Аймақтар • 17 Шілде, 2019

Сенаторлар Оралдағы өндіріс орындарын аралады

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келген Парламент Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Орал қаласы аумағындағы өндіріс орындарында болды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сенаторлар Оралдағы өндіріс орындарын аралады

Алдымен индустрияландыру картасы аясында ашылған Орал трансформатор зауытында болып, жұмыс қарқынын бағамдады. Өндіріс орны биыл 9 мың трансформатор шығаруды жоспарлаған болатын. Қазір мұнда 300-дей жұмысшы үш ауысыммен жұмыс жасайды. Жыл соңына дейін зауытқа қосымша цех салынып, қызметкерлер санын 800-ге дейін арттыру көзделуде.

«Жұмысшылармен тілдестік. Жалақылары орташа есеппен 170 мың теңге. Зауыт болашақта индустриалдық колледжді сенімгерлік басқаруға алып, өздеріне қажетті кадрларды даярлауды қолға алмақ. Жұмыс орны көбейтіліп, салықтық база ұлғайтылады. Сондай-ақ өнімдерінің 90 пайызы экспортқа шығарылады. Бұл да қуантарлық жағдай», - деді Парламент Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев.

Сенаторлар жұмыс сапары барысында «Болашақ-Т» серіктестігінде болып, комбинаттағы жұмыстың толыққанды атқарылып жатқанына көз жеткізді. Қазір мұнда 66 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 150-160 мың теңге. Комбинат жылына 50 мың шаршы метр панелді үй материалдарын жинақтап отыр. Биыл компания Орал қаласы бойынша жалпы аумағы 27 мың шаршы метр болатын төрт көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсырды. Жыл соңына дейін тағы үш үйдің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Комбинаттағы құрылыс материалдарының 70-80 пайызы отандық өнім. Тек темір сымдарды ғана Ресейден алып отыр.

Серіктестік басшысы Асқар Кущанов депутаттарға комбинат қызметін таныстыра келіп, құрылысқа қажетті қиыршық тас Ақтөбеден жеткізілетін болғандықтан, бағасы жол-көліктік тасымалға байланысты екі есе қымбатқа шығатынын жеткізді. Сол себепті комбинаттың құрылыс материалдарының өзіндік құнын түсіруге мүмкіндік болмай тұр.  

«Өңірде тұрғын-үй құрылысы қарқынды. Оған сұраныс та жоғары. Панелді материалдармен дайындалған үй монолит үйлерге қарағанда тез салынады. Тиісінше, халықты тезірек баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Комбинат басшылығының көтеріп отырған мәселесін біз Үкіметке жеткізетін боламыз», - деді сенатор Нариман Төреғалиев.

Сонымен қатар депутаттар «Атамекен» қалалық балалар туризмі және экология орталығында болып, табиғат аясындағы балалар лагерінің жұмысымен танысты.