Сұхбат • 21 Маусым, 2019

Ханкелді Әбжанов: Сәтбаев тағылымы – қазақ зиялысының темірқазығы

2519 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Ханкелді Әбжанов: Сәтбаев тағылымы –  қазақ зиялысының темірқазығы

– Ханкелді аға, биыл ұлы ғалым Қаныш Имантай­ұлының туғанына 120 жыл толып отыр. Сіз тұлғатанумен айналысып жүрген ғалым ретінде Сәтбаев феноменін  қалай түсіндіре аласыз?

Артына өшпес із қал­дыр­ған дара тұлғалар ұлттың мақтанышы ғана емес, тағдыры мен тағылымы үздіксіз зерт­теуді талап ететін күрделі та­рихи құбылыс. Олардың шы­ғармашылық мұрасы, терең ой-тұжырымдары,  атқарған істері заманамен астаса қабы­сып, бүгінгі күннің, тіпті бола­шақтың өзекті мәселесі болып қала бермек. Осындай тұлғалар қатарында Қаныш Имантайұлы да бар. Сәтбаев құбылысы сан алуан. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетейін:

Бірінші. Қ. Сәтбаевтың идея­сымен, жаңалығымен, бас­та­масымен «Үлкен Жезқазған» бой көтерді. «Ертіс-Қарағанды» каналының қазылуына, Маң­ғыс­тау газ кен орнының ашылуына, тіпті сол аймақтың Түрік­менстанға өтіп кетпеуіне де Қ.Сәтбаевтың тікелей қатысы бар. Оған дейін бірде-бір қазақ мұндай нәтижеге қол жеткізген емес. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев айтқандай, «Қа­ныш Имантайұлының Қазақ­стан аумағындағы табиғи қа­зынаны зерттеуге қосқан зор үле­сін біз тек қазір ғана түсініп, тиесілі ба­ғалап отырмыз».

Екінші. Қ.Сәтбаевтың бас болуымен Қазақстан Ғылым академиясы шаңырақ көтерді. Бұл  да қазақ даласында бұрын-соңды болмаған табыс.

Үшінші. Шоқан ғылым көгі­нен ағып түскен жұлдыз болса, Қ.Сәтбаев – әлемдік ғы­лым көгіндегі мәңгілік жұл­дыз. Нақтырақ айтсақ, 50-ші жыл­дар аяғындағы Лениндік сый­лықтың парқы мен нарқы Нобель сыйлығынан еш кем емес еді. Қаныш – Лениндік сыйлықпен марапатталған тұң­ғыш қазақ.

Төртінші. Қ.Сәтбаев тең­дес­сіз таланттардың көзін аш­ты. Бір тобын ғана атасақ – Ш.Шокин, Ш.Есенов, С.Зи­манов, П.Тәжібаева, К.Ақы­шев... осылай жалғаса береді.

Бесінші. Жаңашыл Қ.Сәт­баев теория мен прак­ти­каның, ғылым мен өнді­ріс­тің жаңа салаларын қалыптастырды. Мәселен, ядролық физиканы зерттеу, шоқантану осы кісінің бастамасымен дүниеге келді. Мұны кезінде Ә.Марғұлан да айтқан болатын.  

Алтыншы. Қ.Сәтбаевтың тео­­риялық-практикалық, та­ным­дық-жасампаздық нә­ти­желерге қол жеткізу жыл­дамдығы – ерекше  құбылыс. 10 жыл ішінде (1926-1936) Үлкен Жезқазғанды тиянақтады. Ал­ты жыл ішінде (1940-1946) ғылымда Одақтың ака­де­ми­гі, Қазақстанның акаде­ми­гі, Қазақстан Ғылым акаде­миясының президенті биік­теріне көтерілді, үш жыл ішінде (1955-1958) Лениндік сыйлықтың лау­реаты атанды, бір ай ішінде (1941) марганец кен орнын игерді.

Жетінші. Жиырма жасқа жетпей алашшыл болған Қ.Сәтбаевтың 1937 жылғы қу­ғын-сүргіннен аман қалуы, «халық жауы» ретінде атыл­мауы, тіпті сотталмауы – нағыз құбылыс. «Үлкен террор» Қанышты, Мұхтарды, Әлкейді, Ғабитті жалмап кеткенде, ақын М.Жұмабаев айтқандай, нағыз жетім халық қазақ болар еді-ау.

