Руханият • 17 Шілде, 2019

Түркінің түп негізі – қазақ

1152 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бұл мәселеге Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінде алғаш рет назар аударылып, баға берілді. Мұнда байырғы Қазақ атамекені тұрғындарының өмір тіршілігі көп салалы және өнегелі болғаны өте орынды сипатталған. Елбасының аталмыш бағдарламасында: «Қазақстан – түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» . Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне таралған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үрдістеріне елеулі үлес қосты», – деп жазды.

Түркінің түп негізі – қазақ

Елбасының бұл пайымын халқымыз­дың белгілі бір этномәдени шарттарына сүйеніп айтқандығы байқалады. Қара шаңыраққа иелік жасау үшін, біздіңше, бірнеше шарттары болуы қажет. Соның бір шарты – тұрғын ұлттың өзіндік Орта­лық Азия аймағында мекен еткен байыр­ғы ата-бабаларынан бері ұзақ уақыт үзіліс­сіз ұрпақ жалғастығы болу керек. Екін­ші­ден, иелік жасайтын тұрғынның этно­лингвистикалық тарихы мыңдаған жыл­дар бойы түркі тілінің негізінде болуы жөн. Содан кейін, бүгінгі таңда мұн­дай халықтың өзіндік дара, егеменді, таны­мал мемлекеті болуы қажет. 

Жоғарыда айтылған шарттардың та­лап­­­­тарына сай түркі халықтарының қара ша­ңы­рағына иелік жасау реті бұл күн­де қазақ халқына ғана лайықты орын бо­лар деген пікірдеміз. Бұл жайдың то­лық дәлелін қазақ халқының төрт мың жыл­дық тарихынан (ж.с.д. XXғ.-ж.с. XXғ.) ай­қын көре аламыз. Және мұншама ұзақ тарих жо­ға­рыдағы шарттарға толық жауап бере алды.

Бүгінгі жеріміздегі археологиялық із­де­­ністерге қарағанда, байырғы Қазақ ата­мекенін алғаш қоныстанған адам өмі­рі палеолит заманынан, яғни тас дәуі­­рі­нен бастау алғаны айқын болып отыр. Жал­пы, байырғы Қазақ жерінен табылған тас құ­ралдардың формасы және оларды тех­нологиялық жасау әдіс­тері сол заман­ның Еуразия мен Афри­ка­­дағы дайындау әдістерімен өзара бір­дей бол­ғаны күдік тудырмайды. Мұн­дай тас құрал­дар­дың өзара ұқ­сас­тық­тары байыр­ғы Қазақ атамекеніндегі тұр­ғын­дар­­мен аталмыш өңірлердегі адам­дар­дың тұрмыс-тіршілігі бір мер­зімде болған­дығын айғақтайды. 

Бұл арада бір ескерте кететін жайт сол, байырғы Қазақ атамекен тұрғын­дары­ның бір ерекшелігі олардың өмір тіршілігінің, қоғамы тас дәуірден бастау алып, одан кейін жез, қола, ежелгі темір, антикалық және Түркі қағанаты арқылы үзіліссіз даму сатыларынан өткендігі аян болып отыр. Ең бастысы, байырғы Қазақ атамекеніндегі тұрғындардың ұр­пақтар жалғастығығы 4-5 мың жыл бойы үзілмеген.

Бұл жайдың нақтылығын Қазақ­стан­ның палеоантропология материал­дар­нан, яғни көне заман адам сүйек­терінен, еркін байқауға болады. Сон­дықтан байырғы Қазақ атамекен тұр­ғындарының алғашқы антропологиялық анықтамасын неолит пен энеолит дәуірі­нен (5-7 мың жыл бұрын) бастауға болар еді. Бірақ бұл дәуірге байланысты жер­гілікті тұрғындардан қал­ған адам сүйектері өте аз. Дей тұрсақ та, олардан алынған негізгі краниологиялық көр­сеткіштерге және дәуірлес көрші елдерден табылған сүйектерге қарағанда, ол кездегі Қазақстан тұрғындарына тек көне еуропеоидтық ерекшеліктер ғана тән екені белгілі болып отыр.

