Аймақтар • 18 Маусым, 2019

Батыс Қазақстанда жобалар жәрмеңкесі өтеді

523 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында жергілікті қоғамдастық мәселелерін шешуге бағытталған жаңа инновациялық әлеуметтік идеялар мен жобалардың жәрмеңкесі өткелі жатыр. Бұл жөнінде «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» төрағасы Айболат Құрымбаев хабарлады.

Батыс Қазақстанда жобалар жәрмеңкесі өтеді

Байқау «Батыс Қазақстан облысында азаматтық сектор әлеуетін арттыру бойынша кешенді шараларды ұйымдастыру және өткізу» жобасын іске асыру шеңберінде Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша өткізіледі. Байқаудың мақсаты – қоғамның немесе қоғамның жекелеген әлеуметтік топтарының әлеуметтік маңызды проблемаларын шешуге ықпал ету, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды және жергілікті қоғамдастықта өзін-өзі реттеуді дамыту.

Біз осы байқау арқылы өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың кәсіби және шығармашылық өсуін ынталандырып, облыстағы әлеуметтік мәселелерді шешуде ҮЕҰ, мемлекеттік және коммерциялық құрылымдарды, бұқаралық ақпарат құралдарын біріктіргіміз келеді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы аса маңызды әлеуметтік жобаларды анықтап, қолдауды көздейміз, - дейді Айболат Шамұратұлы.

Байқау Елбасы Жолдаулары, «Бес әлеуметтік бастама», «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік саясаты, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларында көрсетілгендей Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарын ескере отырып, жергілікті қоғамдастық мүдделерін және ҮЕҰ әлеуетінің, Батыс Қазақстан облысында жұмыс істейтін бастамашыл топтардың мүмкіндіктерін ескере отырып өткізілмек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жобаларға жалпы көлемі 2 500 000 теңге грант ретінде бөлінеді.

Гранттар білім беру, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізу, азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау, қоршаған ортаны қорғау, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау, отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау, жетім балаларға, толық емес және көп балалы отбасылардағы балаларға көмек көрсету, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге жәрдемдесу, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау, мәдениет пен өнерді дамыту, тарихи-мәдени мұраны қорғау, қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту секілді сан-салалы жобаларға беріледі. Байқауға қатысу үшін ұсыныстар 30 маусымға дейін қабылданбақ.


Батыс Қазақстан