Қаныш құбылысы Қазақстан барда, қазақ барда уақыттық шектеуді білмейді. Ол кеше де, бүгін де, ертең де ұлт үдесінен, қазір көп айтып жүрген жаһан­дану мен жаңғыру талабы биі­гінен көрінері сөзсіз.

– Адамның қабілет-қа­рымы, Абайдың айтуынша: ата-анадан, ғылымнан, тәр­биеден. Демек, Сәтбаевтың ерекше дарынды болуына нендей себептер түрткі болды деп ойлайсыз?

– ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезінде Ертіс-Кереку-Семей өңірі эко­номикалық, сауда-саттық, әлеуметтік жағынан басқа өлкеден оқ бойы алда тұрды. Абай, Шәкәрімдердің  рухы мен дәстүрі қалыптасты. Әрі сол дәуірде Семей мұғалімдер семинариясы ұлт білімпаздарын даярлаудың нағыз ұстаханасы болатын. Семинария қабырға­сынан Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ә.Марғұландар оқып шықты. Қаныш та осында оқыды. Өкінішке қарай, Семейдегі мұғалімдер семинариясы Қа­зақ­станның мәдени дамуы та­ри­хында әлі күнге өзінің ба­ғасын алған жоқ.

Екінші бір есте болатын дү­ние – Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков Қанышты Том технология институтының про­фессоры М.А.Усовпен таныстыруы. Ол кісі 22 жастағы қарапайым қазақ жігітінің бойынан ғылымға деген талап пен талантты тани білді. Арада 30 жыл өткен соң академик Қ.Сәтбаев өзінің осы ұстазы туралы: «Томдағы сту­денттік жылдарым, менің академик Усовпен бірге өткізген күн­дерім, өмірімде терең, өшпес із қалдырды. Осы бір мейірбан адамға деген алғысым шексіз» деп еске алады.

– Қаныш аға ұлттық зия­лылықтың үздік үлгісі екені күмәнсіз. Ал қазіргі зиялы қауымның  қалыптасуы Қа­не­кеңдер сияқты уақытпен үн­­десіп тұр ма?

 – Зиялы болу дегеніміз – тәрбие мен білімінен, адамның өмірлік ұстанымдары мен жеке басының қасиеттеріне байланыс­ты пайда болатын қазына. Ал Сәтбаев тағылымына қарасақ: зиялылық мәртебесі халқының, елінің мүддесінен һәм үдесінен шыққанда ғана  берілетін болмыс. Қазірдің өзінде кімнің зия­­лы, кімнің зиялы емес екені істеген ісінен көрініп тұрған жоқ па?!

Зиялы қауымның негізгі тобы – ғылым, әдебиет, өнер адамдары. КСРО-дай алып империяның ыдырауы, ға­сырлар тоғысындағы дағдарыс бұларға оңай соқпады. Олар қорғансыздың күнін көре жүріп, елдің, халықтың сөзін сөйлеп, мұңын жоқтағанын ұмытуға болмайды. Қазір өкінішке қарай, осынау қауымның ішінде демагогтар, аттың жемін жеп, тайдың жұмысын істейтіндер де баршылық. Шыңғыс ханды қазақ қылғысы, Абылай ханды мазақ қылғысы келетіндер қаншама? Ендігі міндет – арзан абырой қуғандардың жолын кесу. Ғылыми-шығармашылық топтың ең білікті бөлігі кеңестік жылдары қалыптасқанын да қаперден шығармау керек. Жастар әлі сүбелі өнім-нәтиже бере қойған жоқ.

Зиялы қауымның тағы бір шоғыры – өндіріс саласын­дағы инженер-техниктер, ауыл­шаруашылық мамандары, есепшілер мен экономис­тер. Бірен-сараны болмаса, бұлардың тап қазір белсенділік танытуы мардымды емес. Ал мектеп мұғалімдері, дәрігерлер, мәдени-ағарту қызметкерлері күнкөрістің қамынан аса алмауда. Әскери мамандар мен құқық қорғау жүйесіндегілер зиялы қауымнан тіпті алыс тұр.

Сіз ғалым ретінде соңғы кезде зиялылықтың  мән-маңызы жайында ғылыми негізі бар пікір айтып жүрсіз. Қысқасы, зиялылықтың болмысын әлеуметтік немесе рухани тұрғыдан жіктеп қарауға негіз бар ма?