Осы жайларға орай, байырғы Қазақ атамекеніне байланысты тұрғындардың антропологиялық сипаттамаларының қола дәуірінен, яғни ж.с.д. XX-XI ға­сыр­лардан басталғаны орынды болып саналады. Өйткені аталмыш өңір­де тұрақты қалыптасқан жергілікті тұрғын­дардың бұл дәуірдегі көптеген этномәдени ес­керткіші сақталып қалған.

Қазақстан бойынша қола дәуірін краниологиялық (адам бас сүйектерін) зерттеулердің нәтижелеріне қарағанда, ол кездегі жергілікті тұрғындар екі жы­ныс бойынша анықталған аталмыш дәуір­дің тұрғындарының морфологиялық құры­лымдары толығымен көне еуро­пеоид расасына жататындықтары айғақталды. Бұлардың бас пен бет сүйектеріндегі не­гізгі морфологиялық ерекшеліктеріне назар салатын болсақ, онда олардың бас формасы орташа жұмыр, ал бет биік­тігі аласа, ені жалпақ, көз ұялары­ның фор­масы төртбұрышты және аласа келеді. Мұрын сүйектерінің бұрышы өте жоғары, яғни жалпы қыры қоңқы түріне жатады. Осы және басқа морфологиялық ерек­шеліктерін қосып алып қарағанда, байыр­ғы Қазақ атамекенінің қола дәуірі тұрғы­дан антропологиялық сипаттары жағынан то­лы­ғымен көне еуропеоид тектестер ғана болған деп айтуға то­лық ғылыми не­гіз бар. Аталмыш раса қола дәуірінен бас­­тап барлық көне тари­хи дәуірлерден орта ғасырдың соңғы кезеңіне дейін және Қазақ Елінің бү­кіл тұрғындары ара­сында тұрақты расо­генездік рөл ат­қар­ған. Өйткені байырғы Қазақ атамекен тұр­ғындарының қола дәуі­ріндегі антро­пологиялық негізін тек қана көне еуропеоид расасы құраған.

Сонымен қола дәуірінің палеоант­ро­пологиялық материалдарын негіз етіп, мұны базалық даму орнына алуға толық мүмкіндік барлығына назар аудардық. Ендігі мәселе бұл антропологиялық мас­­сив қаншалықты көне Қазақстанның этно-тарихи дәуірлерінде, яғни қола дәуірі­нен бастап, содан кейін ежелгі темір, антикалық, ортағасыр мен бүгінгі қазақ­тарға шейін этноантропологиялық әсерін сақтап қалғандығының сырын ашу болып табылады. Осыған орай, ба­йыр­ғы Қазақ атамекенінің қола дәуі­рі­нен кейінгі замандарға жататын тұр­ғын­дар­дың краниологиялық серияларына назар аударғанды жөн көрдік. Отан тарих­намасындағы археологиялық зерттеулерде аталмыш дәуірден кейін оның орнын тарихи алмастырған ежел­гі темір дәуірі (ж.с.д. Х-ІV ғғ.) болып са­налады. Қазақстан бойынша атал­мыш екі дәуірдің тұрғындары өзара қан­шалықты антропологиялық жақындықта болғанын олардың краниологиялық се­рия­ларындағы морфологиялық ерек­шеліктеріне қарап нақты айтуға болады. Осы бағытты басшылыққа алып ежелгі темір дәуіріне жататын жергілікті тұр­­ғын­дардың краниологиялық серияларының морфологиялық анықтамаларына назар аударатын болсақ, біріншіден, бұлар бұрынғыдай көне еуропеоид тектестер қатарына жататыны көрінеді. Екіншіден, олар қола дәуірінің краниологиялық серия­ларымен өте жақын морфологиялық ұқ­састықта, яғни бұлардың өзара гене­ти­калық жалғастықтары бар деген сөз. Сонымен қатар ежелгі темір дәуірі тұр­ғын­дарының екі жынысы бойынша кра­ниологиялық серияларында азиялық раса ұшқынының әсері барлығы едәуір анық байқалады. Шамасы ж.с.д. V ғасырдан бастап Орталық Азияның азиялық тай­па­­ларының өкілдері байырғы Қазақ ата­мекеніне кірмелік жасап, жергілікті тұр­ғын­дармен араласа бастағаны байқалады. Бірақ, шығысазиялық раса өкілдерінің жергілікті араласу үрдісі онша ықпалды емес, яғни деңгейі жоғары болмағандығы көрінеді. Бұл жайдың қарым-қатынасын анықтау үшін кезінде профессор Г.Ф. Дебецтің (1968 ж.) ғылыми айналымға енгізген биостатистикалық әдісін, яғни еуропеоид пен моңғолоид өкілдерінің өзара араласқан метистік топта моңголоид элементінің шартты үлесін анықтау формуласын пайдаландық. Сонымен аталмыш пайдаланған әдістеменің нәтижесіне қарағанда ежелгі темір дәуірінің байырғы Қазақ атамекені тұрғындарының кранио­ло­гиялық сериясында моңғолоид, яғни азиялық раса элементінің шартты үлесінің көлемі шамамен 15%-дан аспайтындығы анықталды. Осы алынған анықтамаға сүйенсек, байырғы Қазақ атамекенінде бұл ең алғаш басталған метистену үрдісі болып саналады. 

