Аймақтар • 11 Шілде, 2019

Жеңсік жеміс – жүзім

657 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбексүйгіш бағбан оны теріскейге жерсіндірумен талмай айналысып келеді. Ыстықты сүйетін жүзім негізінен тропикалық, субтропикалық жеміс саналатындықтан, оны өсіруге теріскейліктер тәуекел ете бермейді. Халық жеміс-жидекті өздері еккеннен гөрі, сауда нүктелерінен сатып алғанды қолайлы көреді.

Жеңсік жеміс – жүзім

Алайда, петропавлдық Владимир Должниковтың саяжайында өзге жеміс-жидектермен қатар, шырмалып өсетін жүзімдік самсап тұр. Сұрыбына қарай дәмі тіл үйіретін жемістің қызылы да, жасылы да, қарасы да, ақшылы да, күлгіні де, қызғылт-сарысы да кез­деседі. Бұрынғы ұшқыш, бүгінде маң­дай терін төгіп, нәпақасын жерден теріп отыр­ған тәжірибелі бағбан алғаш­қы жүзім көшетін осыдан отыз жыл бұ­рын отыр­ғызыпты. Содан бергі аралық­та жүзім­дік шаруашылығын қалыптас­тырып, та­биғаты қатал өңірде де мол өнім алуға болатынын дәлелдеп жүр.

– Жүзім – інжір, құрма секілді адам ағзасына өте пайдалы. Құрамында дәрумен көп. Көздің көруін жақсартады, бүйрек, демікпе кеселдеріне бірден-бір ем. «Алматы-9», «Велес» сұрыптары өте тәтті. «Гагаринский» деп аталатын түрі тез пісіп-жетіледі. Жүзімдердің дені қоңыржай ауа райына бейімделген. Соңғы кездері барынша ерте пісетін сұрыптарды аудандастырып, пісуі ұзақ уақытқа созылатын түрлерінен бас тартуға тура келді. Өйткені жаз маусымының қалай болатынын болжау күрделеніп барады.

Аяқ асты күн райы күрт бұзылып, соңы қара суыққа ұласатын кездер болады. Былтыр саяжайларды қарғын су ша­йып, қиын жағдайға тап болғанымыз бар. Сондықтан барлық мүмкіндіктерді жан-жақты ескеруге тырысамыз, – дейді ол.

Бағбан жүзімнің ерекше бап тілей­тінін, дұрыс күтім жасалса бір ағаш жарты ғасырға дейін жеміс беретінін айтады. Бір түптен 30 килоға дейін өнім алған кездері болыпты.

Жүзімнің түбін ашу мерзімін дұрыс білгеннің маңызы айрықша. Тамыры әлсіз келетіндіктен, үсік шалуы, болмаса шіріп кетуі ықтимал. Бұтақтары жиілеп кетсе, жеміс беруі нашарлайды. Ең бас­тысы, Владимир Должников химиялық ты­ңайтқыш қолданбайтындықтан, жүзім­дері экологиялық жағынан таза. Отбасы­нан артылған жемісті шарап әзірлеуге жұмсайды.

 Петропавлдық бағбанның саяжа­йында Германияда, Жапонияда өсетін өсімдіктер де бар.

– Таза өнім алғың келсе, жер өңдеумен шұғылдан, ерінбе. Бабын тапқанға Жер-ана қашанда жомарт. Жүзімнің түрлері мен сорттарын зерттейтін ампелография ғылымын бір адамдай меңгеріп алдым. Жерлестерімнің жүзім шаруашылығымен айналысуын қалар едім. Ол үшін тәжіри­беммен бөлісуге дайынмын, – дейді қарт бағбан.

 

Солтүстік Қазақстан облысы