­аралық театр фестивалі биыл да өз салтанатымен шымылдық түрді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды мәдени оқиға елорда күніне арналған мерекелік шаралар легінің көшін бастап тұр.

Сахнаның сәні – «SAMGAU»

Тарихы 2013 жылдан тамыр тар­татын театр өнерінің думаны дәс­түрлі түрде осымен жетінші мәрте ұйым­дастырылып отыр. Фестивальде еліміздің және таяу шетелдің айтулы 15 театр ұжымы бас қосып, бір апта бойы өз өнерлерін ортаға салды. Олардың бесеуі елордалық, атап айтсақ: «Жастар» театры М.Әуезов пен Қ.Мұхамеджановтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын (режиссері – Нұрқанат Жақыпбай), М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры М.Горькийдің «Отец» (режиссері – Йонас Вайткус), Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» (режиссері – Бар­­зу Абдраззаков) қойылымдарын до­даға қосса, талантты жас режиссер Фархад Молдағалидың «Nomad City Hall» комедия театрында қойған У.Шек­спирдің «Ричард ІІІ» трагедия­сы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Нұркен Өтеуіловтің жеке­мен­шік театры сахнасында қойылған «Жан» моноспектаклі де сарапшылар талқысы мен жалпы театрсүйер қауым назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, фести­валь бағдарламасына енген Н.Пого­дин атындағы Солтүстік Қазақ­стан драма театры (Петропавл), Асан­­әлі Әшімовтің «Жаңа ғасыр» театры (Алматы), Ж.Аймауытов атын­дағы Павлодар облыстық қазақ музы­калық драма театры (Павлодар), С.Сей­фуллин атындағы облыстық қазақ драма театры (Қарағанды), Шығыс Қазақстан облысының драма театр­лары шетелдік қонақтар – Өзбекстан мемлекеттік драма теа­тры (Ташкент қаласы), «У Моста» Пермь театры (Ресей, Пермь қаласы), Жаңа көркем театры (Ресей, Челябі қаласы), «Pilies» театры (Литва, Клай­педа қаласы), Б.Қыдыкеев атын­дағы Қырғыз мем­лекеттік жас көрер­мендер театры (Бішкек қаласы) ұжым­дарымен бірге бас шаһар театрлары сахнасын теңдей бөлісіп, шы­ғармашылық қарымын ортаға салды. Өнер ұжымдарының ізденісіне театр­танушы, театр сыншысы, драматург, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетек­шісі, 
те­а­­тр және кино режиссері, Қа­­зақ­­стан­ның халық әртісі Талғат Те­менов, өнертану докторы, театр сыншысы, ГИТИС-Ресей театр өнері институтының профессоры – Нина Шалимова, театр сыншысы, өнертану кан­дидаты, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Анар Еркебай, Ресей халық әр­тісі, «Алтын Витязь» халықаралық кино­форумының президенті Николай Бурляев бастаған сарапшы мамандар төрелік етті.

– Халықаралық «SAMGAU» 
театр фестивалін соңғы жеті жыл көле­мінде елорда есімімен егіз аталып ке­ле жатқан, бүгінде бас қаланың брен­діне айналып үлгерген сахна думаны, театр әлемінің айтулы оқи­ғасы десек, артық емес. Самғау сөзінің мағынасы өте кең. Осы жылдар ішінде фестиваль өзінің басты міндеті – елорда мәдениетін дамыту және қазақстандық театр өнеріне де­ген қызығушылықты арттыру, ше­телдік серіктестермен рухани-шы­ғар­машылық ынтымақтастықты нығайту, гуманитарлық байланыс­тарды кеңей­ту сынды алдына қойған мақ­сат­тарын абыроймен еңсеріп келеді. Бү­гінде «SAMGAU» – отандық және әлем­дік театр өнері мамандарының шығар­ма­шылық пікір алмасу алаңы ғана емес, сахна саласы қызметкерлері мен астаналық өнер жанашырлары үшін асыға күтетін сүйікті өнер мере­­кесіне де айналып үлгерді. Жыл сайын фестивальдің қанатын кеңге жайып, географиялық ауқымын ұлғай­тып, кәсіби һәм көркемдік биікке ұм­тыл­ғанына куә болып, қуанып оты­рамыз. Биылғы фестивальден де сон­дай жаңалық, жарқын эмоциялар күтеміз», – дейді фестивальдің негізін қалаушылардың бірі, сарапшылар алқасының төрағасы, белгілі театр сыншысы Еркін Жуасбек.

Фестиваль шымылдығы Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың сарап­тауында көрермен назарына ұсынылған М.Әуезов пен Қ.Мұха­меджановтың «Айман-Шолпан» комедиясымен ашылды. Ал сахна думанын елорданың ең жас театры – «Nomad City Hall» комедия театры ұжымы У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» трагедиясымен түйіндеді.

Айта кетейік, «SAMGAU» халық­аралық театр өнері бас қала төрінде 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы күнге дейін шараға Қазақстанның ай­мақтық театрлары – Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының, сонымен қатар Ақтау, Атырау, Алматы, Жез­қазған, Талдықорған, Түркістан, Орал, Өскемен, Шымкент, Семей қала­ларының шығармашылық ұжым­да­ры қатысқан. Сондай-ақ Орта­лық Азия, Ресей, Литва, Түркия, Да­ғыстан, Грузия, Украина және Сер­бия елдерінің театр ұжымдары да фестивальде өз өнерлерін ортаға салды.