Осы арада ескерте кететін жайт, ол қазақтардың байырғы ата-бабалары бұл мерзімге дейін көне еуропеоид бейнесі ешбір өзгеріссіз және бөгде тайпалардың биологиялық қоспасынсыз мың жарым жыл бойы, яғни 15 ғасыр шамасында өз жерінде тұрақты сақтап мекен еткен.

Аталмыш дәуірлерде байырғы Қазақ мекенінде расалық араласу процесі қалай өрбіп өскенің анықтау үшін профессор Г.Ф.Дебецтің формуласы арқылы мысқалдап кірмелік жасаған моңголоид элементінің үлесін шығаруды жөн көрдік. Бұл әдістемені байырғы Қазақ атамекен­нен жиналған краниологиялық серия­ларға қолданып, одан алынған нәтижелер 1-суретте беріліп отыр. 

Беріліп отырған биостатистикалық иллюстрацияға қарағанда, көз тартатын жай ол байырғы Қазақ атамекенінде жергілікті көне еуропеоид тайпаларының этноантропологиялық ұрпақ жалғастығы 40 ғасыр бойы үзілмейтіндігін айғақтайды. Сонымен қатар 20 ғасыр бойы еліміздің этнотарихи дәуірлерінде кірмелік жасап келген азияттық расаның жалпы үлесі 70 % аспағандығын байқатады. Сөй­тіп бұл күнде қазақ халқының антро­по­­­ло­гиялық бейне құрылымының көне­лі­гі­нің ерекшелігі сонда, оның байыр­ғы ата-ба­баларының 1/3 үлесі тайға таң­ба бас­қандай сақталып қалған. Ата-баба­лары­­­мыздың бұл антропологиялық ерек­ше­ліктері «мен қазакпын» деген адам­ның бір тал шашында, бір тамшы қанын­да, бір азу тісінде, аяқ тұрқында т.б. мор­фо­логиялық және физиологиялық ерекшелік­терінде сақталып қалғаны аян болып отыр.

Аталмыш әдістемеден басқа, қазақ халқы өзінің жерінде және елінде туған ата-бабаларымен төрт мың жыл бойы ұрпақтар жалғастығы үзілмей тұрақты түрде бүгінгі Қазақстан жерінде өмір сүріп келе жатқанын мына бір төмендегі графикалық сурет арқылы да дәлелдеуге толық мүмкіндік бар.

