Аймақтар • 23 Шілде, 2019

Киікті қорғаған тағы бір инспектор қайтыс болды

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Ақмола облысында киікті қорғаған екі инспекторға оқ тиіп, біреуі қайтыс болды.

Киікті қорғаған тағы бір инспектор қайтыс болды

«23 шілдеде шамамен сағат 11.00-де «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізген және киік ату фактісін анықтаған. Заң бұзушылардың ізіне түскенде 10 өңірге – Қостанай облысына тиесілі ақ түсті «Нива» маркалы автокөліктен (мемлекеттік нөмірі белгісіз) оқ атылып, екі инспектор жарақат алды», - деп жазды АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.

Инспекторлардың біреуінің жағдайы өте ауыр деп хабарланған еді. Баспасөз хатшысының мәліметінше, инспектор оқ жарақатынан қайтыс болды. 

«Державинск қаласының аудандық ауруханасына жеткізілген «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК инспекторы оқ жарақатынан қайтыс болды. Екінші инспекторға сол ауруханада ота жасалып жатыр», - деп жазды ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.

Ақмола облысы Жарқайың ауданының полиция бөлімі күдіктілерді іздеп жатыр, оларды ұстау жоспары жарияланды.

Браконьер қолынан қаза тапқан «Охотзоопромның» инспекторының соңында 4 баласы қалды. Бұл туралы еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлайды.

Қаза тапқан инспектордың аты-жөні – Қаныш Серікұлы Нұртазинов. 1976 жылы 24 қаңтарда дүниеге келген. Нұртазинов «Охотзоопром» мекемесіне 2016 жылы 5 қаңтарда жұмысқа алынған. Марқұмның соңында 3 қызы мен 2011 жылғы бір ер баласы және жұбайы қалды. Қазіргі уақытта марқұмның мәйітін туған ауылына жеткізу мәселелері талқыланып жатыр. 

Министрліктің хабарлауынша, жарақат алған екінші инспектор Оспанов Самат Көшбергенұлы 1975 жылы Ақмола облысында туған. Білімі орташа арнаулы, заңгер. Қазіргі таңда Саматқа Державинск аудандық ауруханасында операция жасалып жатыр.