– Менің өз ұстанымым бо­йынша әрі Сәтбаев тағы­лымына сүйене отырып, зиялы қауымды мемлекеттің, халықтың мүд­десіне қосқан үлесіне қарап: жасампаз зиялы, насихатшы, ұқсатушы зиялы деп жіктеуге болатын сияқты. Мәселен, ұлы суреткер М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясымен интеллектуалды және рухани дүние­міз­ді жаңа белеске шығарды. Қ.Сәтбаев болса Жезқазғанды ашты, Қазақстан ғылым академиясын аяғынан тік тұрғызды. Жасампаз зиялылар деп осындай тұлғаларды айтамыз.

Ал  М.Әуезов пен Қ.Сәт­баев­тың  салған сүрлеуімен алға шыққан педагог, инженер, жазушы, актер, т.б. жетіп-артылады. Бұлар екінші Мұхтар, екінші Қаныш дәрежесіне көтерілмесе де, экономиканың, әлеуметтік инфрақұрылымның, басқа да салалардың қалыпты дамуын, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуімен ілгерілеуге, ұлттың интеллектуалды және рухани-имандық әлеуетіне оң ықпал жасады. Осыларды  ұқсатушы зиялылар тобына жатқызуға болады.

Одан кейін ел заңын сыйламайтындар, ұлт араздығын, діни қақтығыстарды, нәсілшілдікті, рушылдықты, жемқорлықты, парақорлықты қоздыратындар «зиянды зиялы» санатына кіреді.

– Жасампаз зиялы, ұқ­сатушы зиялы деп қал­ды­ңыз. Осылардың қазіргі тәуел­сіздік тұсындағы міндеті туралы пайым айта аласыз ба?

– Сәтбаев заманымен салыс­тырсақ, ойға да, тілге де еркін­дік тиген қоғамда өмір сүру­деміз. Соған қарамастан жасампаз зиялыларға қолдау көрсетіп, жанынан табылудың орнына ұқсатушы зиялылардың көпшілігі үнсіз жүре беретіні, селт етпейтіні жанға батады.

Өткенге көз жүгіртсек, тә­­уел­­­сіздігіміздің алғашқы 8-10 жы­лында зиялылардың екі тобы да белсенді позиция ұстанды. Ма­териалдық-тұр­мыстық қи­ын­­шылықтарды бастан өткізе жү­ріп, кейде тіпті басын қатерге тігіп, қоғамдық-саяси, мәдени, экологиялық, әлеуметтік-эко­номикалық мә­ні зор талай-талай іс-шара­ларға мұрындық болды, бас­тамалар көтерді, игі істер ұйым­дастырды. Халық соларға қарап елеңдеп отыратын.

Соңғы 15-20 жыл зиялы қауымға өкпе-сын айтуға ой­тамызық болуда. Себебі билік пен зиялылар арасындағы тү­сіністік, ықпалдастық, байла­ныс әлсіреп, әрқайсысы өз ақы­лымен әлек. Осыны бай­қа­ған халық биліктегілерге бас изе­генсиді, зиялыларды ұққан­сиды, ал шындығына келгенде өзіне ғана сенетін күйге көш­ті. Абай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар...» деген байлам-тұ­жырымын отарлаушының асығы алшысынан түскен, ұлт­тық билік қауқарсыз, зиялылар мардымсыз заманда айтқан. Өті­рік мақтау, ішке қулық сақ­тау еш нәтиже әкелмейтінін қа­пысыз білгендіктен ескерткен. Ойшыл бабаның мәңгі­лік өсиеті: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос».

– Қазіргі тәуелсіздік тұ­сында орын алып отырған үлкен мәселенің бірі – нағыз зиялыны тани білуге, ла­йық­ты бағалауға тіреліп тұр­ған жоқ па?

–  Зиялыны рухани тұрғыдан бағалау, құрметтеу дәстүрі қа­зақ қоғамында бұрыннан бар дүние. Мысалы, 1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жыл­дығын, 1936 жылы Сәкен Сей­фуллиннің шығармашылық қыз­метінің 20 жылдығын бүкіл қазақ даласы атап өткен.

«Елу жылда – ел жаңа» де­­гендей, бұлардан кейін де Ахаң мен Сәкен, Қаныш пен Күләш­тай құрметтеуге лайық зиялылар шықпай қалған жоқ, тануымыз, мойындауы­мыз кемшін түсіп жатыр. Есесіне атасының есімін ауылға, көке­сінің есімін көшеге беретіндер жер-жерде қоғадай қаптап кетті.