Алдымен мына жайға назар аудар­ған­ды жөн көрдік. Ол бүгінгі қазақ хал­қының 4 мыңжылдық антрополо­гия­лық қалыптасу жолдарын байырғы Қазақ атамекен тұрғындарының дәуірлік және мыңжылдық даму сатылары арқылы да көруге мүмкіншілік бар. Сондықтан атал­мыш аймақ тұрғындарының бас сүйек құ­ры­лымының ерекшеліктерін тек этно­мәдени дәуірлер бойынша ғана қа­рап қоймай, сонымен бірге әрбір мың­жыл­­­дықта қандай өзгерістерге ұшыра­ға­нына да назар аударып анықтауды ғы­лы­ми тұрғыдан орынды деп ұйғардық. Өйт­кені байырғы Қазақ атамекенінен жинал­ған краниологиялық материалдар ж.с.д. ХХ ғасырдан бастап, кешегі өт­кен ХХ ғасырға дейін үзіліссіз мер­зім­ді, яғни 4 мыңжылдық уақытты қам­­­тиды. Аталмыш мыңжылдықтарға орай кра­ниологиялық сериялардың екі жы­ныс бойынша әрқайсысын жеке-жеке және сериялардың ғылыми бағдар­ламалық мәнін арттыру үшін осы екі жыныс серияларын қосып алып та қарадық. Осы мақсатпен Г.Ф. Дебецтің әйелдер бас сүйегінің өлшемдерін ерлер өлшемдерімен теңестіруге ұсынған теңдік коффиценттерді пайдаланып шартты краниологиялық кесте жасалды. Сөйтіп байырғы Қазақ атамекенінің барлық та­ри­хи дәуірлері бойынша жиналған кра­нио­логиялық материалдар ортақ жүйеге топ­тастырылды. Жоғарыда айтылған жын­ыс ерекшеліктері мен этномәдени дәуір­лер және мыңжылдық хронологиялық мер­­зім ескеріле отырып, бас сүйектің ток­­со­­номиялық мәні жоғары бірнеше кра­­нио­­ло­гиялық өлшемдердің яғни бет сүйек биіктігі, жақ сүйек ені, назо-маляр бұры­шы, зиго-максилляр бұрышы, мұ­рын сүйек бұрышы т.б. морфологилық анық­­­тамалар бойынша бірнеше арнайы гр­а­­фиктер сызылды. Олар­дың барлығы біз­­дер­­дің еңбектерімізде жария етілген («Про­ис­хождение казахского народа. По дан­ным физической антропологии. Ал­­маты, 2017. -196 с.). Бұл арада атал­мыш анық­­тамалардың төрт мың жыл­дық этно­­мәдени дәуірлік және мың­жыл­дық даму саты­ларының барлық гра­фи­ка­лық сурет­­терін газет бетінде беруге мүм­кін­ші­лік бол­мағандықтан бір ғана бет сү­йе­­гінің жа­зық­тығының даму сатысын ұсы­нып отырмыз. Бірақ барлық аталмыш бас сүйек анық­­та­ма­ларының төрт мың жыл бойы даму сатылары бір бағытта ғана болған­ды­ғын ға­­жайып құбылыс деп санаймыз (2-сурет).

Жалпы, беріліп отырған графиктердегі краниологиялық даму сатыларына қара­ғанда, қола дәуірінен бастап бүгінгі за­манға дейін ешбір генетикалық үзіліссіз дамыған және басқа бір тарихи бағытқа толқымай тек бір ғана расогенетикалық аспекті бойынша дамыған этномәдени үрдістер бар, бұл – мыңжылдық даму арқылы қазақ халқын қалыптастырған бірыңғай морфологиялық құрылым болып саналады. 

Сонымен, төрт мың жыл бойы байырғы Қазақ атамекенінде бұл морфологиялық анықтамалардың дәуірлік өзгерістердің негізгі бағыты әр саққа бұрылмай, өзін­дік табиғи палеоантрпологиялық заңдылық­тармен өтуі тек қазақ халқына ғана тән кранио­логиялық құрылымды өмірге әкел­ген. Жалпы, бүгінгі Қазақ Елінің этноге­нетикалық өзегі мен мәйегін төрт мың жыл бойы туған ата-балалары арқасында сақтап қалған тек бір ғана ұлт, қазақ ұлты, деп ашық айта аламыз.

