Қоғам • 19 Маусым, 2019

Полицейдің бір аты – сақшы...

731 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ендігі жерде «Полиция – қорғаның» деген сөздің тұзы жеңіл екенін түсіндіріп жатудың өзі артық шығар. Өйткені қоғамда тәртіп сақ­шыларына деген құр­мет пен сенімге қатыс­ты екіұдай пікір қа­лып­тасқанын жоққа шы­ғаруға болмайды. Алайда...

Полицейдің  бір аты – сақшы...
Қазір қоғамдық тәртіпті қадаға­лаудағы қазақ сақшыларының қауіп пен қатерге толы жұмысын баға­ламау да әділетсіздік болар еді. Әрі отандық поли­ция сапында өз ісін мінсіз атқа­рып, антына берік қал­пын­да қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандар жеткілікті.

...Талдықорған әуежайынан сапар шеккен жолаушылар ұшаққа отырғызу басталған уақытта әр­дайым жылы жүзбен сәт-сапар тілеп тұр­ған оқалы жағалы полицейді жиі жолықтырады. Бұл кісі полиция полковнигі, Талды­қорған  қаласы әуе­жайындағы желілік полиция бөлім­шесінің басшысы Төрехан Бүтіншіновтің өзі еді.

– Полицейдің бір аты – сақшы ғой. Демек, біз адамдардың өмірін сақтаушымыз. Қауіп-қатерден, ұры-қарыдан, жаман ниеттілерден сақ­тандырушымыз. Қо­ғам­дағы тәр­тіпті сақтауда да сақ болуымыз керек. Ме­нің ойымша, әр қазақ полицейі осы ұс­­­таныммен жұмыс істеуі тиіс. Сонда елдің құр­­метіне бөленесің, сеніміне ие боласың, дейді полковник.

Төрехан Бүтіншінов бұл желілік полиция бөлімінде ұзақ жылдан бері қызмет атқарып келеді екен. Қа­зір әуежайдағы тірлік қызу. Ал бір кезеңдерде Талдықорғанның осы әуе­жайы ұшақ түгілі, құс қон­бай­тын­дай күйге түскен-ді. Тәуелсіз­діктің ал­ғашқы жыл­дарында облыс тарап, жұрт жаппай көшіп жатқан тұста мемлекеттің нық ше­гесі, қа­ла­ның алтын босағасы сияқ­ты бол­ған әуежайды талан-таражға салудан қорғап, сынық шегесін де көз­дің қарашығындай сақтап қалуға тырысқан тәртіп сақшы­ларының қатарында тұрды. 

– Әуежай қаланың аспаннан ашылған қақпасы ғой. Қарасаңыз, үйіне асыққан жүздеген адам, жү­регін қуаныш кернеген қаншама тағ­дыр сағынышын басып, туған қалас­ына оралып келеді немесе үміт пен арман жетелеген жас­тар, қыз­метіне асық­қан жандар жан-жақ­қа ұшып кетіп жатады. Мұ­ны сезіне білу керек. Мен қолас­тым­дағы қызметкерлеріме ұшақ қо­натын, ұша­тын уақытта жолау­шы­лардың ортасына шығуды әдетке ай­нал­дырыңдар деймін, біреудің жүгін көтеріс, біреуге ақ жол тіле. Есесіне жұрт риза. Әлгіндей сезімд­і бастан кешесің, адамдардың риза­шылығын аласың. Жұмысқа да қыра­ғы қарайсың, дейді кейіп­керіміз.

Бүгінде Алматы облысындағы туристік маусым қызған шағында. Талдықорған әуежайынан Нұр-Сұл­тан, Алматы қала­ларына тікелей қаты­найтын әуе кемелерінен бөлек, Ала­көл жағалауындағы Үшарал қала­сының әуежайына бет алған жолаушылар ұшағы Жетісу аспанынан күнара қалықтап өтеді. Осы жолаушылардың қауіп­сіздігін қамта­масыз ету – полковник Төрехан Бүтін­шінов басқаратын желілік полиция бөлімшесінің тікелей міндеті.

– Жалпы, Ішкі істер министр­лігінің көліктегі полиция департа­мен­тіне қарасты Үштөбе желілік полиция бөлі­мінің міндет жүгі салмақты. Бөлімнің қызмет көрсету аумағына Ақтоғай темір жол стансасы мен Сарыөзек бекетіне дейін және Тал­ды­қорған – Қарабұлақ – Текелі тармағын қосқанда 500 шақы­рымнан астам темір жол бойы мен Талдықорған қалалық әуежайы кіреді. Негізгі жұмысымыз 7 ауданның аумағын қамтиды. Біз өз қызметімізде темір жол көлігімен тасымалданатын жүктің сақталуы мен пойыздардың, ұшақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Заңсыз есірткі бизнесімен күресу де біздің парыз. Қазір «Құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» қағидатын басшылыққа ала отырып, азаматтардың құқықтық мәде­ниетін көтеруге де күш салып отырмыз. Бұл – полицияның қылмыстың алдын алу, оны­мен күресу жұмысын жетілдіріп қана қой­май, қоғамды ізгілендіруге бастайды, дейді полиция полковнигі, Талдықорған  қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің басшысы Төрехан Бүтіншінов.


Алматы облысы