Әңгіме еңбегі еленбей жүр­гендер жайлы ғой. Біреуінің қоғамдық пікірге ерсі көрінетін жүріс-тұрысы, екіншісінің тым жұпынылығы, ашық айтсақ – кедейлігі, үшіншісінің ресми билікке мойын бұрмайтын, жағымпазданбайтын мінезі, төртіншісінің қолдаушы-де­меу­шісінің болмауы оларды өз аты­мен атауға мүмкіндік бер­мей тұр. Кезінде Шәмші, Мұқағали, т.б. осы сипатты себептермен лайықты бағасын алмастан дүниеден өтті. Әзірге билікке жақындардың, қалтасы қалыңдардың сөзі жүріп тұр.

Жалпы зиялысыз ұлт болмайды. Ал оларды қолдан жасау, шен-шекпенін үлкенді-кішілі қызметіне қарай пішу, мәселен, Мемлекеттік сыйлық, орден, атақ дәрежемен марапаттау ме­зеттік қана алданыш. Қанша тыраштансақ та «жаман жақсы болмайды мақтағанмен». Осыны ескере бермейміз-ау...

–  Қазіргі таңда биліктегі­лер зиялы қауыммен жүрдім-бардым санасатын сияқты. Мұндай жағдайдың пайда болуына зиялы қауымның өзі кінәлі емес пе екен...

– Егер де зиялы қауым іс-әрекетте, ұстанымында ішкі бірлігін, тұтастығын жоғалтып алса қиын болады. Оны билік жүре тыңдайтын күйге жетеді.  Оның ауыртпалығын  халық тартады.

Бірақ біздің ғалымдар, ақын-жазушылар, ұлтжанды тұлғалар тіл, жер, дін, кен-байлық, экология, т.б. мәселелер төңірегінде мүлде үнсіз қалып отырған жоқ, селт етпейтіндей меңіреу де емес. Мемлекеттік басқару жүйесіндегілер туралы да осыны айтуға болады. Әрқайсысы өз биігінен, өз ұстанымынан сөйлеуде. Ұлттық мүддеге сәй­кестік сақталмағандықтан кейде қате тиіп жатады. Мәселенің шешілмей, аяқсыз қалуы тың­дайтын құлақ, ұғатын бастың табыла бермеуінен. Шешім қабылдауға өкілеттігі бар билік толғағы жеткен мәселе бойынша шешім қабылдамаса, қоғамды енжарлық жайлайды.

Ұлт өзінен-өзі ояна қой­май­ды, оны оятатын да, ойландыратын да, санасын сауық­тыратын да билік емес, зиялылар. Демек, шынайы зия­лылар қатарын ұлғайту әрі белсенділігін көтеру міндеті алда тұр. Бірінші кезекте ұқсатушы зиялылардың рухын қайта жандандыру ерекше маңызды. Бұлар халықтың қалың ортасында жүргендер.  Кезек күттірмейтін келесі іс – ұлты қазақ, ұстанымы жат «мәңгүрт» зиялыны ояту, дұ­ры­сы ұлт мүддесіне тарту. Араларында қазақылануға бейім тұрғандары баршылық. Қазақтан басқалар әзірге осы­ларға қарап өз болашағы  туралы ой түюде.

–  Қазіргі қоғам заманауи қазақ зиялыларын қалып­тастыру үшін не істеуі қажет?

– Жаһанданудың әсерімен ұлттық ұстанымы бойынша «мәңгүрттен» де өзгешелеу қазақ оқығандары өсіп жатыр. Олардың бір тобы жақсы менен жаманды айырмастан тек баюды көксегендіктен қазақ мәселесіне, Қазақстанның бола­шағына «бейтараптар» болса, екіншілері ахуалдың жайын біле тұра әліптің артын баққан «бақайесеп» топты құрауда. Біреулерінің бүйрегі ұлтжанды зиялыларға, екіншілерінікі «мәң­гүрттерге» тартып тұр­са, «та­рысы піскендердің тауы­ғы­на» айналуға бейімдері тағы бар. Бұл ұлт тұтастығының сыр бергенін айғақтаушы құбылыс.

– Сонда не істеуіміз керек?

– «Бөлінгенді бөрі жейді» деп бекер айтпаған шығар бабаларымыз. Ал Қазақстанның байлығына тұмсығын тыққысы келетін бөрілер аз емес. Бүгінде қазақстандық патриотизм, мем­лекеттік тіл, сапалы білім, бәсе­кеге қабілетті ұлт мәселесі көп айтылып жүр. Осылардың бәрі­нің басын қосатын, ұлттық қауіп­сіздігімізді қамтамасыз етіп, бәрін өрге сүйрейтін әмбе­бап фак­тор – ұлттық идея.