Қазақстан жеріндегі төрт мыңжылдық кранио­логиялық даму ерекшеліктері анық­тал­ғаннан кейін, бүгінгі қазақ халқы­­ның морфофизиологиялық құрылым­дары­ның этникалық ішкі бірлестігі мен тұтастығына назар аударғанды жөн көріп отырмыз. Өйткені байырғы ата-бабалары сияқты бүгінгі қазақтардың да аймақтар мен жүздерге бөлінбейтіні және өзіндік антропологиялық статусы болуға тиіс. Өткен ХХ ғасырда 30 жыл бойы қазақ халқының арасында арнайы жүргізілген кешенді зерттеулерге, яғни соматологиясына, қан жүйелеріне, тіс морфологиясына, саусақ және алақан тері бедерлеріне, бас сүйек морфологиясынан т.б. алынған анық­тамалардың нәтижелеріне қарағанда, ту­ған халқымыз морфофизиологиялық тұр­­ғы­­дан толық ажыратылмайтыны мәлім болып отыр. Сонымен бүгінгі қазақ хал­қы­ның мор­фо­физиологиясының ерек­ше­­лік­тері байырғы ата-бабаларының ерекшелік­тері­мен толық қабысқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Сонымен қатар барлық кешенді антропологиялық зерт­теу­лерге қарағанда, қазақ халқының ішкі бірлігі (гомогендегі) сондай, оны айма­қ­тарға және субэтникалық топтарға (жүз­дерге) бөлудің ешбір мүмкіншілігі жоқ.

Бүгінгі қазақ халқының антропология­лық бірегейлігі мен тұтастығын оның тіл жүйесінен де көре аламыз. Өйткені қазақ тілі­нің ортақтығы сондай, бұл тілде диа­лекті жоқ, ал бар болғаны тек говор ғана.

Жалпы, қазақ ата-бабаларының ж.с.д. І мың­жылдықта түркі тілінде сөйлегендері бұл күнде мамандар арасында күдік тудырмайды.

Ал бүгінгі егемен қазақ халқының мем­ле­кет­тік басқару жүйесі соңғы 27 жыл кө­лемінде 170 мемлекетпен ке­шенді қа­рым-қатынас жасау деңгейіне көтерілді. Бұл – халқымыздың тарихында танымал­дық­тың алғашқы бірегей көрінісі болып саналады.

Жоғарыда келтірілген барлық анық­тама­ларды, сайып келгенде, бұл күнде түркі халықтарының Орталық Азия айма­ғын­дағы қара шаңырағына иелік жасау, негізін­де, қазақ халқының үлесінде деген бір­ден-бір дұрыс шешім болатынын көр­сетеді. Мұндай шешімнің түркі халық­тары­ның келешегі айтарлықтай баянды болуына мол әсері болар деген үміттеміз.

Мақаламыздың соңында бүгінгі заман түркі халықтарының оқырман қауымы­ның алдында этномәдени мәртебесі жоға­ры тарихи жайға байланысты бір ұсынысты айтқанды жөн көріп отырмыз. Ол бүкіл түркі халықтарының ата-бабаларынан сақталып қалған Еуразия масштабында дара түркітілді сақ тайпасының дара қабірінің үстіне 2010 жылы Мәңгілік Ел аркасы салынған болатын. Негізінде, мұндай ескерткіш тек бір ғана Қазақ Елінің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында ғана бар. Бұл күнде Мәңгілік Ел аркасының астында жатқан қабірдің ж.с.д. VII-VI ғасырларға жататынын ескере отырып айтатын болсақ, түркі халықтарының тізе бүгіп, бас иетін киелі ата-бабаларының қабірлерінің бірі ретінде әлемге танымал болса екен. Бүгінгі түркі қауымына жасап отырған бұл ұсыныс оңға басса, түркі әлемінің рухы мен бірлігі әрқашан жоғары болары хақ!

Оразақ СМАҒҰЛОВ,
ҰҒА академигі,
Болония Ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі (Италия)
Айнагүл СМАҒҰЛОВА,
антропология саласының аға ғылыми қызметкері