Алпауыт елдер ешқашан ұлттық идеясыз қалған жоқ. Жаһандануға жол салған бұлар енді трансұлттық идея сатысына аяқ басты. Ауғанстан мен Ирак, әлемдік қаржылық дағдарыс – трансұлттық идеяның құрбаны һәм туындысы. Сақ болған жөн.

–  Сіздің бұл реткі айтқан пікіріңізден «болашақ зия­лыны тудыратын дүние – ұлттық идея» дегенді ұғынған сияқты болдық... Дұрыс па?

– Қысқасын айтқанда, тағ­дыры аумалы-төкпелі кезеңге тап болған біз сияқты халыққа  өзінің табиғи, ырғақты даму арнасынан жаңылмау үшін ұлт­тық идея қажет. Әсіресе көпұлтты, көпдінді мемлекетте ұлттық идеяның жөні алабөтен. Егер де экономикасы әлжуаз, халқының әл-ауқаты төмен,  соқтықпалы-соқпақты тағдыр кешені бар халық – ұлттық идея­сын кемелдендірмей жол табуы қиынға соғады. Жарасымды этностық әралуандық әсте-әсте екенін, бұзылуы бір сәт­те екенін КСРО қасіреті айғақ­тады.

Сонымен болашақтан үмі­ті бар Қазақстан сияқты жас мемлекетке бөтеннің уысына түспеуі үшін, жүріп жатқан ішкі-сыртқы үдерістерді ныса­налы-мақсатты әрі тиімді нәти­жемен көмкеруі үшін жан-жақ­ты тиянақталған ұлттық идея ауадай қажет.

ХХ ғасыр басында Алаш зиялылары ұлттық идеяны не­гіздеудің тамаша үлгісін көр­сетті. Бастапқыда оның мә­нін, мақсат-міндеттерін «Оян, қазақ!» формуласымен дәйек­тесе, империя күйрей бас­та­ғанда «Қазақ автономиясы» ұлттық идеясын дүниеге әкелді. Тоталитарлық тар қапаста ұлт­тық идея формуласын түзу мүм­кін болмағандықтан әр саланың нартұлғасы – ұлттық идея символдары тарихи миссияны өз мойындарына алды.

Мысалы, ғылымдағы ұлт­тық идея символы Қаныш Сәт­баев еді. Саясаттағы ұлт­­тық идеяның символы Д.Қонаев пен Ж.Тәшенов. Әде­биетте – М.Әуезов осылай жал­ғаса бе­ре­ді. Бұлар ісімен, тағ­дыры­мен, тағылымымен бірде ашық, бірде жасырын түрде ұлт­тық идеяны санаға сіңірді. Түп­теп келгенде, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қа­зақстан Рес­публикасы тәуелсіздігінің жариялануы – «Қазақ автономия­сы»  ұлттық идеясының салтанаты. Дегенмен мемлекеттік деңгейде ұлықталған ұлттық идеясыз өткен кеңестік 74 жыл қазақтың этностық, рухани, имандық, т.б. тұтастығына, бір­­лігіне, сәйкестігіне сызат түсірді.

Бүгінде жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан ғайыптан пайда бол­мағанын, ежелден қазақтың елі екенін, Шоқандай, Абайдай, Қаныштай алып перзенттері болғанын тілі, діні бөтендерді былай қойғанда, өзіміздің қан­дастарымызға ұғындыра алмай келеміз. Басқа-басқа, тіпті тәуелсіздік тұсында дүниеге келген қазақ баласының қазақ­пен қазақша сөйлесе алмайтыны осыдан. Отарлау мен тоталитарлық қыспақтан туын­даған құлдық сананы азат сана толық ығыстырды деп те айтуға ауыз бармайды.

Ұлттық тұтастық сыр бер­­ген ортада ұлттық идеяны табу зиялы қауымның мой­нын­дағы аманат болса, оны жүзеге асыру міндетін мемлекет өз құзырына алғаны жөн. Мұнсыз басқа дінді қабылдаған, батысшылданған, трайбализм сырқатына шалдыққан қазақтар, Қазақстанды Отаны ретінде қабылдағысы келмейтін диаспора өкілдері ахуалды ушықтырып жіберуі мүмкін. Осы орайда «Мәңгілік ел» ұлттық идеямыз «Қазақ елі. Азаттық. Бірлік» үштағанымен бекемделсе, Сәт­баев тағылымы жадымызда әрқашан жаңғырып тұрса жөн еді деген ой келеді көкейге. Өйт­кені Сәтбаев тағы­лымы – қазақ зиялысының темірқазығы.